Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақтөбеде лифтіде қаза болған журналистің күйеуі адам шошырлық жайды айтып берді

Ақтөбеде лифтіде қаза болған журналистің күйеуі адам шошырлық жайды айтып берді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталды. Бүгін Айзат Әбдісаматтың күйеуі Қайыржан Ерқасымов бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүкіл Қазақстанның шындықты білгенін қалаймын. Ақпарат әртүрлі тараған. Мен Айзатты лифттен өзім алып шықтым. Қызым үш жаста. Қызым бірінші қабаттан лифтіге кіріп, кейін Айзат кіреді. Сол аяғымен кірген, оң айғын лифт есігі қысып қалды. Екінші қабаттағы аралықта тұрып қалған. Денесі сау. Аяғын жұлып кетпеді. Қызым сау, құлаған жоқ. Пәтер иелері кооперативі тросын қарап, жөндеу жүргізілгенін айтып жатыр. Шын мәнінде торстың еш қатысы жоқ. Лифт кедергі болған кезде бірден ашылуы тиіс. Бірақ ашылмаған», - деді қаза болған журналист Айзат Әбдісаматтың күйеуі Қайыржан Ерқасымов.
Сот-сараптама қорытындысына сүйенсек, Айзаттың өкпесі қысылып қалған.
«Ішкі құрылысы, өкпесі қысылып, ауа жетпей қалған. Кейін ішкі құрылысы жыртылып кеткен. Аяғы кесіліп қалған деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Оқиға орнында қаза болды. Кемереводағы оқиғадан соң өрт қауіпсіздігі тексерілді, осы жағдайдан соң лифттерді қадағалау басталады. Пәтер иелері кооперативі не істерін білмей жүр. Шын мәнінде, біздің лифт аптасына бір рет тұрып қалады. Лифт тетігі дұрыс емес. Бірден ашылмайтынын бұрыннан білеміз», - деді ол.
Айзат Әбдісаматты күйеуі лифт ішінен алып шыққан. Қызын да өзі шығарып алған.
«Қолыммен алып шықтым, қан әлі қалды. Баламды сол күні ауруханаға апарып, тексертіп алдым. Аман-есен. Тек «мамам қысылып қалды» деп айта береді», - деді Қайыржан Ерқасымов. Оның айтуынша, лифтте екі есік болған. Қайғылы оқиға болған күні оның біреуі жабылмай қалған.
«Мен жұмыстан келе жатқан едім. Маған телефон шалып, «күтеміз» деп айтты. Ажалы шығар, сол күні жұмыстан кеш шықтым. Екі рет теміржол өткелінде тұрып қалдым. Үйге жақындағанда бір адамның көлігі тоқтап қалғанын көріп, оған да көметестім. Бір қарасам, адамдар жиналып қалған. Не болды деп ойладым. Подьезге кіріп, бірінші қабаттан лифтті шақырдым. Істемей тұрды. «Тағы істемей қалған» деп екінші қабатқа көтерілгенде, жүгіріп жүрген адамдарды көрдім. Жоғары көтеріле беріп, кері бұрылдым. Сұраған кезде «женщина без сознание, ребенок плачет» деп жауап қайтарды. Кішкентай тесіктен қарағанда қызымды көрдім. Ол мені көріп бақырып жіберді. Сол кезде жарық та болмады. Анасының түрін көрмегені де жақсы болған шығар. Көз алдында болған оқиға есінде қалатын шығар», - деді ол.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі жеткенше Қайыржан Ерқасымов жанталаса әйелін құтқаруға кіріскен. «Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше өзім шығарып алдым. Қараған кезде еденде жатыр деп ойлағам. Бірақ Айзат қыстырылып, ілініп қалған екен», - деді ол.  
inform.kz
08 сәуір 2018 ж. 2 405 0