Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинағын қалай көбейтуге болады?

Зейнетақы жинағын қалай көбейтуге болады?

Келесі жылдан бастап мыңдаған қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана мен ем-домға жұмсай алады. Одан бөлек сенімгерлік басқаруға беруге құқылы болмақ. Бұл дегеніміз, адам өз бетімен ақшасын құнды қағаздарға салып, инвестициялық табыс табады. Қаржыгерлер сенімгерлік басқару арқылы зейнетақы жинағын қалай көбейтуге болатынын айтып берді, Sputnik Қазақстан.
Қазіргі сенімгерлік басқару тиімсіз
Бүгінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын ұлттық банк басқарады. Былайша айтқанда, халық өз ақшасын мемлекетке сенімгерлік басқаруға беріп отыр. Ал мемлекеттің негізгі міндеті – зейнетақы салымдарын инфляциядан қорғау. Ол үшін менеджерлер халықтың ақшасын сан алуан құнды қағаздарға салып, инвестициялық табыстың есебінен инфляциядан келетін шығындарды жауып отырады. Соның арқасында зейнетақы жинағы құнсызданбайды. Дегенмен, кейбір қаржыгерлер қазіргі басқару жүйесі тиімсіз деп санайды. Себебі инфляция халықтың зейнетақы жинағын «жеп жатыр».
«Бүгінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаның көлемі 12 триллион теңгеден асып отыр. Басым бөлігі облигацияларға, яғни, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған. Соның ішінде ұлттық банктің облигациялары, қаржы министрлігінің құнды қағаздары бар. Сосын ақшаның 12-14 проценті екінші деңгейлі банктерге де құйылды. Негізгі мақсат – қордағы ақшаны көбейту. Алайда қазіргі кезде табыстың көлемі инфляциядан аспай отыр», – дейді қаржыгер Жалғасбек Ақболат.
Маманның айтуынша, бұған дейін еліміздегі инфляцияның деңгейі 6-7 процент болған. Алайда коронавирус пандемиясы экономикалық жағдайды қиындатып жіберді. Соның салдарынан инфляцияның көрсеткіші 10-12 процентке дейін барып қалған. Ондай жағдайда бағалы қағаздарға ақша салу тиімсіз.  
«Қазірге кезде зейнетақы қорындағы ақшаны табысы өте төмен бағалы қағаздарға салып жатыр. Ұлттық банктің облигациялары болсын, мемлекеттік бағалы қағаздар болсын, барлығы дерлік қаржыны өте төмен ставкамен қайтарып отырады», – деп атап өтті Ақболат. 
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры таратқан мәліметке сәйкес, биыл қаңтар-тамыз айларында зейнетақы активтерінің табысы 7,88 процентті құрады.
«Осы уақыт аралығында инфляцияның деңгейі 4,6 процент болды. Ал бір жыдың ішінде, яғни 2019 жылдың тамызы мен 2020 жылдың тамызы аралығында 7 проценттік инфляциямен зейнетақы жинағының табысы 10,1 процентті құрады. Осылайша, нақты кіріс жағынан оң динамика бар», – дейді қор мамандары.
IPO-ға брокерлердің өздері қатысады
Әзірге зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға берудің нақты механизмі жоқ. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың ойынша, келесі жылдан бастап салымдардың бір бөлігін сенімгерлік басқаруға берсе, ол ақшаны бірден тиісті компанияларға аударып отырады.
«Қазір мақұлданған немесе алдағы уақытта мақұлданатын брокерлер болады. Оларға зейнетақы қорынан аударылатын ақшаны басқаруға рұқсат береді. Салымшы БЗЖҚ-ға барады да, ақшамды осындай брокерге аударып беріңіз деп, бірден аудара салады. Әрине, қор мамандары алдымен брокердің кім екенін тексереді. Бірақ бір нәрсе анық, ақшаны қолма-қол бермейді», – дейді Рысмамбетов.
Оның айтуынша, бүгінде отандық брокерлерде қаржыны шетелдік нарықтарға шығару жағынан бірқатар шектеу бар. Сондықтан бағалы қағаздардың таңдауы көп болмайтын тәрізді.  
«Брокерге барғаннан кейін адамға бірнеше бағалы қағазды ұсынатын болса керек. Меніңше, тәуекелі жоғары, орташа және консервативті қағаздар ұсынылады. Адам бір портфельді таңдайды да, ары қарай кәсіби мамандар өздері басқарады. Бәлкім, брокерлердің өздері IPO-ға да қатысады. Негізі жылдың соңына дейін аз уақыт қалды. Сондықтан тездетіп нақты бір жоспарды әзірлеу керек», – дейді Рысмамбетов.
Ақшаны қандай компанияларға салу қажет?
Ulagat Consulting Group компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленовтың айтуынша, сенімгерлік басқаруды қолданатын адамдардың басым бөлігі сыртқы нарықтарды таңдайды. Себебі ол жақта табыс көп.
«Иә, адамдардың басым бөлігі шетелдегі қор нарықтарын таңдайды деп ойлаймн. Сол жақтың құнды қағаздарын алады. Себебі шетелдік нарықтар жақсы дамыған, табысы да көп», – дейді Қайырленов.
Осы орайда зейнетақы жинағын сыртқа шығармау үшін бірқатар шектеу енгізілуі мүмкін деген болжам бар. Қаржыгерлер болса, табыс табу үшін бағалы қағаздарды әртараптандыруға кеңес беріп отыр. Сосын адам өзі таңдаған компанияның жұмысын жақсы білуі керек. Ал, ең бастысы, сол салаға деген қызығушылық танытқан жөн. 
«Мен нақты осы бір бағалы қағаздарға ақша салыңыз деуден аулақпын. Инвестицияның басты заңдылығына сәйкес, бағалы қағаздарды әртараптандыру қажет. Сосын өзіңізді қызықтыратын бағалы қағаздарға ақша салғаныңыз жөн. Мәселен, аграрлық салаға қызығатын болсаңыз, осы саланы зерттеп, тиісті компанияларға қаржы құюға болады», – дейді Жалғасбек Ақболат.
Қаржыгердің айтуынша, пандемия кезінде ақпараттық технологиялар мен фармацевтика саласындағы компаниялардың бағалы қағаздары жақсы өсіп келеді.
https://kyzylorda-news.kz/
29 қыркүйек 2020 ж. 369 0