Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетім балалардың қажеттілігі қандай?

Жетім балалардың қажеттілігі қандай?

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, елімізде бес миллион баланың  26 мыңы - жетім бала. Олардың 78%-і қазіргі уақытта қазақстандық отбасыларда патронаттық тәрбиеге, қамқорлыққа алынған.

Тек 21%-і, яғни 5 631 бала жетім балаларға арналған 137 мекемеде тәрбиеленіп жатыр. 
Нұр-Сұлтан қаласында қамқоршысынан айырылған  2717  кәмелетке толмаған және ересек жетім  болса,  оның 1451-і  18-29 жас аралығындағы жастар. Ал  Нұр-Сұлтан қаласында «Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқрамасы» ММ-нің қорғаншылық және қамқоршылылық  бөлімінің мәліметі бойынша 0-18 жасқа дейін жетім балалар саны 858, осыған дейін 862 бала болған, яғни статистикалық мәліметтерге мониторинг жүргізіліп отырады.  
Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Интернаттан кейінгі және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасы жолға қойылып, сол жастармен нақты жұмыстарды бастады.  
Алдымен жоба  шеңберінде әлеуметтік сауалнама жасалды. 
Сауалнамаға 18 бен 29 аралығындағы 86 жас қатысты. Мектеп бітірген соң  жұмыспен қамтылмаған, оқуға орналаспаған, тағдыр тәлкегіне түскен балаларды қатал өмір қайта қарсы алады. Бірі жалданып нанын тапса, енді біреулері қылмыстық әлемнің қақпасынан әрі асады.  Бүгінде ата-анасынан айырылғандарға байланысты шешімін таппаған шиеленістер тіптен көп.  
Осыны ескерген қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен халықаралық  қазақ тілі қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы сауалнама барысында кәмелеттік жасқа толғандарға тұрғын үй беру мәселесі, жұмыспен қамту, оқуға орналастыру сияқты бірнеше әлеуметтік сұрақтарды қамти отырып, оларға әлеуметтік жағдаймен қоса психологиялық-педагогикалық, құқықтық көмек қажеттігін анықтады. 
Әлеуметтік сауалнамаға қатысушылардың ең жасы 17-де болса, үлкені 29 жаста. 59,3%-і әйел адам, 40,7%-і ер адам. Білім деңгейлері де әртүрлі. Басым пайызы орта білімнен кейін оқуын жалғастырмаған. Сауалнамаға сүйенсек 30,2%  жұмыссыз, басым бөлігі жалдамалы немесе тұрақсыз жұмыста жүргендігін айтып шағымданған, - делінген хабарламада.
Сауалнама нәтижесінде жетім балалардың барлығы дерлік жалдамалы пәтерде тұрып жатқаны белгілі болды. Тек 3,5%-і ғана жеке пәтерге қол жеткізген. Жатақхана мен жақындарын жағалап  күн көріп жүргендер де бар.  
Сараптай келе, 18 бен 29 жас аралығындағы жетімдердің  82,6% -ы баспанаға кезекке тұрса,  17,4% - үй кезегіне тіркелмегені мәлім болды. Айта кетейік, бүгінде елордада  тұрғын үй кезегіне тіркелген 2717 жетім баланың 1451-нің жасы он сегізден асқандар, - делінген ведомство мәліметінде. 
Сауалнамадағы қамтылған келесі сұрақ наурыз-сәуір айларындағы еліміздегі төтенше жағдаймен байланысты болды.  
Сол кезде мемлекет тарапынан көрсетілген – 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті респонденттердің 30,2% ғана алған, ал жартысынан көбі, яғни 60,5% әлеуметтік көмекті алмаған. Сонымен қатар, жұмыс орнынан да нақты әлеуметтік көмекті алғандар кездесті.  
Сауалнамаға қатысушылардың аз бөлігі әлеуметтік осал топ ретінде мемлекет тарапынан көмек күтетіндерін жасырмады. Бұл статисткалық ақпараттар сарапшылардың ең маңызды деп тапқан сұрақтар төңірегінде ғана ұсынылған еді. 
Алдағы уақытта сұранысқа орай сарапшылар  жетім балалар арасында зерттеу жұмыстарын әлі де кеңейте  отырып, олардың қызығушылықтары, болашаққа жоспары, қоғамдағы мұқтаждығы және өзге де қажеттіліктеріне  орай ақпараттар статистикасын дайындауға мүдделі.
https://baq.kz/
03 қыркүйек 2020 ж. 1 092 0