Эбола бақылаудан шығып барады: Конгода індет геометриялық прогрессиямен таралуда
БҰҰ өкілінің сөзінше, жергілікті мамандардың жұмысына күрделі жағдай кедергі келтіруде. Індет басталғалы бері 160 медицина қызметкері Эбола вирусын жұқтырған, оның 43-і қайтыс болған.Демократиялық Конгода Эбола безгегінің өршуі ел тарихындағы ең жойқын індетке айналып, геометриялық прогрессиямен таралып жатыр. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы мәлімдеді.
Мамыр айының ортасынан бері ауруды жұқтырған 5290 жағдай расталған. Оның ішінде 2516 адам қайтыс болған, 1152 адам сауығып шыққан. Тағы шамамен 840 адам оқшауланған немесе ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Өлім-жітім деңгейі 47,6 пайызды құрайды.
БҰҰ-ның Эбола індетімен күрес жөніндегі аға үйлестірушісі Жюльен Харнейстің айтуынша, ауру геометриялық прогрессиямен таралып жатыр. Қайтыс болғандардың жартысы соңғы 20 күннің ішінде тіркелген.
Індет Франция аумағынан да үлкен территорияға таралды. Ауру бұрынғыдан да жылдам өршіп, барған сайын кең аумақты қамтып жатыр. Індетке қарсы әрекет ету шараларымыздан оның таралу қарқыны асып түсуде, – деді ол.
БҰҰ өкілінің сөзінше, жергілікті мамандардың жұмысына күрделі жағдай кедергі келтіруде. Індет басталғалы бері 160 медицина қызметкері Эбола вирусын жұқтырған, оның 43-і қайтыс болған.
БҰҰ халықаралық қауымдастықты Демократиялық Конго Республикасына қолдау көрсетуге шақырды.
АҚШ Конго үкіметіне 80 миллион доллар бөлді. Қаражат ауруханалардағы төсек-орын санын көбейтуге және қайтыс болғандарды қауіпсіз жерлеуді қамтамасыз етуге жұмсалады.
Жюльен Харнейс қаржының тек алдағы бірнеше аптаға ғана жететінін атап өтті.
Қаржыландырудағы және қажетті шараларды жүзеге асырудағы әрбір кідіріс індетті одан сайын қауіпті етеді, онымен күресті қиындатады әрі шығынды арттырады. Сондықтан халықаралық қолдау бізге шұғыл түрде қажет, – деді ол.
Ақпарат көзі: baq.kz









