Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арзан маркеті мен сауда нысаны бой көтермек

Арзан маркеті мен сауда нысаны бой көтермек

Нарықтық экономикада өмір сүретін еліміз үшін кәсіпкерлік саласын дамыту–басты кепілдіктің бірі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ұсынған кәсіпкерлерге жасалатын қолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалар қолайлы кәсіпкерлік орта қалыптастыруға бағыттайды.
Себебі,кәсіпкерлік саласы–еліміз үшін тұрақты экономиканың негізі саналады. Қанатын кеңге жайған саланың үлесі жыл сайын артып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлкен қаржылай қолдау жасалуда. Яғни, кәсіпкерлікті қолдау – бизнестің дамуына тың серпін береді. Сол арқылы жеке кәсібін ашып қана қоймай, тұрғындарды жұмыспен қамтып отырғандары қаншама?! Қуантарлығы да осы.
Елбасы жүктеген міндеттердің орындалуын баста назарға алған ауданда шағын және орта бизнестің дамуы күн санап қарқын алып келеді. Олардың бүгінде  біраз бөлігі қаржы ұйымдарынан несие алып, түрлі бағытта өз жобаларын жүзеге асыру үстінде. Мәселен, Қазақстан бойынша Жетісай, Сарағаш, Қазалы секілді бірнеше қалалардаорналасқан «Арзан маркет» супермаркеттер желісінің бір нысаны жақын арада қаламыздан бой көтермек. Нысан құрылысы үшін Арал қаласы, А. Байтұрсынов көшесі бойынан 3200 шаршы метр жер телімі алынып, ауданы 1000 шаршы метрді құрайтын еңселі ғимараттың құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Жоба құны – 70,0 млн. теңге. Сауда нүктесі 4 бөліктен тұрады деп күтілуде. Яғни, онда  сауда қатарлары (супермаркет), дәріхана және дербес сауда нүктелері орналасады деп жоспарлануда. Жоба толық іске қосылғанда  30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қараша айында іске қосылатын сауда желісінің директоры Болат Абыраевты сөзге тартқанымызда:
–«Арзан» маркетінде азық-түлік өнімдерімен қатар, жеке дәріханада дәрі-дәрмектердің барлық түрлері қолжетімді бағада сатылатын болады. Бір ерекшелігі, мұндағы қызметкерлер халыққа 24 сағат бойы өздерінің сапалы қызметін ұсынады. Осы кезге дейін еліміздің бірнеше қалаларынан мұндай маркеттерді ашқанбыз. Алла қаласа, әлі де сауда желісінің нүктелерінің көбейтсек деген ойымыз бар. Тағы бір айта кетерлік жайт, сауда орталығының бір ерекшелігі, мұнда спиртті ішімдіктер мен шылым сатылмайды. Сондай-ақ, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауған соғысының ардагерлеріне 3 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал, әрбір 1000-шы чектің иесіне заттар тегін босатылады,–деп өзінің алдағы атқарылатын жұмыстарына тоқталды.
Иә, әрине аудан тұрғындары бұл жағымды жаңалыққа қуанары анық. Өйткені, қалаған уақытта  тұрғындар қажетті заттарын осы маркеттен сатып алуға мүмкіндіктері мол.
***
«Бизнестің жол картасына» қатысып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндікті пайдаланып, жұмыстарын бастап кеткен іскер азаматтар жайлы әңгіме қаузасақ, жетіп-артылады. Олай дейтініміз, еліміз бойынша  соңғы 5 жылда ауыл-аймақтар мен моноқалаларда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысушылар көлемі 20 пайызға артқан. Аталмыш бағдарлама жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру мен экспортқа негізделген өндірістерді жетілдіру секілді үш бағыт шеңберіндегі міндеттерді шешуге ыңғайланған. Осы тұрғыда қаладағы жеке кәсіпкер Ж.Аманжолов бизнес бастамаларын жандандыру үшін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында пайыздық үстемесі субсидияланған (14,5%-бен алынған несиенің 7,25% пайызын мемлекет қажыландырады)  несие алды. Сауда нысанын салуға алған қаржысына жуырдаЖылқаман батыр көшесі бойынан 1 гектар жер телімін рәсімдеп, жалпы алаңы 1300 шаршы метр ғимарат құрылысының жұмыстарын бастады.  Жоба құны 40,00 млн. теңге. Нысанда асхана, сауда қатарлары, ет, киім-кешек сату нүктелері және дәріхана орналасады деп күтілуде. Аталған жер телімінде негізгі ғимаратпен қатар, құрылыс заттар дүкені мен  балаларға арналған ойын-сауық кешені де салынбақ.
Сәні мен сәулеті келіскен ғимараттардың бізге берер тиімді тұстары өте көп. Халыққа қызмет көрсететін супермаркет пен балаларға арналған ойын-сауық кешені әлі күнге қаламыздан бой көтермегенін ескерсек, тың бастаманың басында жүрген іскер азаматтардың осы ойларына тәнті боласың. "Елде болса, ерінге тиеді" дегендей, жарқын жобалардың халық игілігіне жарарын күтейік.
Света Үсенқұлова.
31 шілде 2018 ж. 1 023 0