Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрша әулие

Нұрша әулие

Қазақ   халқы  қай кезде де өзінің өткен тарихындағы ел билеген хандар мен би-батырларының, халқына бас болып небір қиын-қыстау кезеңдерде жол сілтеген дана да көреген ардақтыларының есімдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәріптеп отырған. Арал, Қазалы өңіріндегі ел-жұрты үшін өмір сүріп, ел есінде қалған осындай  ерен тұлғалардың бірі – Нұрша Қарсақбайұлы.
Тарихымыздың сан қилы даму кезеңдерін ғылыми негізде соны деректермен толықтырып, бір жүйеге түсірген «Алаш» ғылыми терең зерттеу орталығы шығарған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» деген көп томдық зерттеу еңбегінің үшінші кітабында Әлімнің Жақайымынан тараған Көлімбеттің ру басы Нұрша әулие жайлы жазылған мағлұматтарды кездестіреміз. Қазақтың  арқалы  ақыны Шөмішбай Сариев «Нұрша  әулиеге тағзым» атты арнау жырында елі құрмет тұтқан әз бабаның имандылық қасиеттерін жыр жолдарына арқау  етсе, талантты  ақын жерлесіміз  Оңталап  Нұрмаханов: «Рухтан  иман ұранды, тәу етіп талап сұрайын, қасиет  тұтқан Құранды Бабама  бағыш қылайын» деп тебірене жырлайды.
       Осы және басқа да жазба деректерді, шежірелік және ел аузындағы аңыз-әңгімелер сипатындағы мәліметтерді зерделей отырып, Нұрша әулие туралы оқырманға жеткізуді жөн көрдік. Аталмыш негіздерге сүйене отырып, Нұрша Қарсақбайұлының өз заманында ел-жұртына бас болып, сыртқы жаулардан қорғауға, ағайын-туысты еңбек етуге жұмылдырып, тіршілігін түзетуге, ауызбіршілік ынтымағын сақтап, берекелі жұрт болуына бас болған, сөзі өтімді, елге сыйлы адам болғандығын көреміз. Өзінің адамгершілік болмысымен қатар, көріпкелдік, әулилелік қасиеттері де ел есінде қалып, әлі күнге дейін ұмытылмай айтылып келе жатқаны да соның айғағы.
  Нұрша Қарсақбайұлы  1760 жылдар  шамасында дүниеге  келіп,  ХІХ  ғасырдың  І жартысында ғұмыр  кешкен деген болжамға иек артамыз. Олай деуімізге Нұрша бейітінің басына қойылған жартылай құмға көмілген ескі құлпытастағы көне түркі әріптерімен жазылған жазулар  негіз болады.  Құлпытас арнайы Орынборда жасалып, түйемен тасып әкелінген екен деген әңгіме бұрыннан бар еді, оның жасалу тұрқы да өзгеше, көк тасқа өрнектеліп жазылған. Онда Нұрша баласы Барқымбайдың (Баспақ) руын, атын көрсетіп «1860 жылы опат болды» деп жазылған екен. Яғни бұл болжамдар Нұрша әулиенің Сыр өңірінде аттары аңызға айналған Жанқожа, Ақтан, Бекбауыл сынды батырлармен қатарлас өмір сүргенін айғақтайды. Олай болса, бұл кезең – Сыр өңірін мекен еткен Әлім жұртының басына түскен ауыр да қасіретті күндерден елес беретін сияқты. «Сыр өңірінің тарихы» атты еңбекте Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал алқабына Хиуа хандығының шапқыншылығының күшейе түскен, Қоқан хандығының тепкісіне ұшыраған қарақалпақ жұртының да Сыр өңіріне ығысып, бас сауғалаған кезіне сәйкес келеді бұл уақыт. Кейіннен олардың Әбілқайыр ханның қысымымен Сыр жерін тастап, Әмудария жағына қарай көшірілгені белгілі. Ескі әңгімелерде бір замандарда Құмбазарды қарақалпақ ханының тұрақ еткені, қалың ел мекендеген базарлы жер болғандығы жайлы айтылған әңгімелерде негіз бар болуы