Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәселе – сақтық пен тазалықта

Мәселе – сақтық пен тазалықта

Аудандық «Толқын» басылымның өткен санында аудан әкімі М.Оразбаевтың «Жұмыла білсек, жеңеміз!» деген мақаласы жарияланды. Әрине, ауруды, оның ішінде әлемді алаңдатып отырған короновирус инфекциясын жеңу оңай болмауда. Ел-елдегі мамандар білек сынап кірісіп-ақ жатыр. Еңбектері жеміссіз де емес. Осы орайда аудан әкімдігінің де заңда көзделген шараларды атқарып жатқанын көріп-біліп отырмыз. Соған қолдау жасауға тиіспіз.Ол үшін әр отбасы, әр азамат сақтық, тазалық ісіне жұмылғаны жөн.
Қазақылыққа салынып, көз жұмбайлыққа баруға әсте жол бермейік. Біздің аудан халқы да көз жұмбай, сақтанбай, ойланбай алдын-ала дайындық жасамағандықтан опық, зардап шеккен кездері де болды. Соның бір фактісін келтірсем артық болмас деймін.
Аға ұрпақтың есінде болар. Со-н-ау 1945-жылдың қыркүйек айында Арал қаласынан 200-250 шақырымдай шалғайда қатар орналасқан «Ақбасты» мен «Ауан» ауылынан «Адамдар өліп жатыр» деген жантүршігірлік хабар жан-жаққа тарайды. Апырай, 500-дей үй қожалығы бар үлкен мекенде не болды екен деп жұрт дүрлігеді. Ауданнан, облыстан, республикадан дәрі-дәрмегін арқалап ақ халаттылар жетеді. Алғашқыда түйнеме деп диагноз қойылып ем-дом жасалады. Бірақ өлім тоқтамайды.
Ал аурудың себебін анықтағанда не болды дейсіз ғой? Әңгіме былай өріледі. «Ақбасты» ауылынан бір әйел түйемен Сексеуіл стансасына барып қыдырыстап қайтады. Келгесін түйе байғұс өледі. Ешбір тексерусіз түйені 12 жілікке бөліп алады. төбе-төбе ет алғандар көрші-қолаңдарын қонаққа шақырады. Ертеңіне-ақ түйені союға қатысқандар мен жаныпелінде болғандар бірінен кейін бірі о дүниеге аттанады.
Соғыс және еңбек ардагері сол «Ақбасты» ауылының тумасы, есімі танымал Құдайберген Жасекенов деген ағамыз болды. Бір кездесуде ел басына төнген сол ауру туралы сыр тартқанымда:
- Иә, иә... Бәрі бүгінгідей есімде,-деді Құдекең,-соғыстан жаралы болып келгесін қалада емделіп жатқан едім. Досперген інімнің қайтыс болғанын және туған анам Хадишаның әлі нашар дегенді есітіп, кемеге отырғалы портқа келсем «Ақбасты» мен «Ауғанға» сумен де, қара жермен де қатынас тоқтаған. Бірақ «Орал» кемесі «Құланды» түбегіне жүргелі тұр екен. Соған міндім. Ол тубектен 15-20 шақырымдай жаяулап «Ақбастыға» келдім. Ауылды әскер қоршап алған. Сыртпен де, ішпен де еш байланыс жоқ. Анашымның Қиюша Жылқыбаев есімді інісі соғысқа кеткенді. Сол Қиюшаның екі қызы да ауырған. Соларды күткен анам да, қыздар да мерт болған. Көбісі бір-біріне көмектесемін деп бақилық болған. Өлім көбейгесін оларды жерлейтін арнайы команда жасақталған. Сөйтіп белгісіз індеттен 139 кісі өлім құшқан.
Ақыры Саратов қаласынан бір профессор—дәрігер келіп
(Жуков—Вережников) түйеге бүргеден жұққан оба ауруының емін тауып, өзге халықты өлімнен құтқарады. Бұған дейін оба ошағын емі жоқ індет деп сол мекенді түгел өртеп жібереді екен.
Әні, көрдіңіз бе? Түйені жіліктеп соймас бұрын мал дәрігеріне тексертіп алса, сақтық шараларын жасаса еш пәле жоқ қой. Сәл нәрсеге немкетті, жайбарақаттықтан қанша дүние бүлінеді? Сондықтан да сақ болайық, ағайын! Өзіңе-өзің бекем бол. Жұртқа кесіріңде тигізбе. Той-домалақты, ас беріп, құда шақыруды тоғара тұрғанымыз жөн болар.
ШӘКІРАТ ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
ДЕРБЕС ЗЕЙНЕТКЕР.
АРАЛ ҚАЛАСЫ
31 наурыз 2020 ж. 508 0