Сүйекші
Қазақ әдебиетінде шығармасымен танысқан сайын оқи түскің келетін жазушылар көп. Солардың бірегейі Дулат Исабеков. Әдебиет әлемінде жұлдызы жарық жазушының барлық кейіпкері есте қалады. Мейлі ол «Гаухар тастағы» Қайыркен болсын, «Дерменедегі» Омар немесе «Тіршіліктегі» Қыжымкүл болсын, өзінің мінез-құлқымен, болмыс-бітімімен көңілге айрықша орнайды. Қаламгердің төлқұжатына айналған «Қарғынды» сүйіп оқитын едім. Жақында «Сүйекші» кітабымен де таныстым.
Повеске жалаңаш денесіне қысы-жазы түйе жүнінен шекпенін тастамайтын қушиған молашы шалдың өмірі арқау болған. Бір үйдің тұңғышы болып, «Тұңғыш» атын иемденген ол дүниеге келгеннен бастап өмірден сый көрмей, 9 жасында «байдың баласын өлтірді» деп жала жабылған Шерәлі ауылынан шыққан әкесінің қарызына өтем ретінде әп-сәтте жалшыға айналды. Аманатқа берілген бала сол сәттен «Аманат» атанды. Оның әрі қарайғы өмір жолында да жарық сәуле жоқ еді.
Аманатын өтеп, баласын қайтарып алу жолында құдық қазып жүрген әкесі 1 жыл өткенде қайтыс болады. «Әкесінің ешкімі жоқ тақыр кедей екен, дүниеден озыпты» дегенді естігенде Аманатты алып қалған Доскей бай өзінің бұл ісіне өкінгендей еді. Десе де өзінің бауырын байқаусызда өлтіріп алған Доскейдің үлкен ұлы Үкітай Шерәлі байдың өзінен үстемдігіне ашуға булығып, Тұңғышты бар қателікке жазғырудан танбаған.
Біраздан соң олар ауылын Қабантауға көшіруді шешкен. Оны естіген ана жүрек шыдасын ба, Тұңғышын көруге келген ана сонау ауылдан құндақтаған баласын құшақтап жаяу жетіпті. Баласын мейірлене иіскеп, маңдайынан сипаған оның құшағынан Үкітай Тұңғышты суырып алып, айдап әкете барды. Араға көп салмай-ақ Доскей байдың кіші баласы Өмекей жұртта қалған ананың мәйіті мен қалың киімге оралған шалажансар баланы тапты.
Осылайша Қабантаудың бауырына алғашқы екі зират, екі төмпешік салынып, Тұңғыштың анасы мен түр-түсін белмейтін інісі жерленді. 1 ай бойы аманат баланың обалына қалудан қорқып Доскей мен Өмекей айтпаған бұл хабарды байқаусызда естіген оның зары барша ауылдың жүрегін езіп жіберген.
Тағы 1 жыл өткенде оның Тұңғыш аты да, Аманат аты да жойылып, Кеңкелес атанды. Әлемді тіреп тұрғандай көрінген Шерәлі де, Доскей де бақилық болды. Ендігі күні жауыз Үкітайға қараған ол тек алдындағы малдың амандығын ғана ойлайтын. Қанша жалғыз қалып, ой түбіне шомса да «қашан үйлі боламын, қашан мына тіршілік бітеді» деп ойланбапты. Бірде аласапыран көктем кезінде 1 үйір жылқыдан көз жазып қалған ол осылайша 31-ге қараған шағында ол Үкітай ауылынан біржола кетті. Аттың құйрығына байлаймыз деген хабарды естігенде іштей Тұңғыштың бір обалының ұшы өзінде жатқанын білетін, бауыры абайсыз құдықта қалғанда Тұңғыштың әкесі жазықсыз екеніне куә болған Өмекей өзі қашырып жіберген.
Өмірінің осы тұсынан кейін Тұңғыштың диуаналық кезеңі басталды. Ен далада диуана кемпірді көріп, алғаш рет өзінің мұң-зарын ақтарыла айтқан ол 15 жылын қайыр сұраумен өткізді. Диуана кемпірден үйренгенін істеп, батыс, шығыс демей үй аралағанда иықтағы қоржыны мың мәрте толып, мың мәрте босаған екен. Егер ұрылардың қолына түсіп, бейіт басында сүйекші шал оятпағанда, Тұңғыш бұл күнін де әрі қарай жалғастырар ма еді, кім білсін?!
