Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал өсіріп, табысқа кенелген

Мал өсіріп, табысқа кенелген

Ауыл – берекенің құтты ордасы. Бұрындары қаланың мүмкіндігі көпті қызықтырғаны жасырын емес. Ал қазір ауылдан береке тапқысы келетіндер қатары артқан. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылы халыққа арнаған Жолдауында ауылдың әлеуетін толық пайдалануды, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылық саласын дамытуды ерекше атап көрсеткен болатын. Бұл ретте Арал ауданына қарасты Жетес би ауылының тұрғыны Ербол Жолмырзаев мал басын көбейтіп, өз кәсібін дамытып отырған жандардың бірі.  
Балықшы отбасында өмірге келсе де, Ербол ырыс-несібенің бәрі малда екендігін ерте ұқты. Содан да болар, жастайынан мал бағуға құмартып өсті. Өзге бауырларына ұқсап білім алып, мамандық алуды ойлап жатпаған Ербол орта білімді аяқтаған соң, бірден мал бағу ісіне дендеп кірісті.
– Әкем балықшы еді. Бізді көлден маржан сүзіп, нәпақа тауып, адам етіп өсірді. Бірақ мен балық аулауға аса қызыққаным жоқ. Бала күнімнен үйдегі азын-аулақ малдың бабын жасау маған жүктелді. Өзімнің де көксегенім сол еді. Содан мал шаруашылығына жақын болып өстім. Әкеден туған 8 ағайындымыз. Менен өзгесінің бәрі жоғары оқу орнында оқып, мамандық алды. Қазір мемлекеттік мекемелерде абыройлы жұмыс істеп жатыр. Мен 2013 жылдан бастап кәсіпкер болып тіркелдім. Ірі қара сиыр малын өсіруді қолға алдым. Өзімнің 15 бас сиырым болған. Соған асыл тұқымды қазақтың ақ бас бұқасын сатып алып, мал басын ірілеттім, – деген Ербол шаруашылықты қалай бастағаны туралы айтып берді.
Өткен жылы пайызы жеңілдетілген несиеге қол жеткізген Ербол аға асыл тұқымды сиыр басын молайтады. Бүгінде оның қорасында 30 бас сиыры бар. Бұдан бөлек малдың азығын да өзі дайындайды. Шөп шабуды қосалқы кәсібіне айналдырған ол өзін ғана емес, өзгелерді де мал азығымен қамтамасыз етіп отыр.
– Қазір кәсіп ашам дегенге үкіметтің қолдауы көп. Мен де сол қолдаулардың арқасында өз шаруашылығымды дамытып отырмын. Бұдан бөлек шөп шабу ісіне де дендеп кірістім. Биылдың өзінде 7 мың бау шөп шаптым. Өзімнен артылғанды сұраушыларға қолайлы бағада сатып отырмын, – дейді.
Әрине қазір Ербол ағаның жұмысы ауқымды. Жұмысшы да қажет. Тұрақты жұмысшы болмаса да, ауылдағы жастарды маусымдық жұмысқа алып отыр. Одан бөлек, ұлым да қолғанатым болуға жарап қалды дейді.
– Қазақ халқы "мал баққандікі" деп бекер айтпаса керек. Біреулер үшін бұл оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ шындығында әр істің өзіне жетерлік қиындығы бар. Малдың бабын тауып, шын ниетіңмен қарасаң ғана беркесін береді. Ал олай болмаса, бар ісің кері кетеді. Бұл – менің ғана емес, отбасымның ризық-несібесі. Өзім мамандық алмаған соң, балаларымның нәпақасын осылай тауып отырмын, – дейді ол.
Ербол ағаның алға қойған мақсаттары да көп. Ол осы шаруашылығын одан әрі дамытып, асыл тұқымды сиыр басын молайтуды жоспарлап отыр. Тірліктің көзін тапқан жанның қазіргі тіршілігі көпке үлгі боларлық. Жұбайы Әсем екеуі алты баланы өмірге әкелген үлгілі отбасы.
Н. Бақырадин
26 қыркүйек 2020 ж. 592 0