Ерікті жастар елге қамқор

– Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мамандары мен ерікті жастар бірлесе отырып, қаламыздағы жүріп-тұруы қиын, жалғызбасты, төсек тартып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан берілетін міндетті гигиеналық құралдарды үйіне апарып табыстау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар аудандағы ерікті жастар орталық базар маңы мен халық көп жүретін аймақтарды аралап, тұрғындарға 500 бетпердені тарту еттік, – дейді «Жас толқын» еріктілер ұйымының жетекшісі Ержан Сабырбай.
Иә, бүгінгі ахуал күн санап қиындап барады. Қызылорда облысы ауру қармағына іліккен науқастар саны жөнінен алдыңғы қатардағы үштікке кіріп отыр. Мұндай ауыр кеселден аман қалу үшін қажет болған жағдайда қорғанып шығып, болмаса үйде болған жөн. Осыған үндеген жастар арнайы бейнеролик әзірлеп, эстафета арқылы достарын да үйде болуға шақырды. Оған қоса, «Жас толқын» еріктілер ұйымы #дәрігерлергемыңалғыс челленджін бастап, бұл Ақбай ауылы еріктілерінен қолдау тауып, кейіннен аудан жастары аталған акцияға үн қосып, еліміздегі барша ақ халатты абзал жандарға алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ жалғызбасты, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
– Біз ерікті жас болғандықтан, мұқтаж жандарға өзіміздің жүрек қалауымызбен қолдау көрсетіп келеміз. Бүгінгідей қысылтаяң шақта еліміздің жастары халыққа жанашыр бола білсе, еліміздің ертеңі жарқын болмақ. Біз мұқтаж жандарды қажетті заттармен қамтып қана қоймай, ауласын, үй ішін тазалап та көмек көрсетіп жүрміз. Аралдық жастар осы шақта халыққа барлық жағынан қолау көрсетуге тырысуда, – дейді жастар жетекшісі Ержан.
Бүгін біз ғана емес, бүкіл әлем ауыртпашылықты өткеруде. Мұндайда ауызбіршілік танытып, ұлт болып ұйысқанда ғана өзімізді аман сақтап, болашаққа бірге барамыз. Ендеше, еліміздің болашағы жолында тер төгіп жүрген еріктілердің еңбегі мақтауға лайық.
Н.Бақыран.