Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаман әдет абырой әпермейді

Жаман әдет абырой әпермейді

        Әдетте адами мінез, мәдениетті сөйлеу, қай нәрсені де ақылмен шешу турасында айтамыз да, ал өз бойымыздағы жаман әдет туралы айту тыс қалып жатады. "Сынықтан басқаның бәрі жұғады" демекші, адам – өз ортасына тез бейімделгіш, көрген жағымды-жағымсыз қасиеттерді бойына тез жұқтырып алатын болмыс. Осы орайда жағымсыз әдеттен арылудың жолдарын сөз ету әңгіме етуге тұрарлық мәселе.
         Жай уақытта адам өз бойындағы кейбір кемшін тұстарды біле бермейді. Соның негізгісі адамның бойындағы сырт көзге оғаштау көрінетін жаман әдеттер. Жаман әдет дегеніміз – сырт көзге ұнамсыз болып көрінетін, адамның жеке басына, соның ішінде беделіне кері әсерін тигізетін, соңы көп жағдайда зор өкінішке ұласатын аса жағымсыз қылықтар. Айталық, темекі, арақ, есірткіге құмартушылық, өтірік айту, жамандау, өз ісінің емес, өзгелердің қателігін қазбалау, ауызды балағат сөзге үйрету, екі кісіні шағыстыру, біреудің сыртынан мысқылдап күлу, мақтаншықтық, қызғаныш, қолын сұғанақтықтан тыймау, сұраншақтық және тағы басқа. Мұндай жаман әдеттің зардабы көп. Ол үшін өзіңе сын көзбен қарауды күшейтіп, шайтанның азғыруына жол бермеудің амалдарын жасау да маңызды.
Көп жағдайда біреулер айтар сөзіне жаман ауыз сөзді де қосып айтып жатады. Әрине, ол адамның өзіне біліне қоймас. Алайда аузы балағат сөзге үйренген адам да сыртқа өз тәрбиесіздігін байқатады. Бірақ ол – нашар әдет. Осындай жаман әдет туралы айта берсек, жетіп-артылады. Ал сол сияқты мақтаншақ адам да әңгімесінде шамадан тыс мақтанып тұрғанын сезіп тұр ма екен деген ойда боласың. Мақтаншақ адам өтірік айтуға бейім келеді. Себебі ол адам мақтану үшін айтар әңгімесі азайып, өтірік айтуға мәжбүр болады екен. Ал "өтірікшінің шын сөзі зая" демекші, үнемі өтірік айтатын адамның шын сөзіне де халық күмәнмен қарап, сенбейтін болады. Осылайша жаман әдеттер бір-бірімен жалғасын таба береді. Адам бұл жаман қасиеттердің бойына терең сіңіп бара жатқанын сезбей де қалады.
Нашар дағды – тәрбиесіздік пен мәдениетсіздіктің көрінісі. Ол – адамның абыройын төгіп, көп жерде ұятқа қалдырады. Жаман әдеттің соңы неге ұрындыратынын байыптап, тигізер зардабын жақсы білу керек. Жаман әдеттен құтылу уақыт өткен сайын қиындай түседі. Бұл жөнінде бұрыннан келе жатқан мына бір ғибратты әңгіме бар.
Бір жас жігіт жаман әдеттерден арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: "Сен ана бір жас шыбықты суыршы" – депті. Ол қиналмай-ақ суырып алыпты. Енді одан жуанын суыруын тапсырса, ол досын көмекке шақырыпты. Ал одан да жуан ағашты көрсеткен екен, көп адам жиналып ырғаса да, оны орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: "Көрдің бе? – депті, –жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Кейіннен достарыңды көмекке шақырасың. Ал нашар қылықты көп уақыт пайдаланып, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады" – деген екен.
Нақты айтқанда, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену – өмірлік ұстаным. Өйткені, дағды – адам баласына жақсы қасиеттерді үлгі етіп, бойына сіңіру үшін берілген қасиет. Жаман әдетке бойұсынған адам өмір бойы орны толмас өкініштерге ұрынып жатса, ал жақсы қасиеттерді үлгі еткендер екі дүниеде де абыройға бөленеді
Күнзипа Зденова
15 қазан 2019 ж. 4 358 0