Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шөменбай Құттыбайұлы: «Өзімді соғыс ардагері санамаймын»

Шөменбай Құттыбайұлы: «Өзімді соғыс ардагері санамаймын»

Қызметтік телефон безілдеп қоя берді. Арғы жақтағы дауысты бірден таныдым. Журналистика саласының жарық жұлдызы Шәкірат Дәрмағамбетов атамыз хабарласып жатыр екен.–Дайындал бала, ізіме ересің демесі бар ма?–А-а, Сіздің жаныңызға еріп, бір кәдеге жарасам керемет емес пе деп, қайда, не үшін екенін сұрамастан айтқанына бас шұлғи бердім.
Әкімшілік тарапынан арнайы көлік дайындалып қойыпты, Сайлау есімді жүргізуші белгіленген уақытта абыз ақсақалдың үйінің ауласының алдына тұрды. Сонымен, Қарақұм қайдасың деп ұлы жолға түстік.
Зіңгіттей машина. Ішкі саясат бөлімінің меншігіндегі темір тұлпар жүйткіп келеді. Қағілездеу келген шофер бала алдына қара салмайтынның өзі екенін аз уақыттың ішінде байқатты.
–Атаңның жағдайына зер салып отыр, – дедім рольді тізгіндеген жігітке аңдаусызда қарт кісі бір жерін соғып алмасын деген оймен. Тоқсан үштің көжесін ішкен ардақтымызға 100 шақырым жол жүру оңай соқпасын есіне салып. Бұ кісіні ауылға қарай ынтықтырған жазуға деген құмарлық екенін іштей пайымдаймын. Сонда да сақтық керек. Көлік тізгініндегі атқосшымыздың жылдамдық тілін азайту қанында жоқ екенін ақсақал да сезді білем:
–Тарта бер, уақыт тығыз. Қайтадан қас қарая қайтуымыз керек,– деді, бір сызыққа айналған тақтайдай тегіс жолдан көз алмаған күйі.
Бір сағаттан сәл аса Қарақұмның бұйра-бұйра құм төбелері көрінді. Әне, өзіме таныс сәт-сапар белгісі тұр. Талай жақсы мен жайсаңды құшақ жая қарсы алып, қаншама доспен қимай қоштасқан қасиетті орын. Ауылдық округ әкімі Мұхтар Бозғұл мен жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Наурызбаев күтіп алды.Бұл да абыз ақсақалға деген шексіз құрметтің бір парасы екені айтпаса да түсінікті. Амандық-саулық сұрасқан соң:
–Жігіттер, бастаңдар, Шөкеңнің шаңырағына, – деді Шәкірат ата.
–Жақсы, міне, ізімізге еріңіздер,–деп бәйек болып жатыр күтіп алушылар.
«Қартың болса ауылда, жазып қойған хатпен тең» деген қанатты қағиданы қойнауы құтты мекеннің үлкен-кішісі қастерлейді. Әсіресе біз тақырыпқа арқау еткен соғыс және тыл ардагері Шөменбай Құттыбаевты айрықша мақтан тұтады. Жас буын көнекөз жанның шаңырағына жиі соғып, өнегелі ғұмыр иесінің өткенінен мағлұмат жинайды, зұлмат жылдар жайында естелік шертеді.Иә, көкжиегі кеңейген әулеттің алып бәйтерегіндей болып отырған Шөменбай қартты мерейтой аясында осылай іздеп барғанбыз. Жастайғы еңбек пен бейнет кешегі тепсе темір үзетін жігіттің жүзіне өз ізін қалдырған.
–Ассалаумағалейкум,– деген шаңырақ иесі Қайрат бізді төрге оздырды. Келіні Дәрігүл де ата көргендігіне салып, ерекше ілтипатпен дастарқан жаю үстінде. Кәріліктің дегеніне мойынсұнған қарт Шәкірат ақсақалдың жуан дауысын естіп, жатқан орнынан қозғала бастады. Сосын жүрелеп отырған күйі Шәкіратпысың, ау, бұнда қайдан жүрсің деп балаша қуанды. Замандасын көріп, жүрегі алып ұшқан Шөменбай қария байырғы журналистің қолын ұзақ сипалап, өткен күндер еске түсті ме, кемсеңдеп әлсіз жанарын терезеге қадап, терең ойға шомды.
Шәкірат ақсақал өзіне тән әдіспен кейіпкерінен сыр суыртпақтады. Ара-тұра ардагердің денсаулығына да көңіл аударып қояды. Яғни шаршатып алмауға тырысады. Шөменбай ата салғаннан мені соғысқа қатысты деп жазбаңдар, неміс көргенім жоқ, – деп қысқа қайырды. Ана жақтан сөзге араласқан баласы Қайрат та ардақтысының осы сөзді келген-кеткендерге көп айтатынын алға тартты.
