Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік рәмізді қорлайтындарға қандай жаза қолданылады?

Мемлекеттік рәмізді қорлайтындарға қандай жаза қолданылады?

Қазақ елінің тәуелсіздігі мен дербестігін, егемендігін бүкіл әлемге паш ететін рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны. Мемлекетіміздің мызғымас негіздерінің бірі саналатын бұл құнды белгілерімізбен халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мұқалмас рухы мен қаһармандығы астасып жатыр.
Осы құндылықтарымыз жайында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әр азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», – дегені есте.
Ендеше, осынау құндылықтарымызды қаншалықты қастерлеп жүрміз? Туымызға, Елтаңбамызға, Әнұранымызға құрметіміз қандай?! Әрине, қоғам болғаннан кейін ішінде ала да, құла да болады. Айталық, күні кеше ғана орта мектепті бітіріп, 11 жылдық еңбегі сіңген мұқабасында Мемлекеттік Елтаңбамыз бар аттестаттарын қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен үш жасөспірімнің жөнсіз әрекеті әлеуметтік желіге тарап, қоғамның ашу-ызасын тудырған болатын. Сәл кейін дәл сол үш жасөспірімнің жасаған қылықтары үшін кешірім сұраған видеосы да тараған-ды.
«Құрметті барша қазақстандықтар, ұстаздарымыз, балалықпен жасаған қателігіміз үшін кешірім сұраймыз. Білім туралы аттестат біздің болашағымыздың құжаты екенін түсінеміз, сезінеміз. Біз өзіміздің Елтаңбамызды құрметтейміз, сыйлаймыз. Балалықпен жасаған ісімізге өте қатты өкінеміз», – деген еді олар.
Статистика сөйлейді
Бүгінгі рәміздер күніне орай және жоғарыда атаған жасөспірімдердің қылығын саралау мақсатында мемлекеттік құндылықтарымыздың қадірін түсінбей, аяқасты ететіндердің санын білмек болып ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық сервисіндегі статистикалық мәліметтерге жүгінген едік. Ондағы жаңартылған деректерде осы жылдың алғашқы екі айында еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлау дерегі тіркелмегенін көрсетіп тұр. Сондықтан өткен жылғы статистиканы да сүзіп қарап шықтық. Қарап шықтық та, жиі болмаса да мемлекеттік рәміздерімізді қорлайтындардың бар екенін байқадық. Мәселен, сервисте келтірілген деректерге сәйкес, 2019 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында ай сайын мемлекеттік рәмізімізді қорлаудың бір-бірден дерегі тіркеліп отырған екен. Ал маусымнан бастап қазан айына дейінгі аралықта оғаш қылық танытып, істі болғандар жоқ. Алайда қараша мен желтоқсанда мемлекеттік рәмізімізді аяқ асты еткендерге қатысты екі-екіден дерек тіркелген.
Жүгенсіздерге заң не дейді?
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 372-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлағандар 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 354-1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ ҚР заңнамасының талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану тәртібі қандай?
Еліміздің 2007 жылдың 4 маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті Резиденциясының, Парламентінің, Сенат пен Мәжілістің, Үкіметтің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Конституциялық Кеңестің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінің, сауда өкілдіктерінің, шетелдегі басқа да ресми мекемелерінің, шетелдегі мекемелерінің басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттің протоколдық практикасына сәйкес көлік құралдарында, сонымен қатар аталған лауазым тұлғаларының кабинеттерінде ұдайы тігіліп тұруы тиіс. Ғимараттарға тұрақты тігілген Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруы қажет. Мемлекеттiк Тудың бейнесi Қазақстан Республикасы мемлекеттік наградаларының, Ұлттық Банк банкноттары мен монеталарының элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ұлттық аза тұтуға байланысты Мемлекеттiк Ту ұлттық аза тұту мерзiмi ішінде тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсiрiледi.
Мемлекеттік елтаңбамыз да туымызбен қатар тұрады. Мұнан бөлек, ол Қазақстан Республикасының Президенті мен оның Әкімшілігінің, Парламенттің, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары Бюроларының, Үкіметтің және Премьер-Министр Кеңсесінің, министрліктердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының, Қарулы Күштердің құрамаларының, әскери бөлімдерінің, бөлімшелері мен мекемелерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергілікті өкілді, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік ұйымдардың мөрлері мен құжаттарының бланкілерінде болады. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарында; Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жеке куәлікте, туу туралы куәлікте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің қызметтік куәліктерінде; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында қолданылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде – ол ант бергеннен кейін; Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде; Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде; теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда; Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде; Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-шаралар өткізілген кезде және басқа да кездерде орындалады.
Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады. Оның мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.
www.inform.kz
04 маусым 2020 ж. 788 0