Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары

Коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары

Соңғы ақпарат бойынша, қазіргі таңда коронавирус инфекциясы әлемнің 118 елінде тіркеліп, әлемде  пандемиялық сипат алуда. Коронавирустық инфекциясы жабайы жануарлардан адамға, адамнан  адамға жұғатыны белгілі болып отыр. Яғни науқас адамнан сау адамға жөтелгенде, түшкіргенде немесе осы инфекцияға шалдыққан адаммен қол алысқанда, сонымен қатар науқас адамның жеке заттары мен ыдыстарын қолданған кезде жұғады. Коронавирустық инфекцияның қоздырғышы сыртқы ортада тұрақсыз. Дезинфекциялық, құрамында спирті бар заттарға шыдамайды, қайнатқан кезде 10 минутта өледі .
Инкубациялық кезең (жұқтырған сәттен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін) екі күннен 14 күнге дейінгі аралықты қамтиды, көбінесе 2-7 күн. Аурудың клиникалық белгілері: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, құрғақ жөтел және дененің қалшылдауы, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар ентігеді, қалтырайды, құсу, іш өту. Ауру асқынған жағдайда науқас пневмонияға шалдығуы мүмкін. Сонымен қатар өте ауыр асқынулары  өкпе мен бүйрек  жұмысының әлсіреуіне әкеп соғады.
Емдеу жолдары: қазір жұмбақ вирусты анықтау жолында сынақтар жүргізіліп жатыр. Алайда бұл инфекцияға тосқауыл қоятын вакцина әлі жасалған жоқ. Сондықтан қауіпті дерттің кең тарауына жол бермеу мақсатында коронавирусты жұқтырғандар ауруханаларда оқшауланып, тиісті емдерін алады.
Алдын алу шаралары: алыс және жақын шетелдерге жолсапарға шықпау; респираторлық аурудың белгілері байқалған жағдайда, жөтеліп, түшкіргенде ауыз бен мұрынды беторамалмен жабу немесе медициналық маска киіп жүру, оны 2-3 сағат сайын ауыстыру, қолды сабынмен мұқият жуу, спирт ерітіндісімен немесе дезинфекциялық сулықтармен өңдеу.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалардың белгілерін, яғни дене қызуының көтерілуі (дене қызуын күніне 2 рет мүмкіндігінше өлшеу), тыныс алудың қиындауы, көбінесе құрғақ жөтел, қалтырау,  денедегі қақсау, мұрын шырышты қабатының қабынуы және тағы басқалары пайда болған кезде үйде қалу, өзін-өзі емдеумен айналыспау керек.  Ондай жағдайда міндетті түрде жедел медициналық көмек шақыру қажет. Сондай-ақ жуылмаған қолды көз, мұрын, бетіңізге барынша тигізбеу, тұрғын  үй-жайларды тәулігіне 2 рет желдету, ылғалды жинау кезінде құрамында хлоры бар дезинфекциялау заттарын қолдану қажет.
Мүмкіндігінше, адам көп жиналатын жерлерге бармай, адамдар көп жиналатын жерге барған жағдайда және көшеден қайтқаннан кейін мұрын мен ауыз қуысын (мұрын-жұтқыншақ) әлсіз сода ерітіндісімен шайып, адамдар көп болатын және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде (сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар, діни объектілер, коммуналдық шаруашылық,  тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану, ХҚКО, вокзалдар, әуежайлар, қонақ үйлер, денсаулық сақтау (оның ішінде дәріханалар), білім беру ұйымдарында және т.б.) санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейту керек.
Әрбір рейстен, қоғамдық көлік тоқтағаннан кейін қоғамдық көлікті жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып өңдеуді (күніне кемінде екі рет) қамтамасыз ету керек. Ауырып жүрген адамдарда және олардың заттарына жақындамау, байланысқа түскен жағдайда бетперде кию; қоғамдық орындарда жөтеліп немесе түшкіріп жатқан адамдармен  қарым-қатынас жасамауға тырысу, мүмкін болмаған жағдайда кемінде 1 метр арақашықтықты сақтау; кез келген қоғамдық орыннан келгеннен кейін және тамақ әзірлеудің, тамақтанудың  алдында қолды сабынмен мұқият жуу немесе құрамында спирті бар салфеткалармен сүрту талаптарын орындау шарт.
Көкөністер мен жеміс-жидектерді қолданудан бұрын мұқият жуу; иммундық жүйені жақсы қалыпта ұстау үшін дұрыс тамақтану, көкөніс пен жеміс-жидектен тұратын толыққанды байытылған тамақ көздерін пайдалану; дене шынықтырумен, спортпен айналысу және организмді шынықтыруды басты назарда болуы керек.
Сонымен бірге қоғамдық орындарда 2 метр әлеуметтік арақашықтықты  сақтап, үйлену тойы, туған күн, адамның қайтыс болған күніне құран бағыштау, ас беру және тағы басқа отбасылық іс-шараларды кейінгі уақытқа шегеру, қайтыс болған адамды жерлеу, намазға тұру, қонағасы беру шараларын марқұмның ең жақын туыстарымен ғана атқару керек.
Коронавирустық инфекцияның қауіптілігін ескере отырып, әрбір азамат өзінің және жақынының денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
А.Сатекеева,
Арал аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы
06 қазан 2020 ж. 721 0