Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арманыма жол ашқан басылым

Арманыма жол ашқан басылым

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басы. Біздің ауыл орталықтан жеті шақырым жердегі төбенің үстінде, төбенің етегі телегей көк теңіз. Әкем балықшы, шешем үй шаруасында. Сол кездегі тәртіп бойынша әрбір балықшы аудандық, облыстық, республикалық мерзімді басылымдарға жазылуға міндетті еді. Оның үстіне әкем коммунист. Үйге «Толқын», «Ленин жолы», «Лениншіл жас» газеттерімен бірге ай сайын «Жұлдыз» және «Қазақстан коммунисі», екі тілде жарық көретін «Агитатор-үгітші» журналдары үздіксіз келіп тұрады. Ауылдағы көзі ашық үлкен-кіші адам біткеннің бәрі күнбе-күн келетін газеттерді жата-жастанып оқиды. Соның бірі – мен. Сірә жазу-сызуға сол әдет әкелген болуы керек деп ойлаймын мені.

Келе-келе үйде ешкім жоқта ақ қағазды шимайлап бірдеңелерді түрте бастадым. Сонан сол шимай-шатпағымды таза оқушы дәптеріне көшіріп, жан-жақтағы газеттерге жөнелтетін болдым. Күнде шимайымды жіберген басылымды қыз күткен бойдақ жігіттей ал келіп тосайын. Келген газеттерді үйдегілерден бұрын асыға шолып, жіберген дүниелерім жоқтығын көргенде, менің бала көңілім пәс тартып қалатын.
Сөйтіп жүргенде хат тасушы Аманкелді жиеніміз ауылдың шетінен айқай салып, біздің үйге асыға жеткені әлі күнгідей есте.
Маған еріп үйден шыққан әжем байғұстың әжім торлаған кәрі көзі жасаурап, қолыма хат тасушы ұстатқан, мекенжайы тасқа басылған хатты көргендегі халін көрсең ғой. Енді болмаса, етегі жасқа толып еңіреп жіберетіндей. Өйткені әжем сонау жиырма жыл бұрын жеңіспен аяқталған қарғыс атқыр соғыстың жесірі еді. Атамыз 1942 жылы Сталинград майданындағы қырғынға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен. Әжем байғұс үйге өстіп хат-хабар келсе бір елеңдеп қалатын. Міне, қайран әжем тағы да үмітін үкілеп, ашылған конверттің ішіндегі бір парақ қағазға қара танымаса да қадалып отыр. Кебін киіп емес, кебенек киіп кеткен атамнан бір хабар бола ма деп жиырма жылдан бері осылайша хат тасушы келсе де, беймезгіл есік сықырласа да елеңдеп келеді.
Ашылған конверт ішіндегі бір парақ қағазға әуестене қараймыз. Жоғары жағында «Қазақстан КП Арал аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитеті органы» деген тасқа басқан ірі жазудың астындағы «Құрметті Т.Абылаев жолдас» деп басталған маған арналған хаттың мазмұны сонан бері елу бес жыл уақыт өтсе де, әлі күнгідей есімде тұр.
Сіздің редакцияға жолдаған екі өлеңіңізді алдық. Кемшілігі көп. Сондықтан пайдалана алмадық. Көп оқып, көп ізденіңіз. Мектеп өмірінен хат-хабарлар жазып тұрыңыз. Сәлеммен, мәдениет бөлімінің меңгерушісі: Ө.Төлепов. 3 октябрь, 1965 жыл».
Бар болғаны осы. Бірақ мені үлкен адамдай санағанына кәдімгідей марқайып қалдым. Келер жылы қызыл шұнақ аязды қыстың бір күні аудан орталығындағы Ворошилов (қазіргі Қарасақал Ерімбет) көшесі №34 бәкене үйге орналасқан «Толқын» газеті редакциясын сұрай-сұрай іздеп таптым. Енді өнеркәсіп-транспорт, мәдениет бөлімдері деген есікті жүрексіне тық-тық қағып тұрмын. Жанымдағы кластас досым Қуаныш (бұл кейін белгілі жазушы болған кәдімгі Қуаныш Жиенбай) «Кетейікші, ешкім есік ашпады» деп қолымнан тартқылайды. Сөйткенше, іштен «кіріңіз» деген сыпайы дауыс шықты. Бөлмеге кірсек, іштегі үш үстелдің үстінде үш адам екен. Төрдегі үстелдің ар жағындағы аққұба өңді, мұрны кавказдықтардай ерекше жас жігіт көзімізбен жер шұқып міңгірлеп тұрған екеумізді жанына шақырып алып: – Қайдан келдіңдер, кімсіңдер?– деді.
