Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріштің мәселесі күрмектен көп

Күріштің мәселесі күрмектен көп

«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген сөздің мәнін білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Күрішпен бірге өнетін сол күрмегі бар болғыр кешеге дейін кездесетін. Палау басатын шаңырақтың кішкентайлары алқақотан отыра қалып, қазанға түсер дәннен осы жарықтықты айырып жататын еді.

Техника дамыған қазіргі күні егіншінің еңбегін еш, тұзын сор қылатын сол күрмегіңіз көрін­беуге айналып, бүгінгінің балалары ондай артық бейнеттен құтылды. Бірақ одан күріш өндірісінің мәселесі азайып кеткен жоқ. Керісінше, жыл сайын Сырдың брендіне айналған өнімді алу қиындап бара жатыр.

Күрішшілердің жоғарыға жеткізе алмай жүрген бір проблемасы – өнімді мемлекеттік қорға са­тып алу. Осыдан он шақ­ты жыл бұрын осы мәселе Үкі­мет­те көтеріліп, шаруалардың үміті оян­­ған еді. Бірақ соңы сиыр­құй­ым­­­шақ­танып кеткен сол шаруа әлі шешімін таппай келеді. Озық ел­дерде аграршының жайын ең ал­ды­мен мемлекет ойлайды. Өн­дір­ген өнімін мемлекеттік ресурс­қа алуды бірінші кезекке қояды.

– Осы салаға келгелі бері біраз шетелде бол­дым. Мысалы, Америкада 1 мың гектар күріш, осындай көлемге мақта егетін фермер­дің қарамағында бар болғаны 7 адам жұмыс істейді. Қалған тірлік техникаға тиесілі. Ең бастысы, олардың өнімінің белгілі бір бөлігін мемлекет сатып алады. Кәсіпкер қалғанын фьючерлік келісім арқылы сау­далайды. Жапонияда да жағдай осындай. Оған Қызылорда мен Осака арасында эконо­микалық байланыс орнатпаққа барған сапарымызда көз жеткіздік. Оларда күріш қымбат. Ет бағасы тіпті шарықтап тұр. Бір өгіздің құны біздің ақшаға шаққанда 7,5 млн теңге шамасында. Бірақ жағдай осылай екен деп сырттан арзан өнім іздеп, сарсылып жүрген жапонды және көрмейсіз. Бағасы ұшып тұрса да өзінде өндірілгенді алады, – дейді «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мінажадин Өтеев.

Қазақ «Кісідегінің кілті аспанда» деген­ді тегін айтты дейсіз бе? Ресейге санк­ция салынғалы бері ол жақтан бізге тыңайт­қыштың келуі тоқтады. Қазір шаруалар осы жоқты басқа елдерден іздестіріп жатыр. Осының өзі өзгенің қолындағыға қарап, өндіршегімізді соза берудің соңы неге соғарын аңдатса керек.

«Сыр күріші – ел ырысы» деген қанатты сөзді екінің бірі айтады. Бірақ оның белше­ден келер бейнетін екінің бірі біле бер­меуі мүмкін. Мысалы, соңғы жылдары Сыр­дарияның суалғаны күрішшілер қабағы­на кірбің түсіріп тұр. Әрине, бұл несібесін жерден терген жұртқа ортақ проблема. Әйтсе де, дария арнасы түссе, дән болып себілгеннен ораққа ілінгенше суда тұратын күріш көлемі қысқарып шыға келетін болып жүр. Мысалы, Қызылорда облысының батысындағы Қазалы ауданында бұрын 12-13 мың гектарға күріш егілетін. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен тоқсаныншы жылдары осы алқаптың көп бөлігі бос қалып, аз жылда шеңгел мен жиде басып, сорланып кетті. Жердің жайын білетін мамандардың жанайқайына құлақ аса қойған ешкім болған жоқ. Мысалы, осы жылы ауданда ауыспалы егіс тәртібі сызбасына сәйкес 7 865 гектарға күріш егілуі тиіс. Бірақ судың тапшылығынан осы көлемнен 1 127 гектар қысқартылып кетіп отыр. Тапшылық таралғыдай тартыла берсе, бұл тағы азая түсетін түрі бар.

