Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Молдовада су мен электр энергиясын үнемдеу режимі енгізілді

Молдовада су мен электр энергиясын үнемдеу режимі енгізілді

Жергілікті әкімдіктерге резервтік су қорларын әзірлеу және ауыз судың сапасына бақылауды күшейту тапсырылды.
Молдова үкіметі елдегі құрғақшылық пен энергетикалық жағдайдың күрделенуіне байланысты су және электр энергиясын үнемдеу бойынша шектеу шараларын енгізді.

Премьер-министр Василе Тофанның төрағалығымен өткен Дағдарысты басқару жөніндегі ұлттық комиссия отырысында қабылданған шешімге сәйкес, елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін кешкі сағат 18:00-22:00 аралығында электр энергиясының коммерциялық экспортына шектеу қойылды.

Сондай-ақ қоғамдық ғимараттар мен сауда орталықтарындағы жарықтандыру қысқартылып, 18:00-06:00 аралығында сәндік және жарнамалық жарықтандыру, субұрқақтар толықтай өшіріледі.

Билік көпқабатты үйлердің тұрғындарын электр желісіне түсетін жүктеме жоғары болатын 06:00-09:00 және 18:00-23:00 аралығында лифтіні мүмкіндігінше аз пайдалануға шақырды.

Сонымен қатар, ауыз суды бассейндерді толтыру, көшелерді жуу секілді тұрмыстық емес мақсаттарға пайдалануға тыйым салынды. Ал Днестр өзенінен егістікті суаруға су алу тек 21:00-06:00 аралығында ғана рұқсат етіледі.

Жергілікті әкімдіктерге резервтік су қорларын әзірлеу және ауыз судың сапасына бақылауды күшейту тапсырылды.

Айта кетейік, 28 шілдеде Молдовада дизель отынының тапшылығы мен өзендердегі су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты 30 күндік жоғары дайындық режимі жарияланған болатын. Билік қазіргі ахуалды Дунай өзенінің тайыздануы, өзен тасымалының бұзылуы және Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күшеюімен байланыстырып отыр. Осыған байланысты елде энергетика саласында да төтенше жағдай режимі енгізілген.
04 тамыз 2026 ж. 35 0