Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АСЫРАУШЫ САЛА АЛҒА БАСУДА

АСЫРАУШЫ САЛА АЛҒА БАСУДА

Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсібі – елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дамуының маңызды бөлігі. Тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі ауыл шаруашылығы саласы үлкен өзгерістерге ұшырады, соның ішінде жекешелендіру, жер реформасы, техникалық жаңғырту және шетел инвестицияларын тарту мәселелері орын алды. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешені Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі салаларының бірі болып саналады.
Сала жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында "Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек" деген еді. Расында асыраушы саланың елдегі негізгі бағыттары қандай?
Ауыл шаруашылығының негізгі бағыттары
Қазақстан әлемде жер көлемі мен қолайлы климатына байланысты елде егіншілік және мал шаруашылығының дамуына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде астық экспорттаушы елдердің бірі ретінде арпа, жүгері, мақта, күнбағыс сияқты дақылдарды жаһандық нарыққа шығарса, мал шаруашылығының ішінде қой шаруашылығы, ірі қара мал, жылқы және құс шаруашылығы ерекше дамыған. Сонымен қатар суармалы егіншілік аймақтарында көкөніс пен жеміс-жидек өсіру кең таралған. Бұл елдің ішкі нарығын маусымдық өнімдермен қамтамасыз етеді. Ал Мемлекет басшысының сөзіне себеп болған агроөнеркәсіптегі қиындықтарға не себеп?
Қиындықты қалай жеңеміз?
Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенінің басты мәселелері ретінде өнімділік деңгейінің төмендігін, инфрақұрылымдық жеткіліксіздікті, қаржыландырудың шектеулілігін және аграрлық сектордағы инновациялардың баяу енгізілуін жатқызуға болады.
Бұл мәселелердің негізгі себептеріне, бірінші, жолдар мен көлік логистикасының дұрыс қолға алынбауын айта аламыз. Ол өнімдерді экспорттау үшін кедергі туғызушы фактор және қаражат мәселесі мен шағын фермерлерге оның қолжетімді болмауы, несиелік шарттардың тиімсіз болуы да басты қиындық. Және жоғарыда айтқанымыздай банктерге қатысты тәжірибені қолданудың кемшілігі. Егер осы олқылықтар оң шешімін тапса, айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет.
Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр» деп баса ашып айтқан болатын.
Сонымен қатар көптеген шаруашылықтар әлі де ескі техника мен технологияларды қолданады. Бұл өнімділікті төмендетіп, өндірістің өзіндік құнын арттырады. Сондықтан саланы цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу және экспорттық нарықтарды кеңейту арқылы дамытудың әлеуеті зор.
Цифрландыру және инновация
Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыру мен жаңғыртуға белсенді қадамдар жасауда. Мысалы, кей ауылдарда GPS навигациясы, дрондар, сенсорлық датчиктер және жасанды интеллект сияқты технологиялар қолданыла бастады. Бұл құралдар төрт түліктің, егістік алқаптарының жағдайын нақты бақылауға, тыңайтқыштар мен суару жүйелерін тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Жаңа өнім түрлерін шығару, өсімдіктердің төзімділігін арттыру және экологиялық таза технологияларды енгізу мақсатында биотехнология саласындағы зерттеулерге көңіл бөлінуде. Және Қазақстан су тапшылығы бар мемлекет болғандықтан, тамшылатып суару сияқты үнемді технологияларды қолдану да аса маңызға ие.
Аудандағы ахуал
Аудан ауыл шараушылығы саласында аймақ бойынша үздіктер көшінде келетінін мақтана айта аламыз.
Ағымдағы жылдың 9 айында Арал ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 9 803,7 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,2 пайызға артты.
Аудан үшін негзігі күнкөріс көзі болып саналатын мал басы санында да айтарлықтай өсім бар. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аудандағы барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 60 608 бас мүйізді ірі қара, 102 783 бас қой мен ешкі, (оның ішінде: қой 66 911 бас, ешкі 36 984 бас), 59 034 бас жылқы, 37 494 бас түйе және 5 020 бас құс (тауық) есепке алынды.
Осы малдарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 141,0 пайызға, қой мен ешкі 117,6 пайызға, жылқы 100,4 пайызға,  түйе 108,1 пайызға артқан.
Ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбеюде. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен ет өндіру (тірілей салмақта) 2 997,2 тонна, сүт өндіру (сиыр сүті) 2 860,8 тонна, жұмыртқа өндіру 108,4 мың дана болып, өткен жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда ет өндіру 103,3 пайызға, сүт өндіру 102,0пайызға, жұмыртқа өндіру 101,1пайызға орындалды.
