Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нан бағасын тұрақтандыру жобасы талқылануда

Нан бағасын тұрақтандыру жобасы талқылануда

Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпарат құралдарында жарияланған нан бағасын тұрақтандыруға байланысты Үкімет резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді деген мәліметті жоққа шығарды. Осыған байланысты жауапты ведомство түсініктеме берді.

«Мұндай жобаны министр­ліктің әзірлегені рас және қазір талқылау процедурасынан өтуде. Яғни жоба қабылданған жоқ. Әзірге кеңінен талқылау үшін ғана ұсынылды», делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Бұл жоба биыл 11 наурызда Үкімет отырысында мақұлданып, әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасын тұрақтан­дыру жөніндегі Жол картасын іске асыру мақсатында әзірленіпті.
«Астық тапшылығы туралы мәселе жоқ. Жоғарыда айтыл­ғандай, 2020 жылғы өнім елді астықпен толық қамтамасыз етуге және белгілі бір бөлігін экспортқа шығаруға да жетеді.
Тағы бір мәселе – астық баға­сы. Дәстүрлі түрде астықтың іш­кі нарықтағы құны экспорттық ба­ғаларға байланысты қалып­таса­ды. Қазір экспорттық нарық­тарда ас­­тыққа деген сұраныс артып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл жөнінде дұрыс жазған», деді ведомство өкілдері.
Биылғы астықты жинау нау­қанына дейін әлі бес ай барын ескер­сек, қазір ішкі нарық­тағы астық­тың бағасы тұрақты. Десе де ма­мандар алдағы уақыт­та сыртқы және ішкі нарықта баға­ның өсетінін жоққа шығармайды.
«Қазақстан осындай жағдай­ларға дайын болуы керек және «әлеуметтік нан» бағасын тұ­рақ­тандыру шараларын осы бас­тан қолға алуы тиіс. Ұн бағасы көтерілген жағдайда наубай­ха­наларға әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру қиын болатынын түсіну керек. Ол үшін тасымалдау шығындарын өтеу секілді шаралар қажет.
Бұл жерде астық өсіретін облыс­тардан шалғай өңірлер жайлы сөз болып отыр. Мыса­лы, Алматы, Жамбыл және Түр­кістан облыстарында бидай өсірілгенмен, оның ұны нан пісіруге келе бермейді. Сондық­тан осы өңірлердегі жеке өн­ді­рістер халықтың нанға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды», деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі нормативтік құқықтық актілерді келісу және қабылдау процедураларына едәуір уақыт кететінін, тек «Ашық нормативтік құқықтық акт» порталында талқылау кем дегенде 11 күнтізбелік күн ішінде өткізілуі тиіс екенін жеткізді.

egemen.kz
14 сәуір 2021 ж. 267 0