Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Еңбек» бағдарламасымен 184 мың адам жұмысқа орналасты

«Еңбек» бағдарламасымен 184 мың адам жұмысқа орналасты

Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 224,7 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты.
184 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 99 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 85,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 12,6 мың, жастар практикасына – 10,6 мың, қоғамдық жұмыстарға – 62,2 мың адам.
Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру үшін биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден 691 отбасы құрамында 2445 адам қоныс аударды, деп хабарлады ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 52,5 мың адам оқуын жалғастыруда, олар стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен және жол жүруге арналған материалдық көмекпен қамтамасыз етілген. Биыл ТжКБ жүйесінде 21 мың адамды оқумен қамту жоспарлануда. 1 маусымдағы жағдай бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына 1,5 мың адам жіберілді, жыл соңына дейін осы шарамен 16,8 мың адамды қамту жоспарлануда.
Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарлама аясында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 10,4 млрд теңгеге 2179 микрокредит берілді, оның ішінде 1963 микрокредит ауыл кәсіпкерлеріне берілді. Олар 2206 жұмыс орнын құрды.
Сондай-ақ бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 24 мың мемлекеттік грант беріледі. 1 маусымда 5,3 мың мемлекеттік грант берілді. Оған қоса, 30 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады.
24.kz
18 маусым 2020 ж. 564 0