Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БЖЗҚ: Ең көп қойылатын сауалдарға жауап

БЖЗҚ: Ең көп қойылатын сауалдарға жауап

БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағымды бір рет біржолата алуға бола ма?
Жеке тұлғалардың зейнетақы активтеріне құқықтары Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңының (бұдан әрі – заң) 50-бабына сәйкес, Заңда көзделген заттық құқықтар санатына жатады және тек Заңда айқындалған мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін. Оның ішінде зейнетақы төлемдерін, біржолғы зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында жүзеге асыруға ғана пайдалануға болады.
Жеке және заңды тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтеріне құқықтар  Заңда көзделген заттық құқықтар санатына жатады.
Заңның ережелеріне сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері және (немесе) зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру төлемдері түрінде, сондай-ақ, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде жүзеге асырылады.  
Бұл ретте, егер зейнетақы жинақтарының сомасы БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына немесе мерзімсіз уақытқа 1 және 2 топ мүгедектігінің белгіленуіне байланысты алушының төлем алуға өтініш берген күніне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға Қордан бір рет, біржолата төленеді (2023 жылы бұл сома 636 912 теңгені (12 * 53 076 теңге) құрайды).
Мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар да зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін кесте бойынша ала бастайды.
БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, атап айтқанда, төмендегі шарттардың бірі болған кезде:
егер салымшының жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асып кетсе;
егер зейнетақы мөлшері, ал отставкадағы судьялар үшін ай сайынғы қамту сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін, алушының орташа айлық табысының 40 пайыздан төмен емес деңгейіндегі алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе;
егер салымшы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаса тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында жүзеге асырылады.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бір мезгілде жүзеге асырылады.
Алушы, сондай-ақ, Қорда зейнетақы жинақтары бар және зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ-дан тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген, бірақ ЖЗШ-да бар мөлшерден аспайтын айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде жерлеуге біржолғы төлем төленеді.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.
БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның мұрагерлеріне, сондай-ақ, сот актісі бойынша иесіз қалған мүлік деп танылған зейнетақы жинақтарына жүгінген адамдарға БЖЗҚ-дан төлем біржолғы төлем ретінде жүзеге асырылады.
БЖЗҚ-дан қайтыс болған салымшыны жерлеуге арналған төлемді алуға болады деп естіген едім. Ол үшін не қажет? 
Заңның ережелеріне сәйкес алушы, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ-дан тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ ЖЗШ-да бар қаражаттан аспайтын көлемдегі жерлеуге біржолғы төлем төленеді (2023 жылы бұл сома 180 780 теңгегеі (52,4 * 3 450) тең).
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраса, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді (2023 жылы бұл сома – 53 076 теңге).
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-да зейнетақы жинақтары қалса, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.
БЖЗҚ-ның  www.enpf.kz веб-сайтындағы:
  • "Қызметтер" - "Алушыларға" бөлімінде оларды БЖЗҚ-ға беру тәсіліне қарай қажетті құжаттардың тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ, төлем валютасының түріне байланысты өтініштердің бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сенімхаттардың үлгілері орналастырылған;
  • "Электрондық сервистер" бөліміндегі "Төлеуге арналған құжаттарды алдын ала тексеру" электрондық қызметінің көмегімен ресімделген құжаттар топтамасын алдын ала тексеруге болады.
Мен уақытша жұмыссызбын. Бірақ БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары аударымдарын жасап отырғым келеді. Ол үшін не істеуім керек?
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ретінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) жүзеге асырылған кезең де есептеледі.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлерді (ЖК), жеке тәжірибемен (ЖТ) айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестігінің құрылтайшыларын (қатысушыларын) және құрылтайшыларды, акционерлік қоғам акционерлерін (қатысушыларын) қоспағанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында дербес жүзеге асыратын жеке тұлғалар, өндірістік кооператив мүшелері өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға немесе тәуелсіз қызметкерлерге жатады. Басқаша айтқанда, бұл жұмыс берушілермен ресми түрде жасалған еңбек шартынсыз өмір сүретіндер. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар МЗЖ-ны бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ)1 құрамында өз пайдасына аудара алады.
         Кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін жеке тұлғалар БЖТ төлеушілер деп танылады:
1) бірыңғай жиынтық төлемді төлейді;
2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайды;
3) тек қана салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсетеді, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келеді. Акцизделетін өнімді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өз өндірісіндегі ауыл шаруашылығы өнімін тек қана салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізеді.
_________________
[1] ҚР 26.12.2018ж.  № 203-VI Заңына сәйкес 01.01.2024ж. дейін қолданыста болады
Бұл ретте Салық кодексінің2 774-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алынатын БЖТ төлеушінің табыс мөлшері күнтізбелік жыл ішінде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 1175 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Жеке тұлғалар осындай төлем төлеген күннен бастап БЖТ төленген айдың соңғы күніне дейін БЖТ төлеушілер деп танылады.
БЖТ-ға Қазақстан Республикасының "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Заңына сәйкес төленетін жеке табыс салығы мен МЗЖ сомалары, әлеуметтік аударымдар, Қазақстан Республикасының "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңына сәйкес төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналар енгізіледі.
