Оңтүстік Корея 2035 жылға дейін төмен орбиталы спутниктік байланыс желісін құрады
Тиісті жоспарды Кореяның аэроғарыш агенттігі (KASA) Чинджу қаласында өткен жоғары технологиялық салаларды дамыту жөніндегі ашық брифинг барысында таныстырды. Стратегияны сол күні Президент Ли Чжэ Мённің төрағалығымен өткен Ұлттық ғарыш кеңесі бекітті.
Агенттіктің мәліметінше, жаңа жоба елдің спутник пен зымыран-тасығыш өндірісін дамытуға серпін береді. Осылайша Оңтүстік Корея SpaceX компаниясының Starlink жүйесіне ұқсас өз ұлттық спутниктік байланыс желісін қалыптастыруды көздеп отыр.
KASA басшысы О Тхэ Соктың айтуынша, қазіргі таңда жетекші ғарыш державалары ұлттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы егемендікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ болашақтағы 6G технологияларының негізін қалыптастыру мақсатында төмен орбиталы спутниктік желілерді дамытуға басымдық беріп отыр.
Жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін орбитаға 128-ден 512-ге дейін спутник ұшырылады. Жобаның бастапқы құны кемінде 4 триллион вонды (шамамен 2,62 миллиард АҚШ доллары) құрайды. Кейін бұл бағытқа әр бес жыл сайын 13,2 триллион вонға дейін инвестиция салу жоспарланған.
Сондай-ақ үкімет спутниктер арқылы жиналған деректерді коммерциялық мақсатта сатумен айналысатын арнайы бірлескен компания құрады. Ондағы үлестің 70 пайыздан астамы жеке секторға тиесілі болады. Болжам бойынша, бұл компанияның жылдық табысы 2034 жылға қарай 1,7 миллиард АҚШ долларынан асады.
Бұдан бөлек, KASA Оңтүстік Кореяның алғашқы Айға қону миссиясын 2032 жылдан 2030 жылға ауыстыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жаңа буындағы зымыранды күтпей-ақ, жеке сектор әзірлейтін шағын қону модулі үш сатылы «Нури» зымыранының көмегімен Айға жіберіледі.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея 2029 жылы Ай орбитасына байланыс спутнигін, ал 2031 жылы Жер мен Ай арасындағы ғарыш кеңістігін зерттейтін ғылыми аппаратты ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл жобалар елдің ұзақ мерзімді Айды зерттеу бағдарламасының негізін қалыптастыруға бағытталған.
Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: Yonhap










