Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 3 тамызда бизнес-идеяларға арналған гранттарды бөлу конкурсы басталады

3 тамызда бизнес-идеяларға арналған гранттарды бөлу конкурсы басталады

Қатысу үшін uir-astana.kz веб-сайтына құжаттармен қоса өтінім беру керек, деп хабарлайды egemen.kz 
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға мемлекеттік гранттар бөлу конкурсына кәсібін жаңа бастаушылар мен жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен 50 жастан асқан адамдар қатыса алады. Екі миллионнан бес миллион теңгеге дейінгі қаражат қайтарымсыз беріледі. Бағдарлама шарттарына сәйкес келетін әрбір кәсіпкер бір бизнес-жоба бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант беру мақсатындағы конкурстық іріктеуге қатысушы бола алады.
Берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10%-ы мөлшерінде оны іске асыруға арналған шығыстарды кәсіпкердің, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүлікпен бірлесе қаржыландыруы (ақшалай қаражатпен) міндетті шарттардың бірі болып табылады. Бұл талап халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтары үшін міндетті емес. Тағы бір шарт – жаңа жұмыс орындарын құру.
Кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және/немесе жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған бизнес-жобаның міндетті шарттары болып табылады. Кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсаттарға пайдаланады: тауарларды шығаруға немесе қызметтерді көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, шикізатты және материалды сатып алу; материалдық емес активтерді сатып алу; технологияларды сатып алу; кешендi кәсiпкерлiк лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алу; зерттеу жұмыстарымен және/немесе жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстар.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын жылжымайтын мүлікті және/немесе жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысы ретінде, үлестес/байланысқан компаниялардан/тұлғалардан негізгі құралдарды/активтерді сатып алуға (көрсетілетін қызметтерді алуға/жұмыстарды орындауға), бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға пайдалануға болмайды.
«Кәсіпкердің жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын игеруі жеке тұлғадан автокөлікті сатып алу жағдайларын қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген контрагент шотына қолма-қол жасалмайтын төлем арқылы жүзеге асырылады», деді инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасында.
Мынадай: 1) қайта ұйымдастыру, тарату немесе банкроттық сатысындағы, сондай-ақ қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған; 2) салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар; 3) қызметінің негізгі түрі жылжымайтын мүлікті жалға беру болып табылатын; 4) мемлекеттік грантты алуға өтінім берген кезде берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 %-ы мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды бірлесіп қаржыландыруды (ақшалай қаражатпен, бизнес-жобаға қатыстырылған жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен) растамаған (халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарын қоспағанда) кәсіпкерлерге гранттар берілмейді.
Өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарландыру, сондай-ақ шарттар мен құжаттар тізімі Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің astana.gov.kz ресми сайтында, «Бизнес және кәсіпкерлік» жаңалықтар бөлімінде жарияланады. Конкурсқа қатысу үшін uir-astana.kz сайтына өтінімді келесі құжаттармен қоса беру керек:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес нысан бойынша мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінім, ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің astana.gov.kz веб-порталына орналастырылады;
3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі/жеке кәсіпкерді тіркеу туралы хабарлама;
4) жүгінген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей берілген бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешегінің жоқ екені туралы анықтама;
5) өтінім берілген кездегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен (болған кезде) расталған анықтама;
6) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бизнес-жоспар түрінде дайындалған бизнес-жоба;
7) ескіру мерзімі 2 (екі) жылдан аспайтын, Бағдарламаның және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қараша № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;
8) кәсіпкердің атынан өтінім беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген адам паспортының көшірмесі (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған);
9) берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10%-ы мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды бірлесіп қаржыландыруды (ақшалай қаражатпен, бизнес-жобаға қатыстырылған жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен) растайтын құжаттар, кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының бар екені туралы банк шотынан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарын қоспағанда);
10) өтініш берушіде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызу мәртебесінің болуын растайтын құжат. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау орны: uir-astana.kz сайты құжаттарды 3-14 тамыз аралығында тапсыруға болады.
Көрсетілген мерзімнен кейін келіп түскен өтінімдер қабылданбайды. Анықтама телефондары: 55-69-10, 55-69-19, 55-69-21, 55-69-03.
21 шілде 2020 ж. 521 0