Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 45 минут қозғалыс немесе ең пайдалы спорт

45 минут қозғалыс немесе ең пайдалы спорт

Мектеп қабырғасындағы денешынықтыру пәні әдетте «өзекті пәндердің қатарынан емес» деген сөзді жиі болмаса да естіп жататынымыз жасырын емес. Дегенмен сыныптан сыныпқа көшу кезінде емтихан мен түрлі сынақтар алынбаса да, жоғары оқу орнын таңдаған тұста кәсіби спортшы болуды немесе болашақта әскери салада қызмет етемін деушілер осы пән бойынша түрлі сынақтардан өтеді. Жүгіру, суға жүзу, өзге де тапсырмаларды орындау қажет болады. Сондықтан бұл пәннің де өзіндік ерекшелігі бар деп анық айта аламын.
Мұнан бөлек, спорттың, дене­ше­нықтыру мен салауатты өмір салтын сақтауды адам өмірінде ең маңызды дүние дер едім. Мейлі ол ер адам болсын, әйел адам болсын, күнделікті өз денсаулығына көңіл бөлген абзал. Қашанда жаттығу мен спортпен аз уақыт болса да шұғылданып тұру қалыпты өмірдің кепілі болады. Сондай-ақ күніңіздің сәтті әрі көңілді өтуіне де себепші екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ендігі кезекте салауатты өмірді қалыптастыру үшін қандай жаттығулармен шұғылданған тиімді, нәтижелі екеніне тоқталып өтсем.
Осы саланың мамандары ұзақ уақыт спорттың қай түрімен айналыс­қан адам денсаулығына пайдалы деген сауалға жауап іздеді. Бірнеше елдің ғалымдары арасындағы пікірталастың қорытындысы төмендегіше болды. Көпшілігінің зерттеуі бойынша жүзу, жүгіру, шаңғы және жеңіл атлетика спорты алдыңғы қатарларды иеленсе, бірінші орында жаяу жүрудің пайдасы зор екені дәлелденді.
Жаяу жүру қарапайым ғана қағида болып көрінер. Бірақ шындығына келгенде бұл да спорт. Дәрігер маман­дардың кеңесі де көбіне осы жолды нұсқайды. Денсаулығында кінәраты бар немесе өте ауыр салмақты адамдар үшін ақ халаттылар жүгіруге үзілді-кесілді қарсылық танытады да, керісінше, жүруді ұсынады.
Жаяу жүру адам ағзасына ғана қызмет жасамайды екен. Артық сал­мақтан арылуды армандағандар үшін және сырт сымбатын сүйкімді көр­сеткісі келгендерге таптырмас мүм­кіндік.
Мұнан бөлек, ешқандай қаражат пен дайындық залдарын, жаттығу бөлмелерін қажет етпейтіні тағы бар. Расымен-ақ, кез келген уақытта, қалаған жерде, қолжетімді жағдайда жүруге мүмкіндігіміз бар. Тіпті бөлме ішінде де қалауымызша бұл спортпен айналысуға болады. Бірақ бөлме ішіндегі қозғалыс бізді жалықтырып жіберуі мүмкін.
Сондықтан ғалымдардың сараптамасы бойынша таза ауада, табиғат аясында көп серуендеудің септігі мол. Жан-жағымыздағы біртектес дүние­лерді көріп, алға жылжығаннан гөрі, таза ауа аясында адымдап кеткенге не жетсін. Әсіресе таңғы және кешкі серуенді осылай өткізсек нұр үстіне нұр болар еді.
Біздің айтқанымыз жаяу жүрудің пайдасы. Мұнан бөлек, жүрудің қан­шама техникасы бар. Оларды жетік меңгерсек, жеңіл жүріспен дертімізге ем, бойымызға жеңілдік сыйлай аламыз. Тек өзімізді қинап, жылдам жүруге ұмтылмағанымыз жөн. Сер­уендеу үстінде сөйлеп көрейік. Ентігіп қалмасақ – бәрі қалыпты. Ал ентігіп қалған жағдайда бәсең жүріске көшу керек.
Мен жаяу жүрудің пайдасына мысал боларлық жандарды өмірден келтіріп кеткім келеді. Бала шақтан болашағыма бағдаршам бола біл­ген ұстазым Николай Иванович Пар­феновтің ешқашан көлікте жүр­генін көрген емеспін. Қашан да жаяу жүрген жанның өмірі маған сабақ болып, бүгінде денешынықтыру пәні мұғалімі болып жүргенім сондықтан болар. Кейіннен қызметте жүріп те мұн­дай жандарды жолықтырдым. Әріптес ағамыз Бақ Дүйсенбаев солардың бірі. Қырық жыл, бәлкім, одан да ұзақ ғұмырын ұстаздыққа арнаған ағамыз қаланың бір шетінен екінші шетіне үнемі жаяу қатынайтын. Соның пайдасы болар, зейнет жасына келсе де қимылы ширақ, сүйегі жеңіл көрінетін. Қазірде зейнетке шыққан ол қашан да жаяу жүрудің жақсылығын айтудан жалыққан емес.
Бұл мақаламмен оқырманға ой салғым келді. Артық салмақ пен сыр­қат көбейген бүгінгі қоғамға өзіміз кінәлі емеспіз бе?! Ойланып көріңіз... Бәлкім, жұмыс орныңыз айтар­лық­тай алшақ болмаса жаяу жүріп тәуекел етер ме едіңіз?

Нұр ҚАЙЫРЛАПОВ,
№220 орта мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі
22 ақпан 2020 ж. 831 0