Тынымсыз еткен еңбек еленіп, шаруаларымыз марапат төрінен көрініп келеді. Облыс орталығындағы өткен «Алтын дән» шарасында ауданымыз 2 жыл қатарынан «Мал шаруашылығы саласы» бойынша озат аудан» атанса, биылғы жылы «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясын иеленді.
25 қазан – Республика күні мерекесіне орай өткен облыстық салтанатты шарада «Ақбасты» балықшылар өндірістік кооперативінің төрағасы Жандос Құлманов  «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
НөөөөСонымен қатар, 2024 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 757,3 млн  теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,4 есеге  артығымен орындалып отыр.
Тамақ өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі – 753,9 млн теңге.
Егін шаруашылығы
2024 жылы аудан бойынша 1014,75 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Атап айтқанда, 6,1 гектар картоп, 99,89 гектар көкөніс, 404,76 гектар бақша және 503 гектар жоңышқа (ескі, жаңа),  1 гектар мақсары дақылдары егілді.
Осы егілген егістің 804 гектары шаруа қожалығында, 46 гектары заңды тұлғаларда және 164,75 гектары жеке тұрғындарда.
Бүгінгі күнге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан, яғни 6,1 гектар картоптан 58 тонна, 99,89 гектар көкөністен 1298 тонна, 404,76 гектар бақшадан 5181 тонна, 503 гектар жоңышқадан 855 тонна және 1 гектар мақсарыдан 0,4 тонна өнім алынды. Қазіргі таңда егіс жинау жұмыстары толықтай аяқталды.
Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, 2024 жылы Аманөткел ауылдық округіндегі «Camrl Pro» шаруа қожалығы 80 гектар жоңышқа жаңбырлатып суару, Ақирек ауылдық округіндегі «Асхат» шаруа қожалығы, Аманөткел ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер «Төреханов Елтай» және Сексеуіл кентіндегі жеке кәсіпкер «Боханов Ахметжан» 12 гектар бақша, көкөніс дақылдарын тамшылатып сурау әдісімен және «Шеру», «Алтай», «Нұр-Дана» шаруа қожалықтары 25 гектар бақша дақылдарын подпленка әдісімен орналастырды.
Өнімділігі жоғары егілген дақыл түрлеріне қарбыздың ницца, атаман, холор, блэйд, китано сорттары және қауынның күләбі, әміре, красная москва, торпедо сорттары жатады. Ал, қиярдың голландиялық сорттарының өнімі мол.
Қазіргі таңда, егілген егістен алынған өнімдер аудан және көршілес аудандарға сатылымға шығарылды.
Су шаруашылығы бойынша
Аудан халқының тыныс-тіршілігі теңізбен тығыз байланысты.
Кіші Аралды сақтап қалу, теңіз суын молайту үшін мемлекет тарпынан айрықша қолдау көрсетілуде. Еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына алдағы үш жыл бойы төрағалық ететін болады. Осы мерзім ішінде Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Соның бірі, Арал ауданы бойынша ірі көлдер жүйесі болып саналатын Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсында (Мырзас өңірінен) су торабын салу жобасы. Су тоспасы іске қосылғанда мыңдаған гектар жайылымдық, шабындық жерлерге өз деңгейінде су жіберілетін болады.
Кіші Арал теңізіндегі су қорын молайту мақсатында ағымдағы жылы Ташкент қаласында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан мемлекеттері арасында төртжақты келісім жасалды. Келісімге сәйкес вегетациялық кезеңде су алу лимиті белгіленді. Нәтижесімен жыл басынан осы күнге дейін Арал теңізіне 2 млрд текше метрден астам су жіберілді.
Айтып өту қажет, қазір «Көкарал» бөгеті де қайта жаңғыртылуда (реконструкция), жөндеу жұмыстары келер жылы аяқталады деп күтілуде. Бұл жұмыстардың барлығы теңіздегі су көлемін ұлғайтып, балық қорын молайту бағытында атқарылатын істер. Нәтижесінде балық шаруашылығы жанданып, өңіріміздің экономикалық ахуалына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Балық шаруашылығы
Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл бар. Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді, кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 16 түрі ауланады.
 Балық аулау кезеңі ағымдағы жылдың 1 шілдесінен келесі жылдың 1 шілдесіне дейін есепке алынады, сондықтан 2024 жылдан 2025 жылға дейін Кіші Арал теңізінен балық аулау межесі 6362 тонна болып бекітілген. 
Балық экспорты туралы
ҚР АШМ ВБжҚК-нің Арал аудандық аумақтық инспекциясының мәліметі бойынша  биылғы жылдың 10 айлық көрсеткішінде 1823,1 тонна балық өнімі экспортқа шығарылды.
