Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақталмаған үміт

Ақталмаған үміт

Желтоқсанның ызғарлы желі бойды қариды. Айналаны тегіс қар жапқан. Базар қызып, сауда жүріп жатыр. Жаңа жыл жақындап қалған соң адамдар сыйлық алып, бір-біріне жақсы тілектер айтып, мәре-сәре болуда. Бірақ Мадина әже айналасындағы бұл көріністердің бірде-біріне селт етпейді. Ол ішіндегі ауыр мұңмен арпалысып келеді. Бір ой ғана бар: енді қайда барып паналаймын?
Назерке Бақыран
Мадина әже өмірлік серігі болған Бұйра­баймен дүкенде сатушы болып жүріп танысты. Бұйрабай ол кезде жиырма беске таяған жас жігіт еді. Ауылдан балық әкеліп сатып, нәпақа табады. Ал Мадина дүкенші болды. Бұлардың көңілдері бірден жарасып кетті. Бірін-бірі ұнатқан соң, құдаласып, той жасалды. Осылай отбасылық өмірлері басталды. Мадина қайратты әйел еді. Ерімен бірге иық тіресіп жұмыс істейтін. Бала да тапты. Ата мен ене де бақты. Бұйрабай болса балық аулап, отбасын асырады. Әдетінше күнде таң қылаң бергеннен теңізге қарай бет алатын. Бүгін де сол ізден таңбай оянып алды. Есіктің «тырс» еткенінен Мадина да оянып кетті. Омырауында жатқан баласын көрпесімен қымтады. Босаға жақтауында тұрған шамды жағып, ерінің ас-суына әзірлік қылды. Суып қалған ошаққа от жағып, шай қайнатты, сырмағы мен күпәйкесін жылытып қойды. Сырттан енген Бұйрабай әйелін көріп:
– Жата бермедің бе, өзім бірдеңесін қылар едім ғой. Түнімен бала да жылап, ұйықтай алмадың ғой.
– Ештеңе етпес, үйдемін ғой. Сенің тама­ғыңды беріп жібермесем, бәрібір алаңсыз жата алмаймын. Бүгін өзі ұйқым қашып, көңілім алабұртып тұрғаны.
– Шаршағаннан болар, мен малдың шөбін беріп, бір-екілі тезегін тазартып қойдым. Оған алаңдама. Ала сиыр бүгін-ертең туып қалатын сияқты, желіні ісіп тұр екен. Оны өріске жібер­мей-ақ қой. Күн суық, бұзауы қатып қалар.
Осылай екеуі сығырайған шамның жанында шай ішіп отырып, «балалар оянып кетпесін» деген ишарамен сыбырласып әңгімелесіп жатты. Киініп, керегін жиып жатып Бұйрабай:
– Мадина...
– Ммм...
– Ештеңе...Сен
– Не болды, нені іркіп тұрсың? Айтсаңшы?
– Балалар саған аманат. Сен мықтысың ғой.
– Ту-у, қойшы сен де. Әзер болса кешке келерсің. Не болды сонша, неге күрсіне сөйлеп тұрсың?
– Жарайды. Көңіліңе алмай-ақ қой. Мен енді шығайын, Дастанбек күтіп қалмасын, – деді де, асығыс шығып кетті.
Дастанбек – балыққа бірге баратын көрші жолдасы. Оның мотоциклі бар еді. Екеуі сонымен теңіз жағалап келетін. Соңғы әңгіменің сырына үңілмеген Мадина жан-жағын жиыс­тырып, балаларының қасына жантая кетті. Таң атып, үйдің қым-қуыт тірлігі басталды. Балаларының үлкені Дина мектепте оқитын. Қалғандары кішкентай еді. Үш қыздан соң тапқан жалғыз ұлы Аңсар – 9 айдан асқан жөргектегі бала. Түс ауа Дастанбектің үй жағына көзі түсіп кетті. Қарақұрым ерлер жиылып алған. Арасында Дастанбек те бар сияқты. Мадина бастапқыда мән бермеді. Кенет әлгі адамдар осында бағыт алып келеді. Бойы мұздап, жүрегі алқынып аузына тығылды. Жамандыққа жорығысы келмеді. Қол-аяғы діріл қағып, орнынан қозғала алмай қалды. Әлгі адамдар үйге еніп: «Айналайын, бекем бол, ажал айтып келмейді» дегенде, Мадинаның құлағы шыңылдап, көзі қарауытып кетті. Содан соңғысы есінде жоқ. Бір есін жиса, шуласып жылаған әйелдер, ауылдың ақсақалдары, ағайын-туыстар жиылған екен. Бұйрабай тулап жатқан теңізге шығық кеткен екен. Содан асау толқын оны жұтып әкетіпті. Көпке дейін мүрдесі де табылмай, бүкіл ауыл жабыла іздеп, әзер дегенде тапты. Жер қойнына тапсырды.
