Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандықтың «жақсысы» – жағымпаздық

Мамандықтың «жақсысы» – жағымпаздық

Көзді жұмып, құлақты бітеп жүру – журналистер қауымына жат қылық. Біз үшін қоғамдағы көрініс алақандай байқалады. Себебі күнгей мен көлеңкені, ақ пен қараны ажырату осынау төртінші билік өкілдеріне жүктелген. Айтатын жерде айтамыз, жазатын жерде жазамыз. Міне, сол үшін де «Қисық айна» айдарын аштық. «Қисық айна» бетіне түсіп қалмаудан сіз де абай болыңыз.
Көптен кезікпеген екі құрдас араға біраз жыл салып, жолығып қалады. Әдеттегідей амандық-саулық емес, бір-бірін құшақтай сәлемдесіп, нағыз достарша сыр тарқатпақ болады. Орайы келгенде сұхбаттаспақ болған екеудің бірі – Момынбай құрдасы Ұзақбайды үйіне қонақ етіп, дастарқан жаямын деп ертіп келеді.
Ас пісіп, қазан ортаға келемін дегенше, екеуі өткенді сағынышпен еске алып, бала кездің қызықтарын сөз етеді. Арада өткен көп жылдағы өзгерістерді көзбен көріп, жаңалықтарын да жарыса айтып жатты.
Момынбай десе дегендей, мінезі томаға-тұйық, айтар сөзін де қысқа ғана қайырып қоя салатын жан еді. Ал Ұзақбай бала кезгі әдетінше сөйлегенде сөздің түбін түсіріп, жанындағыларды жалықтырмайтын.
Осылайша әңгіме әңгімеге жалғасып, Момынбай досын өз жанұясымен таныстырады. Момынбайды соңғы рет тек отау құрған кезінде ғана көрген Ұзақбай бәйбішесінің де ажарын тек шырамытып қана танитындай еді. Қазірде ұлдары ержетіп, қыздары тұрмыс құрар жасқа жеткен екен. Момынбайдың:
– Мынау өзің білетіндей менің бәйбішем. Аллаға шүкір, ұл-қыз тәрбиелеп, солардың қамы деп жүгіріп жүрміз. Анау – қызым, мынау – кіші балам. Ал мына қос құлыншақ шаршағанымда көңілімді алаң ететін қос немерем, шай әзірлеп, қазанның басында жүрген осы екеуінің анасы, менің келінім, – деп әдетінше аз сөйлеп, таныстырып өтті.
– Е-е-е, Алла бергенінен айырмасын. Қазір біз де ата болып отырмыз. Менің де осындай қара домалақтарым бар. Қалада аталарын сағынып отырған шығар. Ауылға келмегелі де көп болыпты. Сағынып кеттім. Сосын осындағы ағайындарды бір аралап қайтайын деген бетім осы еді. Дәм-тұз тартып сенің шаңырағыңнан шықтым, – дей келе, – үлкен ұлың қайда, жұмыста ма? – деп сұрады.
– Иә, жұмыста, ерте кетеді, кеш келеді. Отбасын асырау оңай болсын ба?! Тамақ дайын болғанша келіп те қалар, – деді.
Ұзақбай да Момынбайдың үзілген сөзін жалғап:
– Жақсы болған екен. Қай салада жұмыс жасайды? – деп сұраулы жүзбен тағы бір қарап қойды.
– Қай саласы несі? Кәдімгі қара жұмыс. Өзімнен асып қайда барсын. Бала кезден жанымда жүріп, көріп-білгені жақсы болды. Артыныптартынып жүріп, оқуға түсірдік. Сол кездерде мұнайшының табысы көп дегенге сол саланы меңгеріп шықты. Бірақ жұмыс табыла қоймады. Қайта басына берген білімінің арқасында оқуын грантпен оқып, қызыл дипломмен аяқтады. Жұмыс табылмаған соң, тағы оқыды. Бірақ әлі сол, қара жұмыстың ізінде келеді, – деп бір терең демалды.
– Екінші алған мамандығы қандай еді? – деді құрдасы.
– Қаржы саласы болатын. Қазір екі диплом қалтада, өзі құрылыста жүр, – деп көңілсіздеу жауап қайтарды. Сонда сөзге де, әзілге де қашаннан бүйрегі бұрып тұратын Ұзақбай:
– Әй, досым-ай, балаң мамандық таңдаудан қателескен екен. Қазір таптырмайтын мамандық – жағымпаздық қой. Соны үйрену керек еді, – деп Момынбайдың көңілін бір көтеріп тастады.
Иә, сөзінің астарында бір мәселе бар. Алайда бұл бүгінгі қоғамдағы боямасыз шындық-тұғын. Оны күнделікті тірлікте сіз де байқап жүрген боларсыз. Бәзбіреулердің жалпақ шешейлігін дөп басып айтпағанымызбен, ішіңіз сезді-ау... Рас па?...
Оңталап ЖОЛДАСОВ
15 қыркүйек 2020 ж. 986 0