мүмкін. Ал Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сыр шектілерінің Хиуа, Қоқан хандарының езгісінен құтылу үшін жүргізген соғыстары, онан кейінде Сыр бойына орыс отаршыларының басқыншылық соғыстары жалғасып жатты. Құмбазардан көз көрім жердегі Райым бекінісінің іргесі қаланып, Арал теңізін зерттеу үшін орыс патшасының кеме әкеліп, Қазалы фортын салып, өздерінің жаулаушылық соғыстарын күшейте түскен кезі де көп күттірген жоқ еді. Міне, осы тарихи оқиғалардың барлығы да Нұрша әулиенің өмір сүрген кезеңіне сәйкес келетіні, оның ел басына түскен осы бір аумалы-төкпелі уақыт көшінен сырт қала алмағаны түсінікті жайт. Бізге жеткен ауызша деректерде Нұрша Қарсақбайұлының ел арасындағы бітімгершілікте көп жүріп, қандай дау-дамайларды да келістіріп шешетін сөзі өтімді ел ағасы, ел-жұртын сыртқы жаулардың зорлық-зомбылығына көп ұрындырмай, аман сақтаған қамқоршысы, қарауындағы халқын мал бағуға, балық аулап, бау-бақша егуге жұмылдырып, ауызбіршілікке үндеген ақсақалды басшысы болыпты деген әңгімелері ақиқат ауылынан алыс емес.
     Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Нұршаның үш әйелі болған екен, алдыңғы екеуінен көпке дейін бала болмаған көрінеді. Сөйтіп жүргенде, үйінде бойжеткен қызы бар бір жарлылау отбасы ауылға көшіп келіпті. Үлкен әжеміз ақылды, тауып сөйлейтін адам болған екен, сөз арасында ретін тауып бойжеткенге өздерінің балалы болмай жүргендерін, Нұршаға қосу жайлы ойларын білдірсе керек. Бұл кезде атамыз жолаушылап кетіп, ауылда жоқ екен, оның келуін бүкіл ел болып күтіп отырады. Бірер күннен кейін оның ауылға келе жатқанын көрген әжеміз «Мырза келе жатыр» деп жұрт естісін дегендей, үш рет дауыстап хабар беріпті. Сол кезде жабықтан сығалап қарап тұрған әлгі қыз «Келбеті келіскен адам екен, тисем тиейін» деп өз келісімін береді, артынан құда түсіп, қалың малын беріп, Нұршаға қосыпты дейді. Сол әжеміздің аяғы құтты болып, келер жылы үш әйелі де ұл тауыпты» деп отыратын үлкендер.
    Атамыз дүниеден өткенде, халқы үлкен құрмет жасап, Бекбауыл мен Құмбазардың ортасындағы биік төбеге сүйегін қояды, сол кезден бастап ол жер ел аузында «Нұршаның тауы» деген атқа ие болған екен. Осы атауды қызғанған Кендебай деген бай өзі иеленгісі келіп, басына үй там салады, елді жинап қонағасы беріп «Ендігі жерде тауды менің атыммен атаңдар» деген екен. Сонда құдажолдан келе жатқан жұрт «Қайдан келесіңдер?» дегенде, «Нұршадан келеміз» деп жауап берген екен.
    Шындығында, Нұрша осы өңірдің ең биік төбесі, төңіректегі аймақтың барлығын алақаныңа әкеліп салғандай боласың. Нұрша биігінің алды, жан-жағы ұшы-қиыры көз жеткізгісіз көкорай алап, бейне бір көк теңіздей толқып, жел лебімен бірге тербеледі. Осы бір жасыл желекке бөленген шырайлы алқап Қазалы мен Аралдың құт пен ырысқа толы қазаны іспеттес болған көрінеді заманында.
    Кешегі Кеңес өкіметі орнаған тұста осы елде Ақбөпе атты суырыпсалма ақын әжеміз өмір сүрген екен, өзі атақты Сыр шайыры Қарасақал Ерімбетке жиен, сөз өнері ата-тегінен дарыған. Сол ақын әжеміз туған жеріне арнаған бір толғауында:
 «Көл жағалай отырған Жақайым деген ел еді.
Жаз жайлауым, қыстауым Нұрша деген төбе еді.