Мадина жүдеп кетті. Бұғанасы қатпаған кіш­кентай балалармен жас күнінен жесір атан­ды. Жөргектегі баласын үлкендеріне тапсы­рып, базарға шықты. Бұйрабайдың оша­ғын өшірмей, өзі тапсырып кеткен балалары мен дүниесіне ие болып қалды. Жылдар өте берді. Балалары ержетті. Оларды оқытып, маман­дық алып беріп, қыздарын құтты орнына қон­дырды. Жалғыз ұлы Аңсар да келін әкеліп, Мади­наның қуанышы еселенді. Бұл кезде жас­тайынан ыстық пен суықта бейнетпен күн кешкен ана денсаулығы да сыр берген еді. Буындары сырқырап, аяғын баса алмай қалатын, қолқасы алқынып ауа жетпей қиналатын. Баласының тойында Мадина ерекше қуанды. «Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды» деп мәз-мейрам болды. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Көп өтпей-ақ келіні билігін жүргізе бас­тады. Аңғал ұлы әйелінің айтқанынан шыға алмайтын әумесер болып шықты. Әйелінің сөзіне еріп, анасына дауыс көтеретінді шығарды. Дастарқан басында асын сілкіп беретін келін, едірейе қарайтын бала Мадинаны жүрек ауруына шалдықтырды. Немерелер де өмірге келді. Бір қуанса, бір қайғырып қалатын. Отбасында күнде жанжал, Мадинаның мазасы қашты. Бірде келіні:
– Апа, осы сіз неге қарттар үйіне бармайсыз? Онда жақсы қарайды ғой. Аты қарттар үйі болғанымен, шипажай сияқты дейді ғой. Әрі уақытылы ем жасайды екен. Өзіңіз қатарлы кем­пір-шалдар болады. Мүмкін, сол жақтан шал кезіктіріп, бақытты болып кетерсіз, – дейді.
– Е-е-е, шырағым-ай, мені жақтырмай­ты­ныңды айтпасаң да білемін. Бірақ бұл менің шалымнан қалған шаңырақ. Біле білген адамға нағыз бақыт осы жерде. Оның шырайы мен шырқын кетіретін сендей шүйкебастар болмаса, мен ауырмас та едім, бақытқа кенеліп отырар ем. Шалың не, қалқам?! Мен атаңды жер қойнына тапсырғанда қазіргі сенің жасыңда болатынмын. Содан бері осы балаларым кісі босағасына жаутаңдамасын, жетім көңіл болмасын деп ешкімге көңіл бөліп, есігімді сығалатып, етегімді түргізбедім. Енді мына жасқа келгенде шалды қайтемін, – деді де, көз жасын көрсеткісі келмей, тысқа шығып кетті.
Келіннің сөзі рас болып шықты. Кешке жұмыстан келген баласы Аңсар бөлмесіне кіріп кетті де, жауғалы тұрған күндей қабағы қатуланып шықты.
– Апа! Раушанға неге тиісесің? Оған неге баламнан ажырас деп жүрсің? Үйден қуып жіберем депсің ғой.
– Ойбай-ау, балам! Алла куә, мен ондай ештеңе айтқан жоқпын. Қайта ол маған қарттар үйіне бар деп үгіттеп отырған...
– Иә, иә, апа! Сен сол жаққа неге кетпейсің-а? Бұл үйді мен атыма аударып алдым. Енді сенің ешқандай заңды үлесің жоқ. Өткенде қол қойғызып алған қағаздар үйді маған аударуға келісемін деген құжаттар болатын. Сен білмей қалдың.
Арғысын Мадина тыңдап жатқан жоқ. Орнынан түрегелді де, бөлмесіне барып жатып қалды. Баласының соншалықты қайырымсыз болып өскендігіне өзін кінәлады.
Таңертең тұрды да «мен шынымен бұлардың өміріне кедергі болған болсам, кетейін үйден. Ажалым жетсе өлермін. Өлмесем бір пана табармын» деді.
Үйден шығып барады. Бала мен келін үнсіз отты көздерін қадап отыр.
– Қайда кеттің? – деді баласы.
– «Жақсыдан жаман туады бір аяқ асқа алғысыз» деп қазақ бекер айтпаған екен. Әкең тірі болғанда сен де, мен де мұндай күйге түспес едік. «Алладан бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп үлкендер бекер тілек қылмайды екен ғой. Сендер менің қадіріме жете алмадыңдар. Менің өмірлік көрген бейнетімнің қасында сендер көрсеткен ақырет асып түсті. Мен сендерге әркез тілекшімін. Аман болып, әкең қалдырған шаңырақты шаттыққа толтырыңдар, – деп иегі кемсең қаққан ана үйден шығып кетті.
Өзіне таныс жолдармен жүріп келеді. Бір кездері осы баласын емізу үшін омырауы сыздап, базардан үйге дейін осы жолмен жүгіріп келетін. Базар маңы. Анау жерде ең алғаш Бұйрабаймен танысқан еді. Мынау өзінің сатушы болған дүкені. Қазір бәрі өзгеріп жаңарса да, бұрынғы қалпында көз алдына елестеді. Мадина жаңа жыл мерекесін ерекше жақсы көретін. Сол мерекеде жасалу керек барлық жоралғыларды жасап, жақсылықтан үміттенетін. Міне, жаңа жыл да өтті. Ал Мадина қайда барарын білмей, көше кезіп жүр...
Өмір-ай десеңші. Кешегі ұлы туған анасын неге қамықтырды? Қай жерден қателесті? Басқа жазылған тағдыр осы болар деп қалың ойға шомған күйі белгісіз бағытқа жүре берді...

22 қаңтар 2020 ж. 1 074 0