Ер атандырған еңбек

«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі». Иә, бүгінде әкесі Бақыт Баекеевтің жолын жалғаған Ақбай аға – берекелі күн кешіп отырған қарапайым еңбек адамы. Ақбай елді мекенінде тұратын ағамыз «Ақпан» шаруа қожалығының басшысы. Қазір бақша дақылдарын, мал азығын дайындаумен қатар, мал асылдандыру ісін де қолға алған.
– Шаруашылықтың іргетасын 1998 жылы әкем қалады. Ол өмірден өткен соң, 2004 жылдан бері өзім басшылық жасап келемін. Әкем Бақыт бала кезімнен мені ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырына қанық етіп өсірді. Болашақта өзінің кәсібін жалғап әкететін мұрагері етіп тәрбиеледі. Мектеп бітірген соң да менде басқа таңдау болған жоқ. Әкемнің ісін жалғадым. Өзім әскери борышымды Ауған жеріндегі алапат соғыста өтеп келдім. Оқ пен оттың ортасынан аман оралған соң, ата кәсіпке шындап кірістім,– дейді Ақбай аға.
Бүгінде ағаның бау-бақшасы жайқалып өскен. 327 гектар аумақты құрайтын шаруашылық иелігіндегі жерде қауын, қарбыз, асқабақ, картоп сынды бақша дақылдары мен көкөністерден бөлек, жоңышқа да өсіріледі.

– Біз – далада еңбек етіп, қара жерден нәпақа теріп жүрген қарапайым шаруа адамымыз. Бір кездері әкем де «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, атағы мәлім диқан болды. Ал бүгінгі шаруашылық өркен жайып жатса, ол да еңбектің арқасы. Шалғайдағы ауыл адамын ескеріп, осындай төсбелгімен марапаттап жатқан ел ағаларына алғысым шексіз, – дейді Ақбай аға.
Отбасылық шаруада бауыры Мейрамбек пен ұлы Жұлдызбек қолғабыс жасап жүр. Болашақта олар да ата кәсіптің тұтқасын ұстамақ. Ақбай Бақытұлы алдағы уақытта шаруашылғын жаңа дақыл түрлерімен, жеміс ағаштарымен толтырып, жандандырмақ. Жаз ырысын жерден тауып, берекелі күн кешіп отырған ағамыздың еңбегін ел біледі. Ауылдастары бағалайды.
Н. Маратқызы