Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинағы азайып қалса, мемлекет өтеп береді

Зейнетақы жинағы азайып қалса, мемлекет өтеп береді

Салымшылар зейнетке шыққанда олардың жинақтары инфляция салдарынан азайып қалса, мемлекет оны өтеп бередіБірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инвестициялық табыстың азаюына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды sputniknews.kz тілшісі.
Қор басшысы Жанат Құрмановтың айтуынша, бүгінде зейнетқы жинақтары инфляциядан қорғалған. Мәселен, Ұлттық банк ол ақшаны бір жерге инвестиция ретінде құйғанда инфляцияның көрсеткіші ескеріледі.
"Сосын зейнетақы активтері сан алуан қаржы құралдарына салынады, әртүрлі мемлекеттерде, әртүрлі секторларда және әртүрлі валютамен құйылады. Осылайшы, қаржы портфелін әртараптандыру арқылы тұрақты табыс табуға мүмкіндік бар", - деді Құрманов бүгінгі онлайн брифингте.
Осы орайда ол зейнетақы жинақтарының қайда және қандай көлемде құйылғанын да айтып берді. Соның ішінде қаржы министрлігінің құнды қағаздары (37 процент), Ұлттық банктің ноталары (5 процент), квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары (15 процент) және екінші деңгейлі банктердің құнды қағаздары (10 процент) бар.
"Негізі  зейнетақы жинақтары заң бойынша инфляциядан қорғалған. Зейнетақымен қамтамасыз ету заңнамасына сәйкес, мемлекет жинақтардың тұтастығына кепілдік береді. Сондықтан алаңдайтын еш негіз жоқ. Өйткені заңға сәйкес, мемлекет азаматтарға олардың зейнетақы жинақтарының инфляциядан қорғалуына кепілдік береді. Бір сөзбен айтқанда, салымшылар зейнетке шыққанда олардың жинақтары азайып қалса, мемлекет оны өтеп береді", - деп атап көрсетті Құрманов.
Оның сөзіне қарағанда, биыл доллардың бағамы өскеннен кейін шетелдік валютамен салынған зейнетақы активтері өсті. Осының арқасында жылдың аяғына дейін жинақтар инфляциядан қорғалады.

30 сәуір 2020 ж. 596 0