Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәріханалар дәрі-дәрмек бағасын себепсіз қымбаттатса, қайда шағымдануға болады

Дәріханалар дәрі-дәрмек бағасын себепсіз қымбаттатса, қайда шағымдануға болады

Kyzylorda-news.kz. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев дәріханалар дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірген жағдайда қайда шағымдануға болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы уақытта дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасы күрт қымбаттап кетті деген ақпараттар, фотосуреттер мен посттар өте көп тарап жатыр. Осы тұста 2019 жылы тамыз айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі барлық дәріханаларда көтерме және бөлшек сауда үшін дәрі-дәрмектің шекті бағасын белгілеу туралы бұйрыққа қол қойғанын естеріңізге саламын. Бүгінгі таңда бұйрықтың ағымдағы нұсқасында 6000-нан астам дәрінің көтерме және бөлшек сауда бағалары белгіленген", деп жазады вице-министр Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, бұйрықтың талаптарын сақтау мақсатында халық қолданысы үшін барлық смартфонда жұмыс істейтін 3 тілді «DARIKZ» мобильді қосымшасы жасалған. Ол тегін қызмет көрсетеді. Мобильді қосымшада еліміздің дәріханаларында шекті бағаға қатысты шағым беру бойынша функционал бар.
«Осы функционалдың көмегімен еліміздің кез келген азаматы дәріханаларда шекті баға бойынша бұйрықтың сақталуын тексеріп, дәрі-дәрмектің бағасы шекті көрсеткіштен жоғары болған жағдайда шағым бере алады. Мобильдік қосымша арқылы берілген барлық шағымдарды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті қарайды және бұзу фактісі расталған жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі оны реттеу үшін барлық қажетті шараларды қолданады» дейді Олжас Әбішев.

Қосымша арқылы шағым беру үшін 3 қарапайым қадам жасау жеткілікті:
1) Дәрі-дәрмекті шекті бағамен табу
2) Шағым беру бастырмасына басу және қажетті ақпаратты енгізу
3) «Жіберу» батырмасын басу. Қосымшаны мына сілтемеде жүктеп алуға болады.
30 маусым 2020 ж. 555 0