29 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі
2019 жылғы 29 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады деп хабарлайды inform.kz.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Түркия Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика жарияланған күні (1923)
1923 жылы осы күні Түркия Республика болып жарияланды. 1920 жылы 23 сәуірде грек-түрік соғысы кезінде құрылған Ұлы ұлттық жиналыс Түркияны Республика ретінде жариялаған болатын. Алайда, Түркия Республикасы 1923 жылға дейін ресми түрде мойындалған жоқ.
Түркия - Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Оңтүстік-Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Болгария, Грекиямен, солтүстік-шығысында Грузия, Армениямен, шығысында Иранмен, оңтүстігінде Ирак, Сириямен, сондай-ақ солтүстігінде Қара теңізбен, солтүстік-батысында Мәрмәр теңізімен, оңтүстігінде Жерорта теңізімен, батысында Эгей теңізімен шектеседі. Астанасы - Анкара қаласы. Мемлекеттік тілі - түрік тілі.
Дүниежүзілік инсультпен күрес күні
Дүниежүзілік инсультпен күрес аясында өткізілген шаралар мен науқандардың негізгі міндеті - инсульт проблемасы туралы мәліметтерді арттыру, алғашқы көмекті дұрыс және уақтылы көрсету маңыздылығы. Уақтылы көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қана қоймай, мүгедектіктің алдын алуға септігін тигізеді.
Дүниежүзілік псориаз күні
Осы күнді атап өтуге бастамашы болған Халықаралық псориаз қауымдастықтарының федерациясы. Бұл күн псориаз немесе псориаттық артрит ауруына шалдыққан адамдарға арналып, тұрғындардың ол проблема туралы білуіне бағытталған.
ОҚИҒАЛАР
1949 жылы Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауыты құрылды. Бүгінде ол «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының құрамында басты кәсіпорын ретінде атом стансалары үшін ядролық отын өндіреді, бериллий, тантал, осы металдар мен олардың қосындыларынан ондаған бұйым шығарады.
1996 жылы Пәкістан Ислам Республикасыныңпрезиденті Сардар Фарух Ахмед Хан Легари ресми сапармен Қазақстанға келді. Сапар барысында екіжақты байланыстардың перспективалары туралы Қазақстан-Пәкістан бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.
Пәкістан президенті екіжақты қарым-қатынастардың жағдайы жайлы айта келе, Орталық Азиядағы Пәкістанның бірінші елшілігі Алматыда ашылғанын ерекше атап өтті.
1999 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Ғылым академиясы ғимаратының жанында орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге арналған ескерткіш орнатылды. Қола ескерткіш алматылық зауыттардың бірінде құйылған, ақын есімімен аталған көшеде қойылды. Жобаның авторлары - мүсінші Анатолий Бичуков, сәулетшілер Тоқтар Ералиев пен Анатолий Анчугов.
2010 жылы Талдықорғанда «Мәдени мұра» президенттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халық ақыны Сүйінбай Аронұлына ескерткіш ашылды. Биіктігі шамамен он метр болатын монумент таза қоладан құйылған, авторлары - танымал қазақстандық сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Әзмағамбетов.
2013 жылы ҚР Ұлттық банкі номиналы 100 теңгелік «Бокстан әлем чемпионаты. Алматы-2013» атты естелік күміс монетасын айналымға шығарды.
2014 жылы Ақтөбеде мүкісі бар азаматтарға арналған Қазақстандағы алғашқы видеодиспетчер қызметі ашылды. Оның жұмысының мәні былай: сөйлей алмайтын әрі мүкіс адамдар кез келген қоғамдық орында тілдесуден қиындық туғанда ноутбук немесе басқа бір гаджеттен Skype арқылы жест тілін білетін диспетчерге хабарласып, не қалайтынын сол арқылы айналасындағыларға жеткізе алады. 2016 жылы Уфада ІІІ Халықаралық «Күміс Ақбозат» ұлттық және этникалық кино фестивалі аясында Досқан Жолжақсыновтың (Қазақстан) «Құнанбай» фильмі Амир Абдразаков атындағы «Ұлттық рух үшін» сыйлығына ие болды.
2016 жылы Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Мұса Жәлел. Таңдамалы» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері болып өтті. Бұл жинақта алғаш рет өлеңдердің қазақша аудармасы ұсынылған. Бірегей басылымға «Моабит дәптері» атты әлемге танымал циклдің татар, орыс және қазақ тілдерінде 14 туындысы кірген. Қазақ тіліне Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Әбдірахманов (1938-2015) тәржімалаған.
2018 жылы энергетика саласындағы Қазақстан-Румыния инвестициялық қоры құрылды. Қордың қызметі жергілікті энергетика саласын дамытуға арналған жобаларды іскер асыруға, Румыния нарығындағы КМGI позицияларын одан әрі нығайтуға бағытталған.