Мола қазып күн көрген сүйекшінің үйі шаһардың ең шетінде екен. Үй дейтін үй де емес, есік-терезесі жоқ, ішін өрмекші торы жайлаған әйтеуір қуыс баспана. Ол да болса меншік қой, зират қазуды үйренсе сүйекші шал басқа қалаға кеткенде Тұңғышта қалмақ. Міне, Тұңғыш кішігірім қалаға осылай келді, диуаналықты сүйекшілікпен осылай алмастырды.
Қысы-жазы жер қазып, ыстық-суықта күтім болмаған Тұңғыштың бүгін аяқ-қолы сырқырап, денесі мұздады. Кешке дейін 2 зират қазуға уәделескен оның күші бірінің жартысын қазуға әрең жетті. Ауырсынып, жаны қинаған соң амалы құрып, шаһар шетіндегі үйіне ілбіп жетті. Терезесі ашық қалған үйдің іші азынап тұр екен. От жағуға жағдайы жетпей, терезені жастықпен қымтап, көрпелерді қалың етіп салды да, үстінен киіз жамылып жата кетті.
Араға көп өтті ме, аз ба, белгісіз, есік алдына жылқы мінген шал келіп, «кім бар, тірі жан бар ма?» деп айқайлады. Киіз астынан шығуға ерінген Тұңғышты көре салып, «Қомшаның Тұңғышы сіз бе?» дедеі де, өзін Өмекей деп таныстырып, көрісті. Үкітайдың іздеу салғанын, қартайып, жан тапсыруға қараған шағында Тұңғыштан кешірім сұрағысы келетінін айтты. Уәделі зиратты қазып болған соң ауылына баруға келісті Тұңғыш. Сөйтіп 3 күндік жол жүріп, ауыл шеті көрінгенде жылаған күйі ат үстіне аманат бала жан тәсілім етті.
«Алыстан келер деп күттіретін ағайын-туысы жоқ Тұңғыштың сүйегін ауыл кісілері ертеңіне сәскеде шығарды. Оның өліміне ешкім жылаған жоқ. Өмірге өзі қалай тыныш келсе, солай ың-шыңсыз тыныш аттанды. Тек қабіріне топырақ үйіп болғанда күтпеген жерден Өмекей ғана өкіріп жылады. Оның неге бұлай жылағанын былайғы жұрт түсінген де жоқ».
Әдебиет зерттеуші, академик Рымғали Нұрғали әдебиетке 60-70-жылдары келген буын туралы: «Балалық, бозбалалық шағы соғыс кездерінің қылышынан қан тамған қаһарлы, жаралы жылдарымен дөп келген ұрпақ өкілдерінен шыққан қаламгерлердің баршасына ортақ қасиеттер бар: ең алдымен бұлардың қай-қайсысы да өмірдің қара қазанында қайнап піскен, тіршіліктің тас диірменінде тартылған адамдар. Қаламнан өмір¬ге келмеген. Өмірден қаламға келген. Твор¬чес-тволарындағы басты сипат, бас¬ты құнар – өмірдің лебі, тіршіліктің бояуы» дейді. Бұл рас сөз.
Тұңғыш шығармада сөзге өте сараң кейіпкер. Шығарма барысында оның айтатын сөзі саусақпен санарлық қана. Соның ішінде «Иманды бол деңіз» деген сөзді үш рет айтады. Ол өзіне жақсылық тілеп, жақсы сөз арнаған адамдарға айтқаны. Яғни «бұл өмірде ештеңенің керегі жоқ, тек өлгенде иманды болсам жеткілікті» дейтін ниеттен туған. Көр қазып жүріп, күніне қаншама адамның арғы дүниеге аттанатынын көріп жүрген оның жеткен өз шындығы.
Сүйекші – бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған кейіпкер. Оны Дулат Исабеков жасады. Повестің атының «Сүйекші» аталуы да бекер емес ғой. Тұңғыштың мына өмірдегі ақырғы аялдамасы моланың маңы. Ол ешқашан сүйекші болуды армандаған жоқ. Бірақ тағдыры оны көр қазушы етті. Егер өмірге келгенде бізде бір мақсатпен туыламыз десек, аманат бала өзінің миссиясын бейсаналы түрде толық орындады.
Не десек те, Тұңғыш, Аманат, Үндемес, Кеңкелес, Дуана, Сүйекші, қай-қайсы да Алладан үмітін үзген жоқ. Ол күнә, қылмыс атаулыдан пәк күйінде, өзгеге де, өзіне де иман тілей жүріп, арғы дүниеге аттанды.
Дулат Исабековтің бұл шығармасы қазақ әдебиетінің қазынасы болып қала бермек.
Г.САҚТАПОВА