Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 12 шілде: Атаулы күндер мен оқиғалар

12 шілде: Атаулы күндер мен оқиғалар

Дүниежүзілік азаматтық авиация бортсерігі күні
Бұл мамандықтың пайда болғанына 92 жыл толып отыр. 1928 жылы Германияда алғаш рет ұшу кезінде экипаж құрамына ұшақ бортындағы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнайы жауапты адам енгізілген болатын.
1838 жылы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтерілісшілер қолы Ақбұлақ пен Қиыл аралығындағы шайқаста Гекке әскерінен жеңіліске ұшырады. Осы шайқаста Исатай қаза тапты.
1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның алғашқы басшылары – Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин. Одақ құрамында проза, поэзия, драматургия, сын, көркем аударма, очерк, сатира, фантастика, балалар әдебиеті, орыс, неміс, корей, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істеді. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты ғана мүшесі болса, қазіргі уақытта 900-ге жуық мүшесі бар. Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында бөлімшелері бар.
 1925 жылы А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағы баспадан шықты.
1960 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің №125 бұйрығымен Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның эстрада секторы негізінде «Қазақконцерт» Қазақ мемлекеттік гастрольді-концерттік бірлестігі құрылды. 2006 жылы «Қазақ әуендері» АҚ филиалы – «Қазақконцерт концерттік бірлестігі» болып өзгертілді. 2016 жылдың қаңтарында «Қазақконцертке» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекеттік ұйымы мәртебесі беріледі. Енді «Қазақконцерт» өз қызметін Қазақстанның астанасында еліміздегі ірі концерттік зал – «Қазақстан» орталық концерт залының негізінде жалғастырады. «Қазақконцертте» барлық жанрлар ұсынылған: халық өнері, классика, эстрада. Шығармашылық құрамға фольклорлық-этнографиялық ансамбль, «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі, «Astana Musical» театры, эстрадалық және опералық әншілер кіреді.
1993 жылы Алматыда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінің бастамасымен ТҮРКСОЙ Халықаралық мәдени ұйымы құрылды. Бұл елдер ұйымды құрушы мемлекеттер болып есептеледі. Сәл кейінірек ұжымдық шартқа бақылаушы ел ретінде Татарстан, Башқұртстан, Солтүстік Кипр, Хакасия, Гагауз, Тыва қосылды. Аталмыш ұйым түркітілдес халықтардың арасындағы рухани байланыстарды жаңғырту мақсатында құрылды.
2018 жылы танымал қазақстандық әнші Роза Рымбаеваның атаулы жұлдызы Витебск қаласындағы Жұлдыздар алаңына қойылды.
https://kyzylorda-news.kz/

12 шілде 2020 ж. 369 0