Онан былай кеткесін Құмбазар деген жер еді.
Халық азбайды – ағалы, су азбайды – сағалы,
Су түбінде қоға жай, Нұрша атам түбі – малға жай», – деп жырлаған.
    Бұл өңір қандай бір қысталаң кезеңдерде де ел-жұртына құтты қоныс болды. Халықты зобалаңға ұшыратқан ашаршылық нәубеті жылдарында да осы жерді жайлаған ел көп шығынға ұшырамай, берекелі өмір сүрген, қайта қыр беттегі аштыққа ұшыраған, ауа көшкен жұртқа пана болған екен. Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңінде де елді аштыққа ұрындырмай, тайлы-тұяғы қалмай жанқиярлықпен еңбек еткен. Бұл жұмыстардың басында «Нұрша», «Құмбазар» серіктестігінен құрылған «Орджоникидзе» колхозында басқарма төрағасы болған Қуатов Қыстау жүрді» деп еске алады күйеуі соғыста қайтыс болып, өзі тыл ардагері атанған Өтеуова Талшын қария: «Ер-азаматтардың көбі соғысқа кеткен, ауылда қалған өңкей әйел, бала-шаға. Не керек, ауылдағы қырық әйел, 113 баланы жауып, жерді кетпенмен  өңдеп жиырма бес гектар жерге арпа, бидай, тары мен жүгері ектік. Жаз жауынды болды, дария тасып, егінімізді су басып қалу қаупі төнді. Ұзындығы 615, ені 5-6 метр, биіктігі 3 метр болатын бөгет соқты осы бала-шаға. Мұның бәрі айтуға оңай болғанмен, көп қиындықпен біткен ауыр жұмыс болды, сөйтіп осы бөгеттің арқасында маңдай тер, табан етімізбен еккен егінімізді аман алып қалдық. Қазір сол Бекбауыл өзегіндегі жерді халық «Қыстау бөгеті» немесе «Қырық қатын бөгеті» деп атайды. Оның іздері Нұрша төбесінен қол созым жерде әлі де мен мұндалап көрініп жатыр.   
    Қазақта «Кім бай боламын демейді – құдайы қаламайды, кім би боламын демейді – халқы қаламайды, кім батыр боламын демейді – жүрегі дауаламайды» деген аталы сөз бар, сол сияқты әулиелік қасиет те адамға Алла тағаланың ықылас-пейілімен дарыған, халқының да көңіліне ұялайтын айрықша қастерлі қасиет ғой. Нұрша әулиенің көріпкелдік қасиет дарыған бүгінгі ұрпағының бірі – танымал халық емшісі, ҚР Емшілер қауымдастығының құрметті мүшесі атағына ие болып, халық емшілігі саласындағы асқан дарындылығы үшін І халықаралық конгреске қатысып, «Айна Паллада» дипломымен марапатталған Қаншайым Жалғасбай қызы былай дейді: «Менің бойыма Алла тағаланың дарытқан қасиеттерібабам Нұрша әулиеден бастау алып келе жатқанын жас кезімнен-ақ сезгендей болғанмын. Өйткені сол кезден-ақ аурушаң боп өстім, дәрігерлердің емі дарымайтын болды. Қаралған тәуіп-емшілердің бәрі де ойласып қойғандай:  «Арғы бабаларыңда әруақ қонған адам бар» дейтін, ал Сыр өңіріне танымал Балмағамбет тәуіп пен қыр беткейіндегі аты мәлім Елубай молда кітап ашып: «Нұрша бабаң қасиет дарыған ірі әулие ғой, соның жолын ұстауың керек»  деп жол нұсқаған еді. Сол да себепші болған шығар, талай рет түсімде де аян беріп, тылсым дүниеден сыр тартып, баба әруағы қолдап, ауру азабын тартқан талай жандардың дертіне дауа, селкеу сезіміне сәуле себелеп келемін. Ата-әжелеріміз бабамыздың Алланың ақ жолын берік ұстаған, көріпкелдік қасиеті болған деп аңыз ететін, ауылға келе жатқан адамды күні бұрын