Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алып сатуды меңгердік... Енді өнім өндіруді еңсерсек

Алып сатуды меңгердік... Енді өнім өндіруді еңсерсек

Ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі – кәсіпкерлік саласы екені даусыз. Бір кездері экономиканың күре тамырына еліміздің жолдарын, әсіресе теміржол саласын жатқызған едік. Бүгінде қанатын кеңге жайған кәсіпкерлік саласы да ел эканомикасының негізгі күшіне айналып келеді. Оған дәлел ретінде еліміздің әр аумағында ашылып жатқан түрлі өндіріс орындары мен шағын және орта бизнес субъектілерін айтуға болады. Оған ниет қылып, қадам жасап жатқан жандар қаншама?!

Қолынан іс келетін азаматтарды мемлекет қолдауға да әзір. Мейлі ол мал баға ма, монша аша ма?! Ең арысы көлік алып такси қызметіне кірісемін десеңіз де, мемлекетке ұсынған жобаңыз ақылға қонымды болса қолдауға әзір. Әрине қаржылай қолдау. Мұндай қадамға барған азаматтар да жоқ емес. Міне, осындай бастамалардың оң өзгерістерге алып келерін анық аңғарамыз. Нәтижесінде ауданда өзін-өзі, тіпті өзгені де жұмыспен қамтып келе жатқан шағын және орта кәсіпкерліктің саны ұлғайып келеді.
Қазіргі таңда аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4470 бірлікті құрап, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 9,3 пайызға өскен. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 4005 бірлікті құрап, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 7,9 пайызға өсім көрсеткен. «Бизнестің жол картасы -2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын гранттық қаржыландыру жобасы арқылы 4 жоба, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 430 жобаға грант қаражаты берілген. Өткен жылдың қорытындысымен жалпы қаржы институттары арқылы 179 жоба несиелендіріліп, 507 тұрақты жұмыс орындары құрылған. Мұндай қолдауларды сезініп келе жатқан әрине осы аудан жұртшылығы. Дені осындай мүмкіндіктерге жол ашқан мемлекеттік бағдарламаларға, оны өз деңгейінде жүзеге асыруға атсалысып келе жатқан осы саланың айналасындағы азаматтарға алғыстарын білдіреді.
Десе де мүмкіндікті пайдаланып өз кәсібіне қол жеткізіп келе жатқан кәсіпкер азаматтардың дені бүгінде сауда саласында. Ескі көзқараспен айтқанда алыпсатарлық. Өзгенің өнімін осы ауданға жеткізіп, үстіне баға қосып басқаға сату үрдісі етек жайғаны жасырын емес. Әрине ниет қылсаңыз, үкімет ол ойыңызды да қолдауға әзір. Алайда пайданың бәрі осында екен деп бірыңғай сауда саласына ден қоя бергеннен ештеңе ұтпасымыз анық. Оның нәтижесінде қандай ортада болмасын белгілі бір алыпсатарлар шоғыры пайда болады. Ал одан өндіріс пен шынайы кәсіпке ешқандай демеу болмасы анық. Бұл мәселені аудан әкімі де жыл басында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі сөз болған жиында көтерді.
Аудан әкімі С.Сермағамбетов ауылдық округтер тарапынан ұсынылған жобалардың басым бөлігі грант қаражатын алуға бағытталғанын айтып, сауда, қызмет көрсету салаларына қарағанда, өндіріске арналған жобалар ұсынылуы қажет және халықтың қажеттілігін қамтамасыз ететін жобаларды жүзеге асыруға жұмыс жасау керектігін айтты.
Сонымен қатар мемлекеттік грант қаражатын алып, көп уақыт өтпей өз кәсіпкерлігін тоқтатқан азаматтар көп екендігін ескертіп, бағдарламаның нәтижелі іске асырылуын қатаң бақылауға алып, мониторинг жұмыстарын ұйымдастыруды және конкурстық комиссия құрамын қайта жасақтау керектігін айтты.
Бұдан бөлек, аудан көлемінде индустрияландыру бағытында 2022 жылы іске асырылатын жобалар аясында құрылатын жаңа жұмыс орындарына тоқталып, жергілікті азаматтарды тиісті мамандықтар бойынша оқытып, қажетті мамандарды даярлау үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Қазіргі таңда ауданда осы мәселелер бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Әрине өндіріс ошақтарының көптеп бой көтеруі біздің осы саладағы айрықша табысқа қол жеткізуіміздің негізі кепілі болмақ. Өзгенің бұйымын тұтынып, өзіміз ештеңе өндіре алмайтын жағдайда болсақ, бізге сауда нүктелерінен келер пайда шамалы болмақ. Осыны мойындап, ойланатын уақыт жеткен секілді.

А. ҚАРАСАЙ
12 сәуір 2022 ж. 1 168 0