Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарызсыз қалай өмір сүруге болады?

Қарызсыз қалай өмір сүруге болады?

Қызылордалық Ақшолпан Әнәпия ақшаны оңды-солды шашатындардың қатарынан емес. Сол үнемділігінің арқасында үй де алып, саяхатқа шығып та үлгерді. Жас мұғалім мұның сырын бала күнінде қалыптасқан дағдымен байланыстырады.

– Оқушы кезімде қалтамда азын-аулақ ақша жүретін. Ешкімге айтпай, өз бетімше жинап әдеттендім. Студент болғанда стипендия, жұмыс істеп табатын, үйден келетін ақша бар, ең үлкен көлемде жинағаным 200 мың теңгеге жуық болды. 2013 жылы бұл студент үшін үлкен сома еді, – дейді кейіпкеріміз.

Ол жалақысын жоспарлы түрде жарататынын айтты. Жұмысқа тұрған алғашқы жылы баспаналы болуды мақсат етіп, жеті жыл ішінде алғашқы жарнапұл ретінде 4,5 млн теңге жинап, ипотекаға пәтер алды. Одан бөлек, елдің ішінде Алматы мен Баянауылға, елдің сыртында Тбилиси (Грузия) мен Стамбулға (Түркия) барып, естен кетпес әсерге бөленді.
– Оның бәріне ақшаны бір ғана жалақыдан жинадым. Артық той-томалақ, қыдыру, қымбат киім, тағы сол сияқтыларды доғардым. Әйтпесе, жалғыз айлықпен мақсатқа жету қиын. Табысымды қатаң жоспарлап, жұмыстан түсетін сыйақы немесе өзге де көздерден түсетін ақшаны тек депозитке салып отырдым, – дейді Ақшолпан Әнәпия.

Жастығынан бастап қарттығына дейінгіні ойлайтын, aқшaның кірісі мен шығысын үнемі бақылып, баланста ұстайтын адамды бір сөзбен «қаржылай сауатты» дейді. Бірақ бұл әдет жұрттың бәріне бірдей тән емес. Екінің бірі банктің мойнына мініп алған заманда ешкімге үнем туралы пәлсапа соға алмайсың. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметінше, елімізде 8,4 млн адам тұтынушылық несие алған. 1,5 млн адам банкке берешегін уақытылы төлей алмай жүр. Халықтың қарызға белшеден батуы талай шаңырақтың шайқалуына, ерлі-зайыптылардың ажырасуына, адамдардың ұрлық-қарлыққа, басқа да ессіз әрекеттерге баруына әкеп тіреп отыр.

Түйткілді мәселенің шешімі ретінде Үкімет ұсынған бір жол – «Қарызсыз қоғам» жобасы. Оны «Amanat» партиясы «Halyk Bank»-пен бірге былтырғы көктемнен бері жүргізіп келеді. Бұл қатарға биыл өзге де банктер қосылып, қолдау білдірді. Жоба «аш адамға балық емес, қармақ бер» тәмсіліне негізделген. Оған қатыссам, қарызымды жауып береді деп ойлау қате. Тәлімгерлер өз проблемаңызды өзіңіз шешуге көмектеседі.
– Пилоттық жоба ретінде басталған өткен жылы бескүндік курстарымызға 65 мың адам қатысты. Оң нәтижені көргеннен кейін Президент барлық өңірді қамтып, жобаны жалғастыруды тапсырды. Биыл республика көлемінде 750 мың (облыста – 8 мың) адамды оқыту жоспарланды. Оның 200 мыңы жасы 18-ден асқандар болса, қалғаны – оқушылар мен студенттер, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының облыстағы қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен.

