Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Артық ақша төлемеу үшін несие алғанда нені ескеру керек?

Артық ақша төлемеу үшін несие алғанда нені ескеру керек?

2019 жылы Президенттің пәрменімен 507 мың адамның несиесі кешірілген. Былтыр 30 желтоқсан күні белгілі критерийлер бойынша азаматтарды банкрот деп тану туралы заңды мемлекет басшысы мақұлдады. Мұндай шаралар тұтынушылардың төлем қабілетінің төмендеуі сынды мәжбүрліктен туып тұр. Мемлекеттік деңгейде мәселе көтеріліп, шара қабылданып жатқанымен, кәсіптен тапқан нәсібін ай сайын несие жабуға жұмсайтындар саны азаймай тұр. Биыл бұл көрсеткіш Ұлттық банктің сәуір айындағы есебі бойынша 15 триллион теңгеге жеткен. Бұл елдегі 7 939 000 адамның банкке берешегі. Бірі несиені дер кезінде өтесе, бірі қарызынан құтыла алмай «құрықталып жатыр». Соңғыларының несие шырмауынан шыға алмауы түбі түрлі әлеуметтік шиеленіске соқтырады. Ендігі жерде үкімет несие беру тәртібін қайта қарамақ.

Ал экономист, сарапшы мамандар азаматтардың қаржылық сауатын арттырмай мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес екенін алға тартады. Біз осы орайда экономист Мақсат Халықтан тұрғындар несие алуда басты ескеру керек маңызды мәселелерді тізбектеп, түсіндіріп беруді сұрадық.

«Сізге несие берді дегенде, көзін жұмып тұрып келісімшартқа қол қойып шығады...»

Экономист Мақсат Халық несиені қайтарарда артық ақша төлемеу үшін ескеру керек 5 маңызды мәселені егжей-тегжей түсінідіріп берді:

    Қаржы менеджерімен кездескенде қанша пайызбен несие берілетінін біліңіз.

Әдетте осы сұраққа қаржы менеджерлері номиналды пайыздық мөлшерлеме 16-18 пайыз деген секілді жауап береді. Мұны атаулы пайыздық мөлшерлеме деп те атайды. Асылында бізге негізгі керекті пайыз жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме. ГСВ деп тұрады. Годовая эффективная ставка вознаграждение. Тұтынушы осы мөлшерлеменің пайызын білу керек. Ол заң бойынша 2-ші деңгейлі банктерге 10 пайызды 56 пайызға дейін қою рұқсат етілген. Бұл комиссия сынды барлық қызметті қамтығандағы пайыздың формасы. Біздің елде ГСВ 40-50 пайыздан жоғары беріліп жатады. Ол өте жоғары пайыз. Азаматтар осындай жоғары пайызбен несие алса, өзінің қаржылық жағдайын нашарлатады. Қарыздың шырмауына кіріп, несиесін өтей алмау тәуекелі жоғары. Осы пайыздық мөлшерлеме қай банкте төмен сол банкпен келісімшарт жасауға болады. Бұл несие аларда бірінші мән беру керек дүние.

Келісімшартты оқып шығу керек.

Бізде көбінесе азаматтар сізге несие берді, «одобрение» алдыңыз дегенде қуанып кетеді де, келісімшарттың әр бетіне көзін жұмып тұрып қол қойып береді. Бұл дұрыс емес. Кей келісімшарттарда мынадай бөлім болады: «егер жылдық инфляция 10 пайыздың үстінде болса онда банк несие пайыздарын қайта қарастырады». Сізге ескертпестен «рефинансирование» жасайды деген жолдар бар. Мәселен, өткен жылы инфляция 20 пайыздың үстіне шықса, несиені автоматты түрде қайта қаржыландыруға жібере салады. Нәтижесінде пайыздар өседі. Қайтарып жүрген несиенің негізгі қаржысы да ұлғайып кеткендей болады. Осындайда азаматтар арасында «мен қанша төледім, неге менің негізгі қарызым азаймаған» деген секілді түсінбестік туындайды.