БЖТ мөлшері:
  •  1 АЕК – республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, астанада тұратын жеке тұлғалар үшін (2023 жылы 3 450,00 теңге);
  •  0,5 АЕК – басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін (2023 жылы 1 725,00 теңге).
БЖТ төлеген кезде міндетті зейнетақы жарналары ретінде есептелетін мұндай жарналар мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі тағайындалатын кезде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептеледі.
БЖТ-ны төлеушінің тұрғылықты жері бойынша қолма-қол ақшамен не қолма-қол ақшасыз тәсілмен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының банк шотына банктер және банк операцияларының осындай түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы төлеу қажет. Бұл ретте БЖТ күнтізбелік жылдың ағымдағы және кейінгі айлары үшін төленуі мүмкін.
Мен жеке кәсіпкермін. Жиһаз шығаратын цехымда 8 адам жұмыс істейді. Қазір  өз қызметкерлеріміз үшін төлейтін салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің жеңілдетілгенін естідім. Солай ма?
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірыңғай төлем енгізілді.
Салық кодексі "Бірыңғай төлем" бөлімімен толықтырылды. Салық кодексінің 776-1-бабына сәйкес бірыңғай төлемге жеке табыс салығының төленуге тиіс сомалары, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), әлеуметтік аударымдар, жарналар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар енгізіледі.
Бірыңғай төлем салығы салынатын объектісі мыналар болып табылады: оңайлатылған декларация негізінде; ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимдерін (АСР) қолданатын микрокәсіпкерлік және шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жұмыс беруші есептеген жұмыскердің табысы.
Салық агенттері деп микрокәсіпкерлік және шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын, АСР қолданатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар танылады.
Бірыңғай төлем мөлшерлемесі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап-20,0 пайыз;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап-21,5 пайыз;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап-23,8 пайыз;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап-24,8 пайыз;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап-25,8 пайыз;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап-26,3 пайыз.
Бірыңғай төлем төлеушілер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі МЗЖ үлесі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап-50,0 %;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап-46,5 %;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап-42,0 %;
__________________
2 «Салық және басқа да бюджетке міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №120-VI  кодексі (Салық кодексі )  
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап-40,3 %;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап-38,8 %;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап-38,0 %.
Бірыңғай төлемді аудару мерзімі - "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының банктік шотына екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы ай сайын, жалпы сомасы есепті кезеңнен кейінгі 25-ші күннен кешіктірмей.
Салық агенттері үшін бірыңғай төлемді есептейтін салық кезеңі күнтізбелік ай болып табылады.
Бірыңғай төлемді енгізу АСР бойынша жұмыс істейтін микро және шағын бизнес өкілдеріне салықтарды және қызметкерлердің кірістерінен басқа да міндетті төлемдерді төлеуді жеңілдетуі тиіс. Ол енді бір төлеммен жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, тағы бір артықшылық – бұл төлемнің жалпы сомасы бөлек төлемге қарағанда аз.
Сонымен қатар, салық агенті тиісті декларацияда төлем көзінен салық салуға жататын қызметкерлердің табыстарына салық салудың бірыңғай тәртібін дербес айқындайды. Бастапқы немесе кезекті декларацияда төлем көзінен салық салуға жататын қызметкерлердің табыстарына салық салудың таңдалған тәртібі салық кезеңі ішінде өзгертілмейді. 
Мен екінші жыл зейнеткермін. Қаңтар айында зейнетақы төлемін өткен жылдың желтоқсанына қарағанда көбірек алдым. Қайта есептеу болды ма және зейнетақы төлемдері қалай есептеледі?
Иә, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан өткен жылғы зейнетақы төлемдері 5% - ға индекстелді.
Қордан берілетін зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысымен бекітілген Әдістемеге (2021 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін өзгерістермен) (бұдан әрі - Әдістеме) сәйкес есептеледі.
Әдістемеге сәйкес, зейнетақы төлемдерін алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіледі және 12-ге бөлінеді. Белгілі бір санаттағы алушылар (егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, жиынтығында кемінде алпыс ай МКЗЖ төленген зейнетақы төлемдерін алушылар) үшін Әдістемеде түзету коэффициенттері көзделген.
Әрбір келесі жыл сайын ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне, яғни 5% ұлғаяды.
Бұл ретте БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады (2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрады). Тиісінше, ағымдағы жылдың басынан бастап Қордан ең төменгі төлем мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға (2022 жылы – 26 172,3 теңге) ұлғайды және 28 396,9 теңгені (70% * 40 567) құрады.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған тұлғалар бойынша зейнетақы төлемдері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының кемінде отыз еселенген мөлшерінде (2023 жылы 30 х 53 076 = 1 592 280 теңге) бұрын таңдалған кесте бойынша (жыл сайын, тоқсан сайын, ай сайын) жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты ортақ зейнетақыны есептеу өзгерді. Енді жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (ортақ зейнетақы) есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың шамасы 55 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте, егер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, бұрын Мемлекеттік корпорацияға зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ұсынылған кез келген үш жыл қатарынан орташа айлық табыс 46 АЕК-тен жоғары болса, қазірде зейнеткер ретінде зейнетақы алып отырған жандар үшін ортақ зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ұлғайтылды. Ол биыл 24 341 теңгеге тең (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%, 60%*40 567).
Нәтижесінде 2023 жылдың басынан бастап қазақстандықтардың зейнетақысының жиынтық мөлшері ұлғайды.
 
23 ақпан 2023 ж. 1 147 0