Біз жөнімізді айттық. Бөгеннен келгенімізді айттық. Кейін білдім. Әлгі жас жігіт маған хат жазған Өмірбек Төлепов ағамыз екен. Міне, мен алғаш рет «Толқын» газеті редакциясының табалдырығынан осылайша аттаған едім. Содан бері «Аудан айнасы», «Арал шежіресі» атанған тоқсан жылдық тарихы бар газет менің айнымас досым болып келеді. Қайда жүрсем де тауып алып оқуға, туған жердің тынысымен танысуға тырысамын.
Осыдан отыз бес жыл бұрын Қармақшы аудандық газетінен ауылға оралғанда құшақ жая қарсы алған, қамқор болған газет редакторы Сағынжан Ермағанбетовті қайтып қана ұмытамын?! Сол сияқты, кейін біраз жыл қасиетті осы шаңырақтың астында біте қайнасып, бірге қызмет атқарған Өмірбек Төлепов, Кеңес Өмірзақов, Қуанышбай Мұқашев, фототілші Жұмахмет Есенжолов марқұмдардың жарқын бейнелерін, әрқайсысының өздеріне тән кісілік кесек мінездері еске түскенде, еріксіз жылытатын қылықтарын ойдан қалайша шығарасың...
Сондай-ақ бір үйдің баласындай тату-тәтті жиырма жыл уақытымды бірге өткізген газет редакторы Жұмабай Жақыптың орны мен үшін ерекше. Бұл жерде мен редактордың орынбасары Құндыз Дәуітованың, жауапты хатшы Жаңабай Кемалдың, радиохабарын ұйымдастырушы Амангелді Өткелбаевтың еңбеккештігін ерекше атап өткім келеді. Сонымен бірге редакцияның есепшісі қызметінде болған марқұмдар Қатыш Медетбаева, машинистка хатшы Болған Жұбатқанова апайлардың және осы мекемеде жарты өмірін өткізіп, зейнетке шыққан корректор Жанар Барбосынова, есепшілер Зейнеп Рашева, Айжамал Жолдасова, Мариямкүл Құрманова, газеттің сапалы басылуына жауапты баспа саласының саңлақтары, белгілі журналист Оңдасын Бектұрғанов, Жамал Дүйсенбаева, Күлпаш Қалқаева, Әуесхан Әбдірашев, Мұратбек Нағашыбаев, Руслан Смағұлов, Айдар Есенжоловтың, менен бұрынғы ағайынды Еңсеп пен Әнәпия Ізбасқановтардың еңбектері ұшан-теңіз болғанын таралымы бір заманда он екі мыңға жеткен «Толқынның» тарихынан аян. Бұған Күлдәрі Көздібаева, Райкүл Пірманова, Күлзипа Зденова, Күлмараш Ерғазиева есімді қарындастардың қосқан үлесі бір төбе.
Осы басылымға әр жылдары басшылық жасаған, қаламдары жүйрік Еркін Әбіл, Жұматәли Әбдіраман, Шымкентбай Жылмағанбетов сияқты азаматтардың аттарына мені түсіне білгендері үшін газет мерекесі қарсаңында шын жүректен алғыс айтамын.
Газет Мәлік Сәрсенов, Сағынжан Ермағанбетов сияқты білікті редакторлардың тұсында одақтық, республикалық конкурстарда бірнеше рет топ жарып, жүлдегер атанғанын белгілі.
