Он саусағынан айырылған Қазалы тұрғыны тігін тігіп, ау тоқиды

Қазақта «Шеберді саусағы асырайды» деген сөз бар. Бірақ Қазалы ауданы Абай ауылында тұратын тігінші Оңдашбайдың он саусағы да жоқ. Соған қарамастан, ол жастайынан меңгерген тігіншілік кәсібін жандандырып отыр.
Айта кетерлігі, Оңдашбай Өтеміс он саусағынан бертінде айырылған екен. Бұл жайында ол былай әңгімелейді: «Осыдан біраз жыл бұрын, қаңтарда мал бағып жүргенмін. Аттан қалың қарға оңбай құладым. Күн болса, қақап тұр. Сол аязда он саусағымды да үсік шалды. Амал жоқ, дәрігерлер бәрін кесіп тастауға мәжбүр болды. Бастапқы кезде саусақсыз тірлік істей алмай, қатты қиналдым. Құдайдың салған сынағына көнбеске болмайды және оған қасқайып төтеп бере де білу керек».
Тігіншілігімен танылған шебер саусағынан айырылғаннан кейін көпке дейін шолақтығынан қуыстанып жиын-тойға бармай жүрген екен. «Жұбайым Қиғаш қиналғанда қасымда болып, көмектесті. Сосын оңала бастадым. Бойыма қайрат бітті. «Жасым болса қырықтан асты, төрт балам бар, қарап отырғаным жарамас» деп ескі кәсібіме қайта оралдым», - дейді ол.


