Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 30 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

30 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 30 қазанға арналған «Атаулы күндер» мен «Оқиғалар» күнтізбесін ұсынады деп хабарлайды inform.kz.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық ортопедия мейірбикелерінің күні
Халықаралық ортопедия мейірбикелерінің күні – 1990 жылы Ортопедия мейірбикелерінің ұлттық қауымдастығының қолдауымен кәсіби мереке ретінде алғаш рет АҚШ-та аталып өтті. 2001 жылы халықаралық мәртебеге ие болып, оны атап өтуге Ұлыбритания, Канада, Мальта мен Гонконг мемлекеттері қосылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1993 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес елдердің мемлекет және үкіметтер басшыларының кеңесіне қатысу үшін Түркия астанасы Анкараға барды. Кеңеске Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері қатысты.
2006 жылы «Негізгі түрлердің атласы: жоғары сатыдағы өсімдіктер мен омыртқалы жануарлар» еңбегі басылып шықты. Оның ішіне жоғары сатыдағы өсімдіктер мен омыртқалы жануарлардың негізгі түрлері, соның ішінде балықтардың 9 түрі, құстардың 54 түрі, аңдардың 18 түрі кірді. Негізгісін Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін және жойылу қаупі бар, ресурстық, ауланатын, яғни адамдар тарапынан арнайы қорғауға мұқтаж түрлері құрайды.
2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінде Еуропарламент депутаты, Еуропарламентте «Еуропалық Халық партиясы және Еуропалық демократтар» атты ірі саяси фракция төрағасының орынбасары Струан Стивенсонның «Вечная скорбь» кітабының орыс тіліндегі аудармасы таныстырылды. Аталған кітапты автор Семей ядролық полигонындағы сынақтардың құрбандарына арнаған. Әйгілі ағылшын жазушысы Роберт Стивенсонның немересі Струан Стивенсон мен Голливуд киножұлдызы Кимберли Джозеф полигоннан зардап шеккен қазақстандықтардың тағдырынан хабардар. Олар 1999 жылы Семей өңірінде болып қайтқан.
2012 жылы Алматыда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Ұжымдық пайдалану орталығы» ғылыми зертханасы құрылды. Зертхананы құру мақсаты – адам геномы, протеомика және фармакогенетиканы зерттеу, Қазақстанның инновациялық көшбасшы ретінде мәртебесін бекіту және инновациялық орта мен ғылыми әлеуетті қалыптастыру.
2012 жылы Гаагада химиялық қаруды қолдануға тыйым салу ұйымында АТОМ жобасының тұсаукесері өтті. АТОМ жобасының мақсаты - әлемді ядролық қару сынақтарына қарсы күреске біріктіру және ядролық қару негізінде жатқан ғаламдық қауіп-қатер диалогын жандандыру; ядролық қару сынақтарын түбегейлі тоқтату үшін әлем көшбасшыларына ықпал ету;
әлем қоғамдастықтарының назарын радиоактивтік материалдардың бөтен қолға түспеуіне, оның қорғалуын қамтамасыз етуге аудару. 2012 жылы Астанадағы «Қазмедиа орталығында» өткен Қазақстанның Журналистер одағы басқармасы мен Бас редакторлар клубының отырысында Қазақстан Республикасы журналистерінің Әдеп кодексі қабылданды.
2014 жылы Түркияның «Пашакуле» мәдениет және білім орталығының өкілдері Қазанғап күйшінің 160 жылдығын тойлауға арналған іс-шараға қатысу үшін арнайы Ақтөбеге келді.
«Измирде 300 қазақ кіретін қазақ-түрік мәдени орталығы бар. Біз арнайы осы орталықтың басшысының өтініші бойынша Түркияға Қазанғап туралы барлық материалдарды жинап, әкету үшін келдік. Сондай-ақ, бұл композитордың бұған дейін танылған барлық күйлерін қазақ диаспорасына таныстыру үшін жазып аламыз деп үміттенеміз», - деп келудегі мақсатымен бөлісте «Пашакуле» орталығының басшысы Ердал Ертан.
2017 жылы «Баку-Тбилиси-Карс» (БТК) теміржол бағытының ашылу рәсімі өтті. БТК желісі ресми түрде Аляты ауылындағы портта (Бакуден 90 км жер) ашылған болатын. Салтанатты шараға Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан, Өзбекстан және Грузия Премьер-Министрлері Бақытжан Сағынтаев, Абдулла Арипов және Георгий Квирикашвили қатысты. Баку-Тбилиси-Карс теміржол бағыты әзербайжан-грузин-түрік мемлекетаралық келісімінің негізінде салынған.
Жобаны жүзеге асыру 2008 жылы басталды. Жоба аясында Грузияның Ахалкалаки станциясынан Карс қаласындағы теміржол станциясына дейін теміржол желісі салынған болатын. БТК-ның ұзақтығы 826 шақырымды құрайды.
2017 жылы Алматыдағы Ғылым ордасындаТүркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) түркология ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан әйгілі ғалымдар Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбайды арнайы алтын медальдармен марапаттады.
Сонымен қатар, жиын барысында Әбдуәли Қайдардың «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы» және «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы», түріктанушы Әмір Нәжіптің «ХІҮ ғасыр түркі тілдерінің тарихи салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдығы және «Жойылуы қаупіндегі Түркі тілдері» 4 томдық ғылыми басылымның тұсаукесері өтті.
2018 жылы Digital Bridge халықаралық инновациялық форумында цифрландыру саласындағы Қазақстандағы алғашқы сыйлық Digital Bridge Awards табысталды.
Сыйлық Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласында жоба өңдеумен айналысатын отандық компанияларды, мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқарушы органдарды Қазақстанның цифрлық түрлендіру саласында үлкен нәтижелерге ынталандыруға мүмкіндік береді.
30 қазан 2019 ж. 737 0