Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көптен күткен қуаныш

Көптен күткен қуаныш

Бұған дейін қырдағы ағайынның күнделікті тұрмысында аса маңызды қажеттіліктер ұдайы айтылып келген-ді. Солардың ең маңыздысы жол мен ұялы байланыс желісі еді. Осыдан бірер жыл бұрын жол мәселесіне ден қойылып, бүгінде Жақсықылыш-Тоқабай-Абай бағытындағы бұрынғы автокөлік жолының біраз бөлігі қайта жөндеуден өтіп, ел тақтайдай тегіс жолдың игілігін көріп келеді. Әсіресе тоқабайлықтар үшін жағымды жаңалықтардың легі жалғасып келеді.
Елдегі ағайынның аяқсыз қалған тілегі болса, соның маңыздысы ауылға ұялы байланыс желісін орнату еді. Жақын арада әлеуметтік желіге тараған жағымды жаңалық сол тоқабайлықтардың ұялы байланысқа қол жеткізуі еді. Яғни, осы бағытта ауданға қарасты Жіңішкеқұм ауылдық округі, Тоқабай елді мекеніне үстіміздегі жылдың 22-қыркүйегінен бастап Beeline операторы арқылы байланыс орнатылып, мобильді интернетке (3G) қол жеткізілді.«Қуанышты бөліссе көбейеді» демекші аудан әкімі Мұхтар Оразбаев алыстағы ағайыннан тікелей хабар алысуына мүмкіндік туған Тоқабай ауылына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ақсақалдар атқарылған жұмыстардың нәтижесі үшін аудан әкіміне өз ризашылықтарын жеткізді. Қырдағы ағайынның ұялы байланысқа мұқтаждығы жыл сайын көтерілетін еді. Бүгінде бұл мәселе де шешімін тапты.
Жалпы ауданда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аяқ алысы ширақ. Мәселен, аталған бағдарлама шеңберінде 2020 жылдың соңына дейін аудандағы 15 елді мекенді Kcell, Tele2 және Beeline операторлары арқылы 3G/4G сымсыз технологияларымен және мобильді ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда қалған елді мекендерде мұнара орнатуға қажетті жер телімдерін рәсімдеу бойынша жұмыстар аяқталып, операторлар тарапынан монтаждау жұмыстары басталуда. Жыл соңына дейін бітуі тиіс жоспарлы жұмыстар әлі де жалғаса беретін болады.
«Толқын» ақпарат.
26 қыркүйек 2020 ж. 383 0