Мейрамбек Шермағанбет: Автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесін 91%-ға жеткізу межеленуде
Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактордың бірден бір бөлігі сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
Соңғы жылдары ауданда ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы жақсарып келеді. Жалпы, ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар.
Оның ішінде 261,8 шақырымына асфальт төселсе, 96,4 шақырым қиыршық тасты және 48 шақырым топырақты жолдар. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 88,2 пайызды құрап отыр. Түрлі жобалардың нәтижесінде, мердігер мекемелердің тыңғылықты жұмысының арқасында аудан жолдарының жай-күйі жақсы. Бұл туралы Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет Өңірлік коммуникациялар алаңының ақпарат алаңында баяндады.
- Биылғы жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би–Шөмішкөл» бағытындағы барлығы 20,4 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылуда. Жолды пайдалануға беруге республикалық бюджеттен қаржы қажеттігіне қарамастан мердігер мекеме «Қазалы жолшы» ЖШС өз қаражаты есебінен жобаны аяқтауға жұмыс жасауда. «Ауыл–ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр және Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жобасына 2024 жылға ұлттық қордан тиісті қаржы бөлініп, жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту жұмыстары мердігер мекеме «Болашақ» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталған соң жақсы жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 91 пайызға жеткізу межеленуде,- деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: ашық дереккөз