Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ әдебиетінің мэтрі

Қазақ әдебиетінің мэтрі

Қазақ әдебиетінің классигі, Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісов тек қазақ әдебиетінде ғана емес,әлем әдебиетінде өшпес қолтаңбасы қалған қайраткер. Арал ауданы, Құланды поселкесі, Үшкөң ауылында туып, алақандай ауылдан шыққан азамат жаһанды мойындатады десе сенбеген болар едік. Бірақ Әбең әдебиеттің алып шыңын бағындырды. Қазақты, Аралды, теңізді өлкенің тағдыры мен тіршілігін жер-жаһанға танытты. Оның шығармашылығындағы шындық, өмір өз оқырмандарын елең еттірмей қоймады. Романдарындағы өз заманының боямасыз бейнесі суреткер жазушы екенін анық аңғартты. Жалпы, ғұмырын шығармашылыққа арнаған Әбдіжәміл Нұрпейісов жайлы айтар сөз таусылмақ емес. Бірақ дүниежүзіне танымал қаламгерлерден артық айта алмайтынымыз анық.
Мәселен, француз жазушысы Андре Стиль «Қан мен тер» трилогиясы «Осы бір ұлы романдағы сан қырлы, алуан бояулы дала мен оны мекен ететін халық өзінің бейтаныс әрі таңсықтығымен ежелгі бір далалық ауызекі тілде айтылған эпопея секілді бізді еліктіріп алып кетеді» дейді. Ал тағы бір француздық жазушы Луи Арагон «...Нұрпейісов пен Әуезовті салыстырғанда тым қарапайым болудың қажеті жоқ, өйткені «Ымырт» қазақ романының прогресіндегі жаңа баспалдақ. «Абай жолы» романын белгілі бір деңгейде Гетенің «Вильгельм Мейстерімен» қатар қоюға болады. Бұл екі роман да адам мінез-құлқының қалыптасуын көрсетудің әлі ешкім асып өте алмаған жарқын үлгілері. Ал Нұрпейісовтің романы болса, осы кітап¬тар тақылеттес.«Ымырт» романы суы ащы шөлдегі шыңырау құдық секілді (автор өз кітабында адам рухының өжеттігін көр¬сететін көп¬мәнді эпиграфты тектек-тек қолданып отыр¬ған жоқ қой). Нұрпейісовтің «Ымырт» романы секілді терең әрі тартымды кітаптар кейінде жазылған жоқ. «Ымыртты» қазіргі америкалық, француздық, не болмаса басқа да заманауи әдебиеттегі үлкен шы¬ғар¬¬малармен қатар қоюға әбден болады» деген екен.
Міне, жаһан жұртшылығын жазу шеберлігімен мойындатқан алып жүрек былтыр 5 ақпанда 97 жасында мәңгілікке тоқтаған еді. Теңіздің етегінде туып, толқынымен алысып ойнаған, тамырында Аралдың қаны тулаған қайраткердің қонысы кейіннен Алматыға ауысқанымен, жүрегі туған топырағында қалды. Классик жазушының үш романы жарық көрсе «Курляндиядан» бөлек «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парызы» теңізді өлкенің тұрмысына, балықшы қауымның тіршілігіне негізделгені де туған жерді, өзі өскен теңізді шексіз сүюінің айқын көрінісі. Мыңдаған шығармашылық өкілдері мен қошеметтің ортасында жүргенімен Аралды аңсауы, сағынуы оның атамекенге деген зор құрметі. Аралдықтар да өз перзентіне құрмет көрсетуден жалыққан емес.
Әбең өзінің соңғы парызы ретінде ақырғы мекенін де теңіздің жағында болса екен деп армандады. Сол арманына жетті деп те айта аламыз. Жазушының сүйегі Алматыдағы Кеңсай-2 зиратына қойылғанымен, өзінің аманаты ретінде танылған теңіз жағасындағы жайына тұтынған заттары жеткізіліп, арнайы ескерткіш тақта орнатылды. Оған лайықты құрмет жасалды.
Жалпы Әбдіжәміл Нұрпейісов туған жеріне әрбір келген сайын ескірмейтін жәдігерге айналған естеліктерін тарту етіп отырды. Оған көптеп мысал келтірсек болады. Соның бірі Аралдың талай тарлан тілшілері, от ауыз ақындары мен қаламына құдірет қонған қаламгерлерінің алтын ұясына айналған, шығармашылық өкілдерінің бас сұқпай кетпейтін қара шаңырағының төріндегі Абылай ханның картинасы.
КСРО мемлекеттік сыйлығын алған Мұхтар Әуезов пен Жұбан Молдағалиевтен бөлек үшінші адам, «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Әбдіжәміл Кәрімұлының еңбегі мен өмірінжастарға насихаттау жалғаса беретін болады. Жаһан мойындаған жазушының атындағы Аралдағы әдебиет үйі ол мүмкіндікке толықтай ие. Өмірден өткеніне жыл өткенімен, өмірлік жазбалары талай ғасырды қамтитын мәңгілік шығарма болып қалады. Қазақтың бас ақыны хәкім Абайдың «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген сөзі бекер айтылмаған ғой.
Ботагөз САРБАСОВА,
Арал қалалық тарихи музейі филиалының меңгерушісі
04 ақпан 2023 ж. 216 0