– Осының барлығы облыс аумағында су қоймасы жоқтықтан болып отыр. Қызылорда қаласы тұсынан Сырдариядан бөлініп шығатын Шіркейлі каналы күрішті бізден 2-3 есе көп егіп отырған Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарын суландырады. Ал бізге Қараөзек арқылы келеді. Қыста Қараөзекке су жинағанымызбен, ол жетпей қиналып қаламыз. Қазалыдай емес, жоғарыда айтылған аудандардың күріштен өзге де күнкөріс көзі бар. Қазіргі уақытта жасырдым дегеніңнің өзі жарқырап көрініп тұрады ғой. Былтыр әуе түсірілімі Жалағаш ауданынан – 3 800, Сырдариядан 2 мың гектардың үстінде есепке алынбаған күріш алқабын анықтады. Қармақшы ауданынан да осындай гектарлар табылды. Онсыз да аз су осылайша жырымшыланып, аяқта отырған бізге жетпей, несібемізден қағылып отырмыз, – дейді Мінажадин Өтеев.

Қазалы жұртын тапшылықтан құтқаратын бірден-бір жол – Қараөзек су қоймасын салу. Тиісті орындардың мақұлдауын алса да басталуы кешігіп жатқан құрылысқа ел­дегі­лер үмітпен қарап отыр. Өзеннің сол жағалауындағы күріштік алқаптардан шыға­тын қашыртқы сулар да бұрынғыша бір жерге жиналмай, әр жерге жайылып, егістікті сорға айналдыруда. Бұл енді шаруашылықтардың шамасы келетін шаруа емес. 2013 жылы 1-ГД, 2-ГД және К-3-2 қашыртқылары иесіз мүлік ретінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне алынған. Негізі оның түп иесі «Қазсушар» РМК болуы керек. Қайта қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінгені жөн. Әйтпесе, айдың-күннің аманында инженерлік жүйеге келтірілген жерден айырылып, сақалды қолдан бергендей боламыз.

Кезінде Сырдағы дәстүрлі дақылды егуге жер мен дәннің тілін білетіндер ғана бел байлайтын. Қазір көп жұмысты оңайлатқан техника арқылы екінің бірі егінші атанып жүр. Егер мемлекеттен қолдау азая қалса субсидия есебінде берілетін қаржыдан қарпып қалғысы келетіндердің көбі-ақ басқа саланың соқасын жегіп шыға келері анық. Тағы да сырттағыға қарап сұқтанғандай боламыз-ау. Бірақ мамандар шетелдің көбінде егістік алқапты ұстап тұрғаны үшін дотация берілетінін айтады. Бізге керегі осы.

Әртараптандыру туралы да айтар әңгіме көп. Облыстағы 8 танаптық ауыспалы егіс жүйесі тек күріш пен жоңышқаға негізделген. Бақша, көкөніс егіп жатқандар да бар, бірақ өнімі ойдағыдай емес. Өйткені бір облыстың жері болғанымен әр өңірдің топырақтық, климаттық ерекшелігі бар. Сондықтан да Кеңес Одағы кезінде әр ауданда өз тұқым шаруашылығы жұмыс істейтін.

Соңғы 1-2 апта көлемінде дария арнасы толып, жұрттың жүзіне қан жүгіре бастады. «Егінді суға бастырар кезде осындай молшылық болса ғой, шіркін» дейді соңғы жылдары өзеннің солып аққанынан зәрезап болғандар. Сырдария ауданындағы «Абзал и К» компаниясы да су тапшылығынан жобаланған 5 мың гектардың 400 гектарын қысқартыпты. Бұл бір бригадаға тиесілі алқап. Әрине, компания диқандарын далада қалдырмайды. Бұлар әбжілдік танытып, тыңайтқышты Ресей мен Өзбекстаннан был­тыр күзде жеткізіп алыпты. Қазір шаруалар­дың көбі бағасы 3 есеге жуық қымбаттаған тыңайтқышты алуға шамасы келмей отыр.

Біз күріш өндірісіндегі күрмектен де көп мәселенің көзге көрініп тұрғандарын ғана санамалап шықтық. Өнімі шығынын жаппауға айналып бара жатқан саладағы проблема шешімі күрішке стратегиялық өнім ретінде мемлекет тарапынан мән беру.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ

egemen.kz
18 сәуір 2022 ж. 2 101 0