Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салада оң өзгерістер бар

Салада оң өзгерістер бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы "Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жариялады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарияланған маңызды құжатта халықтың бірқатар салаға басымдық беріліп, олардың бүгінгі кемшілігі мен жетістігі Президент назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ ол осы Жолдау арқылы салаларды дамытудың алғышарттарын айта келіп, алдына жаңа міндеттер қойды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығын атап өткен Қ.Ж.Тоқаев Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екенін айта келе, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес екендігіне тоқталды.

Еліміздегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруда ауыл шаруашылығы саласын дамыту маңызды рөлге ие. Өйткені тамақ өнімдерінің көбін өзімізде өндіруге мүмкіндігіміз жеткілікті. Ет, сүт, көкөністер мен жеміс-жидектердің барлығы біздің жеріміздің байлығы. Дегенмен биылғы ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуал реттеле бастады. Бұл қиындықтар біздің ауданда да орын алғаны белгілі.  Осы ретте Президент "жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал", деді.
         Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Бұл мәселені шешуде Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп  батыл шаралар қабылдауға тиістігін айта келіп, жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет екендігі алға тартты.
Мал шаруашылығын дамытуда ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.
Сондай-ақ Қ.Ж.Тоқаев аграрлық саясатымызда сабақтастықтың жоқтығын ашып айтты. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Сол себепті субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керек. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керектігін алға тартты.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылық саласындағы қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы ескіргендігін айтып, оны жаңарту керек, деді.
         Президент Жолдауында көзделген бағыттар аудан көлемінде де өз шешімін табатын болады. Аудандағы ауыл шаруашылық саласында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Өткен жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 10,0 млрд теңгені құрап, 102,1 пайызға артты. Мүйізді ірі қара 2,0 пайызға, жылқы 10,2 пайызға, түйе 7,2 пайызға, қой мен ешкі 1,4 пайызға өскен.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 26 заңды тұлға мен 920 шаруа қожалығы тіркелсе, оның ішіндегі 7 ауыл шаруашылығы құрылымы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Негізгі капиталға салынған инвестиция ауыл шаруашылығы саласы бойынша 156,3 млн теңге болып, 299,4 пайызға орындалса (2019 жылы 52,2 млн теңге), тамақ өнімдеріне салынған инвестиция 304,4 млн теңге (2019 жылы 3,7 млн теңге)  болды.
Аудан бойынша барлығы 193,0 гектар жерге егін егілді. Атап айтқанда: 98 гектар жерге көне жоңышқа, 2 гектар жерге картоп, 80,0 гектар жерге бақша, 13,0 гектар жерге көкөніс егілді.
 Сонымен қатар ауданнан ағымдағы жыл ішінде «Қамышорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы Германия, Голландия мемлекеттеріне 594 тонна қамыс және Өзбекстан Республикасына «КZ-MBK» ЖШС арқылы 136 тонна I-ші сұрыпты «Аралым ұны» экспортқа жөнелтілді.
 Ауыл шаруашылық саласының маңыздылығын баса айтқан ел Президенті саланы дамытудағы маңызды міндеттерге тоқталып, мәселені шешудің тетігін қарастырып берді. Алдағы уақытта саланың дамуы елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алға шығуына да оң ықпалын тигізбек.
Н. БАҚЫРАН

25 қыркүйек 2021 ж. 977 0