Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Таза болсың, судай бол!

Таза болсың, судай бол!

Күнделікті өмірде «Имандылық негізі – тазалық» деген түсініктің ауызекі тілімізде қолданылып келе жатқанын білеміз. Бұл ұғым тазалықтың имандылықтан бөлінбес біртұтас екенін көрсетеді.Тазалықтың жоғары сипатқа барынша ие болуы тек бұл екеуінің жалаң ғана байланысын білдірмейді, сонымен қатар тазалыққа, адам жанында мықты орналасқан сеніммен байланысқан имандылық қосылғанда ғана осы мағынаға ие екендігін білдіреді. Имандылыққа апарар бірден-бір жол – тазалық. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деген мақалдың астарында да терең мағына жатыр емес пе? Еуропалықтар ХІХ ғасырда ғана қолға алған тазалыққа мұсылмандар VІІ ғасырда-ақ ерекше көңіл бөлген.
Пайғамбарымыздың өзі тазалық мәселесіне көңіл бөлген. «Таза болсаң, судай бол» демекші, әрбір адам дене мүшесінің тазалығына да ерекше мән бергені дұрыс. «Тамақтың берекеті – тамақтың алды мен артында қол жуу». Сондай-ақ ұйқыдан тұра салысымен, қандай да бір ыдысқа қол жүгіртпестен алдымен қолын жусын. Ол тазалыққа пайдалы», – делінген. Исламдағы тазалық адам жаратылысын толық қамтиды. Тазалық сергектікке әкеледі. Жеткіншектерді тазалыққа тәрбиелеу отбасындағы тірліктен басталады. Балаларды таза жүруге, тазалыққа жақын болуға үйретіп, көшеге, мектеп ауласына, жұмыс орнына және адамдарға зиянын тигізетін күл-қоқыстарын кез келген жерге тастамауға баулуымыз қажет. Адамдардың жастайынан жақсы нәрселерді көріп, естіп, қабылдап, дағдылануы қажет. Кейбір замандастарымыз шетелдік көлікке жайғасып алып, терезесінен қоқысты, не өзі пайдаланған заттарды кез келген жерге тастай салуды әдетке айналдырып жүр. Бұның өзі әрбір адамның қандай екенін көрсететін бірден-бір факт. Өз туған жерін аялайтын, еліне патриоттық сезімі бар жан өзінің жұтып отырған ауасы мен ішіп отырған суына зиянын тигізбеуі тиіс. Көшеге тастай салынған қоқыс адамның денсаулығына зиянын тигізетіні анық. Бұл әрине, адамдардың арасында көптеген аурулардың таралуына әкеп соғады. Екіншіден, адамның жұмысқа деген қабілетіне кері әсерін тигізеді. Ол үшін әрбір адам тек тазалықты сақтағаны жөн. Тазалық – имандылықтың материалдық жағынан ажырамас бөлігі болған сайын, оның мағыналық жағы да арта түседі. Тазалық – тек сыртқы көркем көрініс қана емес, ішкі жан дүниемен де тығыз байланысы бар екенін түсінсек жетіп жатыр. Өмірде өтірік айтпайтын, жаман сөз сөйлемейтін адамды «таза тілді», ал жалпы қоғамның, жекелеген адамның дүние-мүлкіне қол сұқпайтын адамды «таза қолды адам» деп айтамыз. Ендеше, рухани және материалдық жағынан тазарған қоғам таза қоғам деп есептелетіні белгілі. Адамның денсаулығы –қоғамның байлығы. «Тазалық – денсаулық негізі, денсаулық – байлық негізі» дегендей, әр адам өз денсаулығына қатаң қарауы тиіс. Өз өміріңнің нұрлы болуы, жан-жағыңа шуағыңды төгіп, зер салуың да деннің саулығына байланысты.
Сыртқы тазалықпен қатар ішкі рухани тазалыққа да адамзат баласы аса мән бергені жөн. Өйткені сыртқы тазалық пен ішкі тазалық үйлескенде ғана адамның жан дүниесі нұрланып, өмірге деген құлшынысы артатыны анық. Ішкі тазалық адамның жүрек тазалығын, көңілінің ақтығын, ниетінің дұрыстығын, пейілінің ақжарқындылығын, әдептілік пен адамгершілік, мейірімділік қасиеттердің кемелдігін құрайды. Пайғамбарымыз: «Адам баласының денесінде жұдырықтай ет бар. Сол жақсы болса, бүкіл дене (ісәрекеттері)» жақсы болғаны. Ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар, ол – жүрек». Жүректі кір шалдырмай таза ұстау керек. «Әр затты кір шалғаны тәрізді, жүректі де кір шалады. Оны мейіріммен, кешіріммен тазалап отырыңыздар» деп, жұдырықтай жүректі қалай таза ұстау керектігін де үйреткен. Рухани тазалыққа: өсек, өтірік, балағат сөздерге, ғайбат әдеттерге үйір болмау, екіжүзділік пен жалақорлықтан, ұятсыздық, арсыздықпен қатар тәкаппар болудан аулақ болу, күнәлі істерге жақындамау, алдау, арбауға жоламау, ешкімді күндемеу, жан баласына жамандық ойламау, өзіне өлшеп берілген нығметтерге қанағат ету жатады. Таразылап қарасақ, сыртқы тазалық пен ішкі тазалықтың да мәні, салмағы зор екенін көрдік. Ата-бабаларымыз ішкі жан дүниенің тазалығына көбірек көңіл бөлуді өздерінің өлеңдерінен, халыққа айтқан өсиеттерінен аңғартады.
Үмбетей жырау елдің тұтқасын ұстап, үлгі-өнеге болған жандарға басу айтқан мына бір сөзінде:
Әй, Ақтамберді, Қабанбай,
Суытпа бекер түсіңді,
Қайрама мұнша тісіңді.
Сырт тазасы не керек,
Тазарт әуел ішіңді! – десе, Ақмолда Мұхаммедиярұлы:
Әуелі жуу керек іштің кірін,
Іште толып жатпасын сасық ірің,.
Уа, дариға, іш тазарсын, іш тазарсын,
Әйтпесе пайда бермес құр білім, – деп өмірде ойға сақтаған тәлім мен бойға жиған білім адамды терең тазалыққа бастап, ізгілікке шақырып, адамдыққа тәрбиелеп, адам жанының тазалығына бағыттай келе, «сырты бүтін, іші түтін болу» адамға еш опа бермейтіндігін айтқан.
Абай атамыз да өз өлеңінде халыққа тазалықты дұрыс насихаттау керектігін, сыртқы тазалығына көңіл бөлетіндердің көп жағдайда ішкі рухани тазалыққа да соншалықты көңіл бөле бермейтіндігіне көңілі толмай, қынжылып, өз өлеңдеріне арқау етеді.
Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.
Иә, «Мықты болсаң, жердей бол, бәрін шыдап көтерген, таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген» демекші, Ыбырай Алтынсарин бабамыздың да өз оқырмандарын бұлақтай тұп-тұнық, судай тап-таза болуға шақырған «Таза бұлақ» әңгімесінің астарында да философиялық ой жатқан жоқ па?
Тазалық құндылығы өмірлік мәнге ие құндылықтар қатарына жатады. Сондықтан адамдардың қоршаған ортаның тазалығынан материалдық және рухани ләззат алып, қоғамның алға жылжуының барлық саласында белсенді түрде атсалысуына мүмкіндік тудыру үшін мәдени іс-әрекетті жүзеге асыруымызға барлығымыз да жауапты болуымыз қажет.
Бағила Әуезханқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
15 сәуір 2020 ж. 1 708 0