«Алла разылығы үшін» деп сұрағанның қолын қайтаруға бола ма?

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла разылығы үшін (бір зат) сұраған адамға сұрағанын беріңдер»[1], «Сендерге адамдардың ең жаманы кім екенін айтайын ба? Ол Алла разылығы үшін бір нәрсе сұрап келген адамның сұрағанын бермеген адам»[2], «Алла разылығы үшін деп сұраған адам – лағынетке ұшырайды. Алла разылығы үшін сұрап келген адамның қолын қайтарған адам да лағынеттеледі»[3], – деген сөзі бұл істің тыйым салынғанын дәлелдейді. Бірақ хадистегі үзілді-кесілді тыйым бұл істен аулақ болу мақсатында айтылған деп түсіндіріледі.
Негізінде, мұсылман адамның мал-дүниесі өзінің разылығымен берілген жағдайда ғана басқаға халал болады. Шариғат бойынша, мұсылманның басқа мұсылман бауырының жанына, мал-мүлкіне және ар-намысына қол сұғуына болмайды.
Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өз араларыңда мал-мүліктеріңді жалған жолмен жемеңдер, бірақ өзара келісілген сауда жолымен ғана (алыңдар). Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Ақиқатында, Алла сендерге рақымды»[4], – деп бұйырған.
Жоғарыдағы дәлелдерге сүйеніп, ғалымдар Алла разылығы үшін сұраған адамның қолын қайтару мәкруһ деп үкім берген[5]. Ал «Фәтауаи Һиндия» кітабында бұл мәселеге: «Егер бір адам басқа біреуден «Алла разылығы үшін мына жұмысымды істеп бер» десе, шариғат бойынша оның талабын орындау екінші адамға міндетті емес. Бірақ орындағаны абзал»[6], – деген тұжырым жасалады. 1. Әбу Дәуіт, 1672.
2. Тирмизи, «әл-Жамиғ», 1652; Ахмад, «әл-Муснад», 4/24.
3. Тәбарани, «әл-Муғжәм әл-кәбир», 22/377.
4. «Ниса» сүресі, 29-аят.
5. «Әсна әл-мәталиб», 1/408.
6. «Әл-Фәтауа әл-Һиндия», 5/318.
http://fatua.kz/