Хош... Ел басына күн туған 1941 жыл фашистік Германия КСРО-ға тұтқиылдан шабуыл жасап,  бейбіт өмірдің астан-кестеңін шығарды. Отаным деп ұрандаған қаншама азаматтар қолдарына қару алып, «арам ниетті жаудың табанын туған жерімізге тигізбейміз» деп майдан шебіне аттанды. Солардың арасында Арал аудандық әскери комиссариаты арқылы жауынгерлік сапқа тұрған Шөменбай Құттыбаев та бар еді.
Ол 1926 жылы Жақсықылыш жотасы маңындағы «Аралқұм» колхозында жарық дүние есігін ашқан. Жастайынан ата-анасының қолғанатына жарап, мал бағудың қыр-сырын жетік меңгерген алғыр ұл әскери өмірге тез үйренді. Бұлалықтан бойы аулақ екенін, есесіне кішкентай кезден еңбекпен шыныққанын жүрген ортасына дәлелдеді. Солдаттар мінген эшелонмен батысқа қарай жол тартты. Ресейдің Воронеж облысының, Борисоглебск қаласы арқылы белгіленген жерге жетіп, қаруластарымен бірге командир шегелеген тапсырманы орындауға кірісті. Адымдасаң қауіп. Соғыстың салған зардабы біткен бе? Қызыл Армия мен неміс басқыншыларының талай мәрте текетіреске түскен майдан даласына ғайыптан тіл бітсе, жүз мыңдаған адамның қаны төгілгенін паш етіп, гитлершілдердің жымысқы саясатына лағынет айтатын шығар...
Ұрыс кезінде кім кімді аясын?! Кеңес әскері жауға қарсы ұзын саны миллионға жуық жер төсіне мина көмген көрінеді. Ал тыныш жатқан халыққа лаң салған немістер де осыншама жарылғыш құрылғыны пайдаланған. Зардабын былайғы жұртшылық көп тартты. Ол жайында Шөменбай ақсақал былай деп еске алады:
– Күн сайын қаншама жазықсыз тұрғын мина басып, жан тапсырды. Шаруалар егін егуден қалды. Кетпен, соқа тисе бітті, айналаны қою түтін басады. Воронеж облысындағы Борисоглебск қаласында орналасқан №16 запастағы атқыштар бригадасына осындай залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Аталған бригаданың №101 атқыштар полкіне қабылдандым, – деген Шөменбай Құттыбаев әскери дайындықтан өткен соң, ант беріп, негізгі борышын өтеуге кіріскенін әңгімеледі.
Бұл – 1944 жыл-тұғын. Осылайша кейіпкеріміз тарихта қара әріппен жазылып қалған Курск шайқасынан кейін, түрлі себептермен жарылмай қалған миналарды тазартуға атсалысады. Қауіпті іс сергектікті талап ететіні бесенеден белгілі. Әр минаның салмағы 5-6 келіден кем емес. Күн сайын қаншама солдат өмірден озып, жақын туыстарына қара қағаз жіберілгенін сол заман куәгері қамыға еске алады.
1950 жыл. Кейіпкеріміз туған ауылға аман-сау оралып, үй іші қуанышқа кенелді. Жан жары Гүлбарам Қауысовамен жүрек жарастырып, қызу еңбектің ортасына белсене араласты. Жасы 90-нан асса да, бәрі жадында. Оны Шәкірат ақсақалға берген нақты жауаптарынан айқын ұғасың. Одақтың уақытында еңбек озаттарын ұлықтау бірінші кезекте тұрғаны көпке мәлім. Шөменбай Құттыбаев та ескерусіз қалмады. Марапаттан да кенде болмады. Мал басын арттыруға қосқан сүбелі үлесі үшін үздіктер қатарынан табылды. «Қарақұм дегенше, қарағым десеңші» деген атауға ие ауылдың мерейін тасытқан жан озат шопан ретінде «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудеге тақты. «Құрмет белгісін» де алды. Нақтысы, әр жылдарда омырауына қадалған медальдар мен еншілеген Алғыс хаттар еңбек адамының абыройын арттыра түсті.
Бүгінгі таңда ұл-қыз тәрбиелеп, олардың тілеуін тілеп отырған қазыналы қария осындай мамыражай күнге шүкірлік етеді. Лайым, аман болсын!
Абай Елеш
21 мамыр 2020 ж. 739 0