Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспана алудың тиімді шарттары қандай

Баспана алудың тиімді шарттары қандай

Үкіметтен тегін баспана алған заман келмеске кетті. Ал "Нұрлы жер" бағдарламасы басталғалы шенеуніктер баспана кезегіне тұрғандар тек екі санатпен ғана баспана алатынын қайта-қайта айтып келеді. Олар - төлем қабілеттігі барлар және төлем қабілеттігі жоқтар.
Дегенмен, баспана кезегі әкімдікте болғаннан кейін бұрынғы психология және тегін баспанаға деген үміт оты өшпейтін тәрізді. Содан болар, алдағы уақытта әкімдіктегі барлық баспана кезегі Отбасы банкіне (қазіргі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі - Sputnik) ауыстырылады.
Осылайша, тұрғын үй саласындағы қарым-қатынасты тек коммерциялық тұрғыда ғана жүргізу моделі толығымен іске асады. sputniknews.kz тілшісі Отбасы банкін құру және зейнетақы жинақтарын баспана үшін пайдалану сияқты маңызды бастамалар аясында үйді тиімді шартпен қалай алуға болатынын зерделеп шықты.
Отбасы банкі немен айналысады
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Отбасы банкі" болып қайта құрылғаннан кейін өз жұмысын жалғастыра береді. Бірақ оған қосымша функциялар беріледі. Соның бірі - әкімдікте болған баспана кезегін жүргізу. Отбасы банкі кезекке тұрғандарды тіркейді және есебін жүргізеді. Сосын ол жерде алғашқы баспана орталығы құрылады. Адамдар бұрынғыдай алдымен әкімдікке, одан кейін банкке шапқылап жүрмейді. Бәрі бір жерде жасалады.
Отбасы банкінде әрбір адамға табысына қарай тұрғын үй сатып алу жолдары ұсынылады. Мысалы, егер адамның табысы төмен болса, жалдамалы пәтерді алуға мүмкіндік бар. Ондай баспана жекеменшікке сатылмайды. Ал арендалық үйді алу үшін алдымен тіркеуге тұру қажет. Оны да кезекпен таратады.
Отбасы банкіне берілетін тағы бір функция &ndash ол арендалық төлемдерді субсидиялау. Осы тапсырманы президент биылғы жолдауында жариялаған болатын. Қазіргі жоспар бойынша арендалық төлемнің 80 проценті бюджет есебінен өтеледі. Ал табысы жоғары азаматтар сан алуан тиімді ипотекалық бағдарламаларға қатыса алады.
Арендалық баспананың ақысы қандай
Бүгінде баспана кезегінде тұрған адамдарға әкімдіктен арендалық пәтерлер беріліп тұрады. Оны жеке меншікке сатып алуға рұқсат жоқ. Алайда біраз ақшаны үнемдеуге болады. Мысалы, астанада әкімдіктен берілген жалдамалы пәтердің ай сайынғы ақысы - небәрі 1 500 теңге. Сонда бір бөлмелі пәтерге коммуналдық төлемдермен бірге 10 000 теңгедей шығады.
Бірақ осы санаттағы баспана баяу таратылады. Өйткені алдымен бюджет қаржысын бөлу және тендер өткізу процедуралары өткізіледі. Одан кейін құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Оған біраз уақыт кетеді. Сосын әкімдіктен берілетін арендалық баспананың құны арзан болғандықтан, сапасы да сын көтермейді.
Президент биылғы жолдауында арендалық пәтердің ақысын субсидиялау тетігін енгізуді тапсырды. Бұл дегеніміз, баспана кезегінде тұрған және пәтер жалдап жүрген адамдардың үйге төлейтін ақшаның 70-80 проценті бюджет есебінен өтеледі. Оған әкімдіктен берілген арендалық пәтерлер жатпайды. 
Басқа біреуден жалға алынған баспанаға қатысты талап та болады. Атап айтқанда, арендалық үйдің ауданы 40-80 шаршы метр болуы шарт. Ал отбасының табысы әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 32 668 теңгеден аспауы тиіс. Демек, бір үйде төрт адам болса, барлығына есептегенде жалпы табыстың көлемі 130 668 теңгеден артық болмауы қажет. Әрине, бұның барлығы әлі соңғы шешім емес. Жылдың соңына дейін нақты талаптар бекітіледі.
2 проценттік ипотека кімге беріледі
"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 2 проценттік кредит беріледі. Бірақ оны нақты үш санатқа кіретін адамдар ғана рәсімдей алады. Олар:
 