    Келесі маңызды мәселе несиені алу процесін рәсімдеу тәртібі.

Мұндайда қаржы менеджері несие алушыдан берекшекті аннуитет жолмен кесте бойынша төлейсіз бе әлде тең бөліп төлеуді таңдайсыз ба деп сұрайды. Тұтынушы тең бөліп төлеуді таңдаған дұрыс. Аннуитеттік жолды таңдағандар ұтылады. Әрине ол әдемі кесте болып тұрады. Бір сомма. Шартты түрде 1 миллион теңге алған болсаңыз ай сайын 50 мың төлейсіз дегендей. Көпшілік осы тәртіпті ыңғай көреді. Ал тең төлемде 65 мың теңгеден басталып әр ай сайын 500-1000 тг кеміп отырады. Әр айда қанша төлеу керек. Оны бақылауға аласыз. Бұл тәртіп көп адамдарға қолайсыз көрініп, бірден аннуитеттік тәртіп бойынша төлем жасауды таңдайды. Бірақ бұл жерде азаматтар ұтылады. Өйткені аннуитеттік жолда көп жағдайда пайыз жоғары болады және артық ақша төленеді. Мұнда ескерілетін келесі маңызды мәселе - аннуитеттік тәртіпте бірінші пайыздар төленеді, кейіннен негізгі қарыз өтеледі. Ал тең бөліп төлеу аты айтып тұрғандай төленген қаражаттың жартысы негізгі қарызды, жартысы пайызды жабады. Мәселен, шартты түрде 1 миллион алған азамат 1 жыл бойы төлем жасайды. 1 жылдан кейін кредитімді толық жауып тастайыншы деп қараса әлі 1 млн жуық қарызы бар болып тұрады. Мұндайда ол 1 жыл бойы банктің пайызын төлеген болып шығады. Тең бөліп төлегенде негізгі қаржы 1 жылдан кейін барып төлеу керек болса, мысалы 30 мың теңгеден негізгі қаржы жабылса 300 мың теңгеге негізгі қаржы кемиді.

    Банк комиссияларына мән беру керек.

Біршама банкте 7-8 пайыз комиссия бар. Келісімшартта 1 млн теңге алатындай рәсімделеді. Бірақ қолыңызға миллион теңге ұстамайсыз. Банк шот ашқаны үшін тағы басқа банк әрекеттері үшін комиссия ұстап қалып, шамамен қолыңызға 910 мың тг ақша аласыз. Алайда пайыздың бәрі бастапқы шарттағы 1 миллион теңгемен өтеледі. Кей банктерде нөлдік комиссия деген болады. Сол банктен несие алған дұрыс. Содан кейін комиссияның Ұлттық банкпен рұқсат етілген түрлері бар. Қазір мұны Қаржылық қадағалау агенттігі бақылайды. Банктер тек агенттік қойған комиссияны алуға құқылы.

    Сақтандыруды сұраңыз.

Дамыған мемлекеттерде несие беретін банк бірнеше сақтандыру компаниясын альтернатив ретінде ұсынады. «Мысалы мына компаниядан сақтандыру алсаңыз мынанша пайыз аз төлейсіз, кепілдендірілген, мына компанияда пайызы жоғары, репутатциясы жақсы деген секілді балама ұсынады». Бізде олай емес. Біздегі сақтандыру компаниялары, банктердің еншілес компаниялары болады. Олар несие алушыдан сұрамай автоматты түрде сол компанияны тіркеп жібереді. Тұтынушы осындай құқықтық, қаржылық тәртіптерді біле жүрсе артық шығынсыз несиесін өтеп, төлем қабілеті төмендемей қарыздан құтылады.

egemen.kz
Сурет: ашық дереккөз 
31 желтоқсан 2023 ж. 1 806 0