біліп отырады дейді. Қатарластары: «Осы сені әулие дейді, көрсетші сол қасиетіңді» деп қалжың айтса, солардың баратын жеріне күні бұрын жетіп, алдынан күтіп алатын көрінеді. Наласы түскен адамның ісі оңалмай, нақақ тиісуге қаймығады екен, келешегін болжамаққа алдына келген жандардың жанына жалау болып, жөн-жосығын айтып, қайғы-мұңын бірге бөлісіп отырған. Нұршаның осындай әулиелік қасиеттері шығар, дертіне дауа іздеген жандар, бала көтермей жүрген әйелдер, көтеріліп ауыратын науқастар сол кезден-ақ оның басына түнеп, ауруына медет тауып жатады екен, асыл бабама деген ел есінде ұялаған осы сенімі әлі күнге дейін жалғасып келеді. 1997 жылы баба ұрпағы қадірлі ел ақсақалы атанған Нұрмағамбет Құлпыбайұлының бас болуымен Нұрша әулиеге арнап ас беріп, биік төбе басынан жарқырап көрініп тұратын еңселі кесене салды. 2003 жылы қорым басына зиярат етіп келушілерге арнап жайлы тілеухана соқты. Арал-Қазалы өңіріндегі барша ағайындар ауызбіршілік танытып, Құмбазар ауылынан сәулетті мешіт үйін салып, іске қосты.
    Осындай құт-береке дарыған шұрайлы өңірдің өткені мен бүгінгісі және проблемалары жайлы кәсіптік білім беру саласының ардагері, Қазақстан Республикасының құрметті қызметкері, Арал ауданының құрметті азаматы Әбіл Сейітжаппаров былай деп ағынан жарылып:  «Өткен ғасырдың    60-90 жылдары бұл өңірде «Приарал» кеңшарының ірі қара мал фермасы орын теуіп, жері мыңғырған малға толды. Сыр суынан бастау алатын арық-көлдер суға меймілдеп толып, ел-жұрт балық аулап, бау-бақша егіп, ризығын айырды. «Ескіұра» бетте Арал кәсіптік-техникалық училищесінің қосалқы шаруашылығының орнығып, игілікті істерімен атағы алысқа самғады. Осы алқаптағы бірнеше мыңдаған гектар болатын шабындық жерлері тек Сырдың ғана емес, қырдағы кеңшарларды, тіпті көршілес Қазалы ауданы үшін де шүйгін жем-шөптің берік қорын жасауға жетіп жататын. Кейін келе дарияның суы тартылды, оған нарықтың қыспағы қосылып, жоғарыда айтқанның бәрі көрген түстей болғаны жасырын емес. Құмбазар-Нұрша өңірінің бұрынғы даңқын қайта түлету үшін дариядан келетін каналдарды қалпына келтіріп, көлдер жүйесін суға толтырып, сөйтіп ұшы-қиырсыз шұрайлы  алқапты игеру қажет»  деген еді.
Қасиетті  баба  мекеніне ат басын бұрған әрбір ұрпақтың жүрек түкпірінде  көңіл тебірентер сағыныш сезімі тербейді.
«Армысың, атамекен  Нұрша  тауым,
Білмекке келді  ұрпағың есен-сауын.
Сәлемін ұрпағының қабылдай  гөр,
Қадірлеп, пір тұтады дүйім жұртың.
Өкпелеп, қабақ түйіп,  тұнжырайсың,
Бауырыңнан төрт түлік мал өрмегенге,
Талайға қау несібе ырзық болып,
Көп елге сусын болдың шөлдегенге.
Ұрпағы бабалардың бауырындағы,
Бұл күнде әрқайсысы әрбір жерде.
Асықпа, беткей толар той-думанға,
Қол жетіп, бағыт бұрдың егеменге».
       «Елу   жылда – ел жаңа» дегендей, бабалар мекенінің бүгінгі келбеті көңіл сүйсінтеді. Құмбазарға  жолы  түскен әр жанға ауыл тұрғындары  ықыласты  көңілмен  амандасады. Олар – ауылдың  болашағына үмітпен қарайтын баба ұрпағы.
Үргенішбай Қуат

10 қазан 2020 ж. 884 0