Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ – САУЛЫҚ КЕПІЛІ

САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ – САУЛЫҚ КЕПІЛІ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында санитарлық штабтың кезекті отырысы өткізілді. Аудан әкiмi Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, қала әкімі, бөлім басшылары мен құқық қорғау органының мүшелері және қала тазалығына тікелей жауапты мобилді топ жетекшілері мен мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Арал ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
Күн тәртібінде ауданның тазалығын қадағалайтын арнайы құрылған мобильді топ мүшелерінің соңғы екі аптадағы жұмыс нәтижелері тыңдалды.
Жиын барысында Арал қаласы мен кент бойынша жасақталған бес мобильді топтың жетекшілері өздеріне бекітілген аумақтар бойынша орын алған келеңсіздіктерді баяндап, тазалық ережелерін бұзған тұрғындарға ескерту және айыппұл салу бойынша хаттамалар толтырылғандығын хабарлады.
Аудан басшысы қала мен кент бойынша атқарылған жұмыстардың есептерін тыңдағаннан кейін тазалықтың екі айлығы аясында өткізіліп келе жатқан сенбілік шараларын ыждаһаттылықпен өткізу қажеттігін ескертті:
— «Санитарлық тазалық шарасы жыл бойы үздіксіз жүруі тиіс. Ал, белгіленген тазалықтың екі айлығына біз ерекше екпін түсіріп отырмыз. Штаб мүшелері аса белсенді жұмыс істеуі тиіс. Жергілікті полиция қызметі, атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер, аудан тұрғындары, кәсіп иелері – барлығы да шарадан тыс қалмай, атсалысуы керек. Тазалық – әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауылын таза ұстауға, көркейтуге үлес қосуы керек. Әрбір сенбіліктің бір ерекшелігі болу керек. Осы істі ұйымдастыру, жүйелі жұмыс істеу – баршамызға ортақ міндет», - деп атап өтті.
Расында, туған жерге, туған елге деген махаббат әрбір адамның бойында болу керек. Ең бастысы, қалың қауымның ортақ мүдделі іске – «жанашырлық» көзқарасының болуы. Бұл тұрғыда, атқарушы органның салалық құрылымдары мен жергілікті қауымның тілек-мүддесі бір арнада тоғысса, атқарылған істің нәтижелі болары анық. Санитарлық штаб отырысында талқыға түскен мәселені қорытындылау түйінінде Мұхтар Әуесұлы, осы жайтты ерекше атап өтті. Сонымен қатар, атқарылуы алдын ала жоспарланған іс-шаралардың талапқа сай орындалуы әркімнің азаматтық ұстанымының айғағы боларына назар аударды және жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Іс-шаралардың ілгері басуы немесе ретсіздіктің орын алуы тұрақты түрде бақылауда болып, оларға қатысты шешімдер дер кезінде қабылданатыны да қатаң ескертілді.
02 қараша 2019 ж. 1 209 0