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі жастардың 80%-ы несие алған. Басым бөлігі – бір-бірінен қалыспау үшін брендтік гаджет сатып алған студенттер. Тек небәрі 3%-ы бизнес ашуға несие рәсімдесе, қалғаны аса қажет емес, бірақ қөңілі ауған дүниеге шығындалған. Несиеге жиі ұрынатындардың ендігі бір тобы – қыз-келіншектер, көбіне күйеуінің, ағасының немесе жақын туысының қарызын өтеймін деп өздері тығырыққа тірелген.

Жоба сарапшысы елімізде тұтыну мәдениетінің төмен екенін, көпшіліктің қит етсе, бас-көзге қарамай банкке жүгіретінін алға тартты.

– Қазақ «көрпеңе қарай көсіл» деп бекер айтпаған. Қазір көзді қызықтыратын нәрсе көп. Несиеге, ақысын бөліп төлеп сатып алып жатқан дүниелер қажеттілік пе әлде қалау ма, әуелі соны біліп алған дұрыс. Жоба аясында қарызы көп, қаржылық қиындыққа ұшырағандарға заңгер тегін құқықтық кеңес беріп, әртүрлі мәселе бойынша көмектеседі. Бізде бір қарызды екіншісімен жабу әдетке айналып кеткен. Бұл жағдайда адам өз-өзін тоқтатпаса, жағдай күрделенуі мүмкін, – дейді Балдырған Мәмен.

Айтуынша, ақшасын басқарғысы келген адам алдымен кіріс-шығысын тұрақты түрде жазып отыруы керек.

– Мұның іш пыстыратын, эмоцианалды салмақ салатын, көңіл-күйді түсіретін жұмыс екенін түсінемін. Бірақ олай істемейінше қаржыны басқару мүмкін емес. Ақшаны жұмсауда қажеттілік пен адамның қалауын ажырата білу керек. Негізі қатты қалап тұрған, бірақ онсыз өмір сүруге болатын нәрсе көп. Міне, солардан бас тартып үйренсеңіз, ақша үнемделгенін көресіз, – дейді жоба өкілі.

Ол жылына жоқ дегенде бір рет несие тарихын тексеруге, күмәнді нөмірлерге жауап беруге, сілтемелерді баспауға, смс боп түскен құпия сөзді ешкімге айтпауға кеңес береді. Әйтпесе, алаяқтардың тұзағына түсесіз. Несие алуды шектеу үшін «eGov» порталы мен оның қосымшасындағы «Стоп кредит» қызметін қолдануға болады. Банктер мен қаржы ұйымдарының қосымшасында бұл қызмет түрі жоқ екенін ескеріңіз.

«Қарызсыз қоғам» жобасының курсына қатысып, білімін кеңейткендердің бірі – қазалылық Ақнұр Қуатбаева.

– Депозитке ақша салу ұғымы маған жат емес. Соның арқасында үй алдым. Сақтандыру үшін де ақша жинайтынмын. Ал курстан өткеннен кейін отбасы мүшелерімен бірге депозит ашып, отбасымыздың, балалардың болашағы үшін ақша жинай бастадым. Меніңше, әрбір адам бұдан тек танымын арттырып шығады, – деді ол.

Ақша жинау, үнемдеу бала күннен басталатын әдет екенін сөз басында айттық. Осы орайда «Kundelik.kz» платформасының тәуір оқу үлгерімі үшін беретін бонусы озат оқушылар үшін мотивация болып тұр.

– Мектепте балалар бір-бірімізбен жарысып оқимыз, жақсы баға алуға тырысамыз. «Бестік» үшін берілетін ақшаны жинап, қажетіме жаратуды үйрендім. Бейберекет жұмсамаймын, оқу үшін қажет дүниелер сатып аламын, – дейді қызылордалық оқушы Бекжан Нұржанұлы.

Тиімді жобаны қазір «Кundelik.kz» пен «Halyk Bank» бірлесе жүзеге асыруда. Банк өкілдері әлеуметтік жоба балалардың оқуда табысқа жетуі үшін сенімді көмекші болатынына сенімді.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
11 қазан 2024 ж. 151 0