Ауданда негізгі экспорттаушы кәсіпорындар мен кәсіпкерлер «Арал СДО» ЖШС, «Agrofish 2020» ЖШС, «Қарашалаң СДО» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС және жеке кәсіпкерлер «Ж. Қараев»,«С. Қошқарбаев», «Д. Кошекбаев» шет елге (Ресейге, Польша, Германия, Австрия, Венгрия, Грузия, Азербайджан, Нидерландия, Румения, Қытай, Дания, Литва, Қырғыстан, Эстония елдері) экспорттап келеді. 
Тоғанда балық өсіру шаруашылықтары
Ел Президенті Қ.К.Тоқаев халыққа арнаған жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін» үнемі айтып келеді.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы 2024 жылдың 8 ақпанында өткізген кеңейтілген отырыста, үкіметке «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есеге ұлғайту жөнінде» тапсырма жүктеді.
Негізі, облыстағы су айдындарының басым көпшілігін Арал ауданы құрайды. Соңғы жылдары Кіші Арал теңізіне түсетін судың көлемі едәуір азайды. Тиісінше ондағы балық қорының да мөлшері айтарлықтай төмендеді.
Ата кәсіпті үзбей, саланы әртараптандырудың өзге де жолдарын іздестіру арқылы оны дамыту біз үшін аса маңызды. Ауданда қолдан тоғанда балық өсіру шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні 8 тоғанда балық өсіру шаруашылығы өз жұмыстарын жүргізуде.
Бөген ауылдық округінен жеке кәсіпкер «Қ.Қарагенеев», Жаңақұрылыс ауылдық округінен «Қуаныш» шаруа қожалықтары тоғандарын тереңдетіп қазып, су жіберу жұмыстары жүргізуде.
Сонымен қатар, ауданында тұқы өсіретін тоған балық шаруашылығы құрылды. «Арал Рыбторг» ЖШС қазіргі уақытта 15 гектар аумақтағы 4 тоғанда балық жіберу жұмыстары бастады.
Ағымдағы жылдың маусым айында 7 млн 700 дана тұқы балықтары тоғанға жіберілді. Күзге дейін тоғандардың ауданы 25 гектарға дейін ұлғайту, содан кейін қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цехты орнату жұмыстары басталатын болады. «Арал Рыбторг» ЖШС тарапынан тауарлы балықтың алғашқы партиясын 2025 жылы алуды жоспарлауда. Жобаның құны 150 млн теңгені құрайды. Ал қуаттылығы жылына 300 тонна.
Бұдан бөлек, Аманөткел ауылдық округінен «Түрікпен» шаруа қожалығы, Қамыстыбас ауылдық округінен жеке кәсіпкер «Ә.Рақымжан» тоғанды балық шаруашылығын құру бағытында жер телімдерін алу бойынша тиісті мекемелермен жұмыстар атқарылуда.
Жер қатынастары саласы бойынша
Президент айтқандай, «Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет.
Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн».
Бұл бағытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы мемлекеттік меншігіне қайтарылатын жер учаскелерінің жылдық жоспары аудан бойынша 15000 гектар бекітіліп, бүгінгі күнге 15 270 гектар 13 жер учаскесі мемлекеттің меншігіне қайтарылды.
Агроөнеркәсіптің болашағы және дамуы
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызды бағыттарының бірі – экспорттық әлеуетті арттыру. Қазақстанда экологиялық таза өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Еуропа мен Азия елдері Қазақстан өнімдерін импорттауға қызығушылық танытуда. Әсіресе, органикалық және жоғары сапалы астық өнімдері сұранысқа ие. Осы бағытта Мемлекет шағын және орта шаруашылықтарға қолдау көрсету, субсидиялар беру және несиелерді жеңілдету шараларын жалғастыруда. Сонымен қатар, фермерлердің кооперативтерге бірігуі оларды ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруын жеңілдетеді. Және агроөнеркәсіптің экологиялық тұрақтылығын арттыру мақсатында жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық таза әдістерді қолдану басты назарда.
Қорытынды: Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсібі ел экономикасының маңызды әрі болашағы зор салаларының бірі болып табылады. Саладағы заманауи технологияларды енгізу, инфрақұрылымды жақсарту және фермерлерге қолдау көрсету арқылы Қазақстан өз өнімдерін әлемдік нарықтарға шығару мүмкіндіктерін арттырып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етері сөзсіз.

Гүлмарал САҚТАПОВА
16 қараша 2024 ж. 426 0