Сабыр түбі – сары алтын

Атадан қалған маржан сөздерді санамызға салып көрсек, Майлықожа бабамыз: «Сабыр – ақылдың серігі», – дейді. Сабырсыз адам ашуға тез бой алдырып, асығыстық жасап, кейін өкініп жатады.Тілден келетін зиянның кесел екенін де байқаған аталарымыз «Сабырсыз адам мақтанып сөйлер, сапырыстырып, ақтарып сөйлер», – деп жанымыздағы адамдардың көңіліне қаяу салмас үшін абайлап сөйлеуге шақырған. Көп сөз көбік сияқты, көпіріп көбейіп тұрғанмен, еш мәні де, салмағы да жоқ. Сондықтан сөйлер сөзіңді де сабырмен, ой елегінен өткізіп сөйлеген абзал.
Мұхтар Әуезов: «Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі», – деп тектен-текке айтпаса керек. Сабырлылық адамға екі жолмен дариды: бірі– туа біткені де, екіншісі – өзін-өзі тәрбиелеу. Қандай да бір ашуға, қуанышқа да сабырлылықпен қарау – адами қасиеттің ең үлкен белгісі.
Сабыр – аталарымыздан қалған өнеге ғана емес, Алланың пендесіне берген сыйы. Адамзат басына сәл қиындық түссе, қара аспанды төндіріп, Жаратқанды жазғырып, жерден алып, жерге салып, «Бұл құдайға не жаздым» деп қиналып жататындар да аз емес. Тіпті өзіміздің жұмысымыз алға баспай, кері кетіп жатса да, «Бұл құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады», – деп айтатынымыз тағы бар. «Ашу дұшпан – ақыл дос» деген салмақты ойды болары болып, бояуы сіңгесін қорытып, қорытынды шығарып отыратынымызға кейде таңғаламын. «Нағыз күшті – күресте қарсыласын жеңген емес, басына қиындық түскен кезде сабырлық қылған» деген мағыналы сөзді де естен шығармай, оның астарына мән бере білген де маңызды. Себебі адам – пенде. Сүйексіз балық болмайтыны сияқты, кемшіліксіз де адам болмайды. Алып шыңдардың жолы жазықтардан басталады. Әрине сабырлылар үшін.... Басы удай ащы, соңы балдай тәтті нәрсе бар болса, ол – сабырлылық.
Қазіргі таңдағы еліміздегі болып жатқан жағдайға да сабырмен қарап, елдің, қала берді өз отбасыңның, өзіңнің өмірің үшін тек сабырмен өз үйіңде отбасыңда болып, шапағатты ой ойлап, шапағатты сөз сөйлеп, шапағатты іс жасасаңыз, бәрі де оңынан болады деп ойлаймын. Сабырлы болу –қиындыққа тап болған кездерде ұстамды болу. Әрбір қиындықтың түбінде жеңілдік болары әбден сөзсіз, бірақ ақырына дейін шыдам керек. «Адамның қорғаны – сабыр» демекші, өз өміріміздің нұрлы болуына өзіміз тікелей жауаптымыз. Сондықтан қадірлі ағайын, сабырмен жақсы тілек тілеп, әрбір атар таңнан елдің амандығын тілейік!
Сабыр деген білгенге шыдамдылық,
Қызбалыққа салынба,сыр алдырып.
Топ ішінде түзеп ал өз ойыңды,
Сабыр сақта, бағала, бұл – құндылық.
Бағила Әуезханқызы,
Қызылжар ауылы