Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тауқымет»

«Тауқымет»

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бастап жазылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Иманғазинаның “Тауқымет” атты туындысы қалың оқырманның көзіне еріксіз жас келтірмей қоймасы анық. Өзінің ары мен намысы үшін он жеті жасына арбаға таңылған бойжеткеннің қиындыққа толы ғұмырын оқи отырып, оның алдағы өміріндегі сәтсіз оқиғаларымен де таныс боласыз.
Шығарма басы ондағы басты кейіпкер Сананың балғын балалық шағынан басталады. Әкесі лауазымды қызметте жүріп, қызының келешегіне де алаңдамай қоймайды. Сананың бала қиялындағы арманы өнерге жақын болу еді. Тіпті би билеп, ән салатын бойжеткен болатын. Дегенмен қызын медицина саласына оқуға түсіруді арман еткен әкесінің көңілін қимай, қызы амалсыз келісім береді. Оқуға құжат тапсырып жүрген уақытта «мұнда ешкімнің ата-анасы балаларымен бірге жүрген жоқ, сіз де ауылға қайта беріңіз» деп, әкесін қайтарып жібереді. Бала кездегі асқақ арманына нық қадам басуды көздеген бойжеткен, сол күні Алматы қаласындағы өнер саласына оқуға тапсыруға жолға шығады. Осы сәтте бойжеткен жүрек түкпіріндегі үлкен арманына жету жолы қандай қиын екендігін білсе ғой, шіркін...
Сыр мен мұңға толы үлкен қалаға алып арманмен ұшып жеткен қыз оқу орнына таяған сәтте бір жігітке жолығып қалады. Оған жатақханаға орналасуға көмек көрсеткен жігіт Сананы бір көргеннен ұнатып қалады. Біршама күндер өткен соң шарапқа сылқия тойған жас жігіт Сананың жатақханадағы бөлмесіне келіп, оған күш көрсете бастайды. Ары үшін жанын қиған қаракөз бойжеткен жатақхана терезесінен секіріп түседі. Осылайша, 17 жасында жағымсыз кісі кесірінен мүгедек болған өнерді де, сұлу қазақ қызының алдағы қиын өмірі баяндалады.
Бұл жай ғана айтылып немесе оқылып қоя салатын туынды емес. Мұндағы шығарма кейіпкерлері мен оқиға автордың басынан өткен қиындықтары болып табылады. Автор жоғарыда қозғаған оқиға туралы өзі: “Өз басымнан өткен сол бір қаралы күнді арада алпыс жыл өтсе де ұмыта алмаймын. Мен де біреудің гүлдей болып өскен қызы едім. Өзім армандаған оқуыма түскен күні, тапа-тал түсте, соңымнан қалмай жүрген көп жігіттердің ішіндегі еңгезердей бір айуан жатақханадағы бөлмеме кіре бергенімде артымнан қуа кіріп, есікті құлыптап алды. Алыс-жұлыс, ақырында ашық тұрған терезеден секіріп кеттім. Ол айуан сотталып кетті, мен болсам алпыс жылдан бері мүгедектіктің тауқыметін тартып келемін. Прокурор әкемнің, ол айуанның жетімдер үйінен шыққанын ескеріп, соттан он бес жылды сегіз жылға түсіруін өтінгені есімде. Түрмеден шыққан соң бір кемпірді зорлап екінші рет сотталып, тағы да аман-есен шығып, ақырында ішіп жүріп, өзі тұрып жатқан ескі үйде өртеніп өліпті. Міне, сол айуан кімге қандай бақыт сыйлады?! Өмірге не үшін келіп, не үшін кетті?!”–дейді.
Мұнан кейін махаббат жолында да, тұрмыстық өмір жолында да көптеген қиындықтарды еңсерген ана бүгінде “БИБІ-АНА” Қоғамдық қорының төрайымы болып отыр. Сонымен бірге асырауы жоқ қаншама аналардың қамқоршысы болып, Бибіананың ел білетін игі істері жетерлік. Ол жетім немесе жесір көрсе де, жалпы қиындықта қалған қазақ отбасына әрдайым көмек көрсетіп, қол ұшын созып отырады.
Бүгінгі күні бейбіт заманда әр адамның құқығы қорғалған. Дегенмен атаулы шығарма кейіпкері Сана секілді зорлық-зомбылықта қалып, өмір бойы өкініш шырмауында қалған бойжеткендер жетерлік. Сонымен бірге қазір елімізде мұндай іске барған қаныпезерлерге 20-25 жылға бас бостандығынан айырылатын етіп қойылған. Бұл да мұндай істің алдын алу шараларының бірі десек те қате болмас. Сол үшін жағымсыз жағдайлардың алдын алып жүрген абзал. Шығарманы оқи отырып, басты кейіпкердің өмір жолынан біршама сабақ алатынымыз рас.
А.НҰРЛАНОВА
27 желтоқсан 2022 ж. 458 0