Кене шаққаннан кейін 15 минутта жұғуы мүмкін: АҚШ-та Повассан вирусы көбейді
Мамандардың айтуынша, Повассан вирусы орталық жүйке жүйесін зақымдап, энцефалит немесе менингитке әкелуі мүмкін.АҚШ-та кене арқылы таралатын сирек, бірақ аса қауіпті Повассан вирусын жұқтыру жағдайлары соңғы он жылда айтарлықтай артқан. Мамандар инфекцияның өсуін климаттың өзгеруі мен кенелердің таралу аймағының кеңеюімен байланыстырып отыр.
The Washington Post басылымының мәліметінше, 2015 жылы АҚШ-та Повассан вирусын жұқтырудың небәрі 7 жағдайы тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 76-ға жеткен. Бұл туралы АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) деректеріне сілтеме жасалды.
Нью-Йорк университетінің медицина мектебінің жұқпалы аурулар жөніндегі клиникалық ассистенті Кэтрин Валентиннің айтуынша, симптомдары байқалған науқастар арасында өлім-жітім деңгейі шамамен 15%-ды құрайды. Ал аман қалғандардың жартысына жуығында есте сақтау, сөйлеу, жүру және тамақтану қабілетіне әсер ететін ұзақ мерзімді неврологиялық асқынулар дамиды.
Мамандардың айтуынша, Повассан вирусы орталық жүйке жүйесін зақымдап, энцефалит немесе менингитке әкелуі мүмкін. Аурудың негізгі белгілеріне сананың шатасуы, қимыл-қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, құрысулар және сал ауруы жатады.
Бұл вирустың тағы бір ерекшелігі – оның өте жылдам жұғуы. Егер Лайм ауруының қоздырғышы ағзаға енуі үшін кене денеге 16–24 сағат жабысып тұруы қажет болса, Повассан вирусы кене шаққаннан кейін небәрі 15 минут ішінде адам ағзасына енуі мүмкін.
Сарапшылар инфекцияның көбеюін климаттың жылынуымен байланыстырады. Жылы әрі ылғалды ауа райы кенелердің белсенділік маусымын ұзартып, олардың наурыздан қарашаға дейін таралуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, жұмсақ қыс кенелер қоректенетін кеміргіштер мен бұғылар санының көбеюіне ықпал етіп, вирустың жаңа аумақтарға таралуын жеделдеткен.
Қазіргі уақытта Повассан вирусына қарсы арнайы ем де, вакцина да жоқ. Дәрігерлер ауыр науқастарға демеуші ем жүргізіп, қажет болған жағдайда көктамыр арқылы сұйықтық енгізу, тыныс алуды қолдау және басқа да медициналық көмек көрсетеді. Кей жағдайларда мидың қабынуын азайту үшін стероидтық препараттар қолданылады. Ал ұзақ мерзімді асқынуларға тап болған науқастарға физикалық және когнитивтік оңалту ұсынылады.
Ақпарат көзі: baq.kz
Фото: baq.kz










