Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Толыққанды цифрлық экожүйе: маңызы, құрылымы және болашағы

Толыққанды цифрлық экожүйе: маңызы, құрылымы және болашағы

Бүгінде уақыт – бөлек, заман – өзгеше, қоғам – жаңашылдыққа бейім. Бүгінгі жаңалық ертең-ақ өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде күткеніміз ойлағаннан да ерте орындалып жатыр. Ояна салып сол уақыттың еншісіндегі технологияның табысына тәуелділікті бастаймыз. Алайда бұл тәуелділік қана емес, тиімділікке айналғалы қашан. Уақыт өткен сайын уақытты үнемдеуге бейімделген біздің сүріп жатқан өміріміз – осы. Бұл – XXI ғасыр, цифрландыру мен технологиялық ілгерілеудің ғасыры. Бүгінгі таңда экономиканың, білімнің, денсаулық сақтаудың, қаржының және басқа да салалардың дамуы толыққанды цифрлық экожүйелерді қалыптастырумен тығыз байланысты. Цифрлық экожүйе – бұл түрлі технологиялық құралдар, платформалар, қызметтер мен шешімдер біріктірілген, біртұтас жұмыс істейтін цифрлық орта. Осы цифрландырудың тіпті экологиялық ахуалды жақсарта алатынын сіз білесіз бе? Біз қазір айтамыз.
ЦИФРЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Цифрлық экожүйе – бұл өзара әрекеттесетін цифрлық платформалар, құрылғылар, қызметтер және пайдаланушылардан тұратын күрделі жүйе. Бұл экожүйе ақпарат алмасу, ресурстарды тиімді пайдалану және инновациялық шешімдерді енгізу үшін қолайлы жағдай жасайды. Оның басты мақсаты – процестерді автоматтандыру, қолжетімділікті жеңілдету, өнімділікті арттыру және жаңа мүмкіндіктерді ашу.
Жаһандық тәжірибелерде толыққанды цифрлық экожүйенің негізгі компоненттерінің бірі инфрақұрылым мәселесі. Ашып айтар болсақ, бұлтты технологиялар, теректер орталықтары жоғары жылдамдықты интернет пен байланыс желілері екені айтпасақ та түсінікті дүние. Алайда бұлардың қатарында мобильді және веб-қосымшалар, API-интерфейстері, ERP және CRM жүйелері сияқты платформалар мен үлкен деректерді өңдеу, жасанды интеллект және машиналық оқыту, аналитикалық құралдар мен болжамды модельдер секілді деректер мен аналитика бағытындағы басымдықтар. Сондай-ақ Қауіпсіздік жүйелері мен инновациялық шешімдер де бар. Мәселен, киберқауіпсіздік технологиялары, деректерді шифрлау және қорғау механизмдері, пайдаланушы аутентификациясы мен авторизациясы, интернет заттар, блокчейн технологиялары, виртуалды және толықтырылған шындық пен цифрлық экожүйенің артықшылықтарын қалыптастыру.
Бұл ретте іскерлік процестердің тиімділігі артыратын автоматтандыру арқылы уақыт пен ресурстар үнемдеуге бағытталған оңтайландыру, жаңа өнімдер мен қызметтерді жылдам енгізу мүмкіндігі бар инновация мен нарықтағы өзгерістерге тез бейімделуге мүмкіндік беретін икемдеу, сосын, әлбетте, қызметтерді кез келген жерден, кез келген уақытта пайдалануға жағдай жасайтын қолжетімділік қажет. Міне, осы міндеттер толықтай қамтамасыз етілді. Әлем бойынша әлеуметтік және өзге де мүмкіндіктер сыйлаған сараптамалық сұраныс бүгінде бір қалыпты дамып келеді.
МАСШТАБ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Цифрлық экожүйе алақандай дүние емес. Әлем әлеуетін айшықтап берген бастаманың негізінде жүзеге асқан ауқымды жұмыс. Ал ауқымды жаңалық әдетте қамтылған масштабпен өлшенері анық. Ендеше қазіргі таңда біз сөз етіп отырған тақырыптың маңызды масштабталуы қай деңгей деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Бірінші кезекте экожүйені бизнес көлеміне қарай кеңейту жеңіл болады әрі цифрлық экожүйенің салалардағы қолданылуын кеңейтеді. Бұл жағынан мүлтіксіз жұмыс жасап тұрғанын талай тәжірибелерден байқадық. Көз жетті, сүйсіндік, әлемдік жаңалықтың жақсысын өзіміз де пайдаланып келеміз. Нәтижесі көңіл қуантады.