·        көпбалалы отбасылар;
·        толық емес отбасылар;
·        мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар.
Бастапқы жарнаның мөлшері қарыз сомасының 10 процентін құрайды. Ал бастапқы жарнаны артығымен салса, ай сайынғы төлем төмендейді. Негізгі талап - өтініш берген адам мен отбасы мүшелерінің атында үйдің болмауы.
Бағдарлама аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау бойынша кредиттің шекті сомасы 15 миллион теңге болса, қалған қалаларда - 10 миллион теңге. Арзан ипотекаға жаңа салынған үйдегі пәтер, қолданыстағы пәтер немесе жер үй сатып алуға болады.
Табыстың көлеміне де талап қойылады. Мәселен, соңғы алты айдың ішінде отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі екі күнкөріс минимумынан, яғни, 62 366 теңгеден аспауы керек.
5 проценттік ипотека қалай рәсімделеді
Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тағы бір жеңілдетілген ипотекаға құжат қабылдау басталған болатын. Ол - "Шаңырақ" пилоттық жобасы ("5-10-20"). Оған да әкімдік кезегінде тұрғандар қатысады. Бірақ бұл жолы 1986 жылдан 2015 жылға дейін тіркелген барлық адам өтініш бере алады.
Табысқа қатысты талап бойынша соңғы алты айдың ішінде отбасының әрбір мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан, яғни 101 270 теңгеден аспауы тиіс. Кредиттің шекті мөлшері де жоғары. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтарда 18 миллион теңгенің үйін рәсімдеуге болады. Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды қалаларында, сондай-ақ Қарағанды облысында - 15 миллион теңге, ал қалған аймақтарда - 12 миллион теңге.
Қарыз алушы пәтерді баспана кезегінде тұрған өңірден ғана сатып ала алады. Егер негізгі кіріс жеткіліксіз болса, онда зейнетақы төлемдерін қосымша табыстар ретінде көрсетуге болады.
Жас отбасыларға - 6 проценттік кредит
Шілде айында жас отбасыларға арналған 6 проценттік ипотека бағдарламасы басталған болатын. Оған сәйкес, алғашқы екі жылда жылдық несие мөлшерлемесі 6 процент болса, ары қарай 5 процентке дейін төмендейді. Ипотеканың мерзімі -  6-9 жыл.
Кредитті бірнеше мақсатта алуға болады. Олар:
Жаңа үйден пәтер немесе жер үйді сатып алу, соның ішінде, үлестік қатысу арқылы үй сатып алу;
Қолданыстағы үйден пәтер немесе үй сатып алу;
·        Тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу;
·        Жер үйдің құрылысы;
·        Жер телімін сатып алу.
Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі "Жас отбасы" депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақта сатып алатын пәтер бағасының 50 процентін жинау қажет. Ал бағалау көрсеткіші 5 ұпайдан кем болмауы шарт. Депозитті некеге тұрған сәттен бастап үш жылдың ішінде ашуға болады. Жас жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды.
"7-20-25" бағдарламасының талаптары қандай
Бағдарлама операторы - "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ. Ал негізгі талаптары:
Қазақстан азаматы болу;
·        Қазақстан аумағында меншігінде баспана болмауы;
·        кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірісінің болуы;
·         ипотекалық кредиті болмауы.
Ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі - 7%. Бастапқы жарна - баспана құнының 20 проценті. Кредит 25 жылға беріледі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғары бағасы - 25 миллион теңге, Қарағанды үшін &ndash 20 миллион теңге, басқа өңірлер үшін - 15 миллион теңге.
Бұдан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Өз үйім" бағдарламасы да 7 проценттік ипотекаға арналған. Бірақ онда басқа үйдің бар-жоғы ескерілмейді.
05 қазан 2020 ж. 626 0