Грузия пластик бөтелкеге тыйымды 2031 жылға қалдырды
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе үкімет пластикалық бөтелкелердегі сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға қатысты ереже енгізуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің аймақтағы тілшісі.Оның айтуынша, шектеулердің жаңа мерзімі 2031 жылдың 1 ақпанына ауыстырылып, бастаманы іске асыру төрт жылға кейінге қалдырылды.
Ираклий Кобахидзе пластик тұтынуды азайту қоршаған ортаны және қоғам денсаулығын қорғау үшін маңызды екенін, бірақ бұл саясатты іске асыру экономикалық факторларды, соның ішінде бизнес мүдделерін және бағаның өсуін тежеу қажеттігін ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын атап өтті.
- Пластикалық затты тұтыну адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да қауіп төндіреді. Бұл бағытта маңызды қадамдар жасалды және бұл процесс жалғасады. Алайда, біз бизнес мүддесі мен оның бағаға әсер етуін, тағы басқа факторларды ескеруіміз керек. Бизнес қауымдастығының өкілдерімен белсенді кеңестерден кейін тиісті ереже енгізуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды, - деді премьер-министр.
Фото: kaz.inform.kz