Кезекті кеңінен мүмкіндік тудырған экономика мен қаржы саласындағы тиімділік. Мәселен, онлайн-банкинг, финтех шешімдер, криптовалюталар. Дәл бүгінгі уақыттың өзінде үйде отырып банк қызметтерін иелену, қаржыны басқару біршама жеңілдеді. Ал криптовалюталар болашақта барша әлемнің бірегейлігіне жағдай жасайтыны жайлы жиі айтылып, қолданыс көлемі де өсіп келе жатқанын көрсетті.
Білім беру саласындағы E-learning платформалар, онлайн-курстар, виртуалды сыныптар да осының жемісі. Басқасын айтпағанда, баланы балабақшаға тіркеуден-ақ басталатын кептеліске толы кезек қазірдің өзінде артта қалды. Ал одан кейінгі қадамдар қажет жағдайда қиындықсыз қол жеткізуге жол ашты.
Мұндай мүмкіндік тек бұл салада емес, денсаулық сақтау саласында да табысты жүзеге асуда. Телемедицина, медициналық деректерді цифрландыру, қашықтан диагностика шараларын шырғалаңсыз шеше аламыз.
Ауыл шаруашылығы саласындағы АгроTech шешімдері, дрондармен бақылау, ақылды фермерлік жүйелері талай шаруаның бейнетін жеңілдетсе, көлік және логистикадағы ақылды көлік жүйелері, автоматтандырылған жеткізу қызметтері – цифрлық экожүйенің жемісі
ҚАЗАҚСТАН ҚАМСЫЗ ҚАЛМАДЫ МА?
Егемендікке қол жетті. Бар-жоғы отыз жылды артқа тастап, енді ғана келесі бес жылдықты бағындыруға бет алған бейбіт халық неге қолжеткізді? Бұл сұрақтың жауабы көз алдымызда өтіп жатыр. Талайды тақымдап, дамудың жаңа қадамына көштік. Солардың қатарында цифрлық экожүйенің де жаңалығы жетерлік. Ал елдегі цифрлық экожүйенің дамуы қандай? Мемлекет басшысы, сарапшылардың болжамы бойынша он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдей келе, мұндай жағдайда Қазақстан өзіне еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды.
Мемлекет басшысы «бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. Дегенмен Қазақстанды одан әрі цифрлық трансформациялау үшін көп жұмыс істеу керек» деді.
Оның айтуынша, «Government to citizens», яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі. Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың «Invisible Government» мүлде жаңа форматына көшу қажет. Оның негізгі мәні – мемлекеттік саясаттың адамға баса мән беруі, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы. Мемлекет қабылдаған ауқымды шаралар мен шешімдер азаматтарға байқалмайды, олар тек нақты нәтижені көреді» деді Президент. Сондықтан барлық мемлекеттік қызмет барынша электронды форматқа көшірілетінін айта кетті.
«Нәтижесінде азаматтарымыздың өзімен бірге жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және басқа да құжаттардың 15 түрін алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады» деп атап өткен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «аймақ бойынша Қазақстан – IT саласын дамыту үшін өте жақсы жағдай жасаған елдердің бірі» деген еді.
Расында, Қазақстанда цифрлық трансформацияға бағытталған бірқатар стратегиялық жобалар іске асырылуда. Бір ғана мысал, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында интернетке кең жолақты қолжетімділікті арттыру, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру және IT-инфрақұрылымды дамыту шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, Astana Hub сияқты инновациялық орталықтар стартаптарды қолдап, технологиялық экожүйенің дамуына серпін беруде.
Мұнан бөлек электрондық үкімет (e-Gov) мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта қолжетімді болса, Astana Hub технологиялық стартаптарды қолдау орталығы ретінде экожүйені дамытудың қозғаушы күші болып отыр. Ал FinTech секторының дамуы Kaspi.kz және басқа да финтех-компаниялар айтарлықтай табысқа жетіп, цифрлық қаржылық қызметтерді кеңейтуде.
БОЛАШАҚТЫ ҚАЛАЙ БАҒАМДАУ ҚАЖЕТ
Десек те цифрлық экожүйенің дамуымен бірге бірқатар қиындықтар да туындайды. Киберқауіпсіздік мәселелері, деректерді қорғау мен жеке өмір құпиялығы, цифрлық теңсіздік (ауылдық және қалалық аймақтар арасындағы айырмашылық), IT мамандардың тапшылығы орын алмаса, болашақ біздің ырқымызда болады. Жасанды интеллект, 5G технологиясы, кванттық есептеу сынды жаңа трендтер цифрлық экожүйенің болашағын айқындайды.
P.S. Цифрлық экожүйе – Қазақстанның әрі қарайғы экономикалық өсімінің және жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Технологиялық инновациялар мен мемлекеттік қолдаудың үйлесімі елдің цифрлық болашағын жарқын етуге ықпал етеді. Алайда, бұл процесті тиімді басқару үшін стратегиялық жоспарлау, кадрлық саясатты дамыту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды болып қала береді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
11 ақпан 2025 ж. 27 0