Облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIX сессиясы өтті
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIX сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2021 жылғы 13 желтоқсандағы № 72 шешіміне өзгерістер енгізу, Қызылорда облыстық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану, Қызылорда облысы бойынша іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту және «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және (немесе) жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 21 қазандағы № 474 шешіміне толықтыру енгізу туралы.
Сессияда аймақ басшысы ҚР Президенті Жолдауында айтылған барлық бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдап, сапалы іске асыру қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс» деп атап өтті.
Жолдауда экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу, инвестиция тарту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және цифрландыру, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыруға негізгі басымдық берілді.
Күні кеше ғана Үкіметпен Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.Осының негізінде Өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленуде, -деді Н.Нәлібаев.
Облыс бойынша 7 ай қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемінен басқа барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім қалыптасты.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл құны 7,8 млрд. теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы («Қармақшы құс» ЖШС), 324 тонна балық өңдейтін цех («Тұрған-тамы» ШҚ) және 3 500 тонна тауық етін қайта өңдеу бойынша құс фермасы («Абдулла» ШҚ).
Индустрия саласына инвестиция тартуға және кіші және орта кәсіпкерлік белдеуін құруға мүмкіндік беретін ірі жоба, ол – шыны зауыты. Оның жанынан 8 ілеспе кәсіпорын кұрылады. Бүгін де инвесторлар 3 жобаның жобалау жұмыстарын бастады (композиттік материал, айна, жұқа әйнек), 5 жобаға инвестор іздестірілуде.
Сонымен қатар аймақ басшысы Президент халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік тұрмысын арттыруды тапсырғанын айтып, алдағы міндеттерді саралады.
Атап айтқанда, Сырдария трансшекаралық өзенінің ресурстарын бөлу жөніндегі халықаралық келіссөздерде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан экономикаларының қажеттіліктерімен қатар Кіші Арал теңізін судың жеке тұтынушысы ретінде ескеру қажеттілігі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі учаскесін екінші санаттан бірінші санатқа ауыстыру мәселесі. Қызылорда қаласында 300 орындық жаңа көп бейінді аурухана (онкологиялық бөлімшесімен) құрылысын салу. Аймақтың өзіндік әлеуеті жетпейтін және орталық деңгейде қолдауды қажет ететін мәселелерді шешу үшін Қызылорда облысының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын бекіту. Осыған сәйкес, облыстың 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының жобасы әзірленуде.
Сессияда депутаттар тарапынан қоғамдық көлік мәселесі де қозғалды. Облыс әкімінің айтуынша Қостанай облысындағы зауыттан замануи үлгідегі 150 автобусқа тапсырыс беріліп, жақын арада жеткізілетін болады. Басқосуда айтылған тағы бір мәселе – жолаушы тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлерге субсидия беру. Бұл ретте Н.Нәлібаев бұл бағыттағы кәсіпкерлерге субсидия бөлу заң жүзінде қаралмағанын алға тартып, былтырғы осы мақсатта бөлінген 500 млн. тенгеге жуық қаржы қайта бюджетке қайтарылғанын және жаңа автобустар алуға бағытталғанын жеткізді.
Жиын соңында аймақ басшысы мәслихат депуттарына тұрғын үй құрылысын жүргізуге, білім саласында мемлекеттік балабақшалардың қызметін үздіксіз ұйымдастыру мақсатында қызметкерлердің еңбекақысы мен коммуналдық шығындарына, мәдениет және спорт саласында мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды қаржыландыруға, І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін маманның жалақысын төлеуге, техникалық көмекші құралдарымен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатын нақтылауды ұсынды.
Мәслихат сессиясында көтерілген мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешім қабылдады.
kyzylorda-news.kz