Бұл газетте менен бұрын да талай қаламгерлердің қызмет атқарғанын, төл туындылары жарияланғанын жақсыбілемін. Сондай-ақ «ҚазақтыңОстровскийі» атанған атақты Зейнолла Шүкіровтің «Сайлансын» атты тұңғыш өлеңі 1946 жылы, прозашы Жақсылық Түменбаевтың «Сырлы бесік» хикаясы, ақын Жарасқан Әбдірашевтің «Қыздарға жазған хаттардан» атты топтама өлеңдері 1967 жылы жарық көргенін атап өткім келеді. Сонымен қатар редакцияда өздерінің алғашқы еңбек жолдарын бастаған Шөмішбай Сариев, Амангелді Смағұлов болса, СайлаубайЖұбатыров, ЖақауДәуренбеков, Абдул-Хамид Мархабаев сияқты қаламгерлердің тұңғыш туындылары осы газетте жарық көргенін қазір мен сағынышпен еске аламын.
Мен де, мен сияқты басқалар да бірден ел-жұртқа есіміміз белгілі қаламгер болып, аяғымыз аспаннан салбырап түсе қалған жоқпыз. Біраз жылдар өзіміздіөзіміз қайрап, қамшылап, жазу мехнатын бір кісідей бастан өткердік. Осы жылдар ішінде жазғанымның бәрі алтын болды деуден аулақпын. Ішінде күріші де, күрмегі де болғаны жасырын емес. Бірақ көп ізденсең, көп еңбектенсең, бастаған ісіңнің бағы ашылады дегім келеді бір кездегі өзім сияқты редакцияға өлең жолдайтын талапкерлердің баршасына.
Бәлкім, менің ақын болып қалыптасуыма біріншіден, Зейнолла Шүкіровтің, екіншіден, осы редакцияда қызмет атқарған аяулы ақын ағаларым Елеусіз Кенебаев, Серік Сейітмағанбетовтің септігі тиген болар.
Алғашқы өлеңім «Туған жердің» тұсауын кескен, «Жалғыз кемпір» аттыжырымдыгазет бетіндегі өлеңдерге шолуда жер-көке сыйғызбай мақтаған сол Елеусіз, сол Серік ақындардың рухтары жебеп жүрген шығар мені.
Редакция қабырғасында қызмет атқарып жүрген жылдары мен біраз әдеби жетістіктерге қол жеткіздім. ҚазақстанЖазушылародағыбасқармасыұйымдастырған конкурста Жарасқан Әбдірашев атындағы республикалық әдеби сыйлыққа ие болып, бірнеше жыл қатарынан халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларында жүзден жүйрік шығып, топ жардым. 2015 жылы Астанада өткен Еуразия қаламгерлерінің конференциясына қатысу құрметіне ие болдым. 5-6 жыр жинақтарым жарық көрді.
Бұл – менің өмірлік мақсат-мұратыма айналған өлең өлкесіне қанат қақтырған, аяулы арманыма жол ашқан басылым. Сондықтан газет редакциясын басқарып отырған қазіргі Абай бастаған жас журналистерге талаптарың таудай болсын, армандарыңа қанат бітсін, жалықпай жаза беріңдер демекпін. Тойларың құтты болсын, құрметті «толқындықтарым» менің!
Ел-жұртымның еншілесі «Екпінді»,
Жырға қостың айдай ару, текті ұлды.
Бүгін сенің туған күнің, «Толқыным»,
Көкке атамын қуаныштан кепкімді.
«Екпінді» мен ел айнасы «Соц.Арал»,
Қоғам жүгін кетті арқалап қоса олар.
Әр бетінен әкем бір кез оқыған,
Қайдасың сен, «Қасқақұлан», Қосарал?!
Талай талант тербетілген бесігім,
Тот баспайтын айнам десем несі мін.
Үмітімнің шамын жаққан есігім,
Елге әйгілі басылымым, есімің.
Қаршадайдан таудай талап артқыздың,
Қиялымды көкке қанат қаққыздың.
Жетті, міне, жастық жігер, жалынмен,
Тоқсан жастың төбесіне қарт біздің.
Арпалысып уақытпен, жыл, аймен,
Түлеттің сен сан ұрпақты тың оймен.
Бір ғасырдай найзағайша жарқылдап,
Сен аумайсың сөз саптаған сүлейден.
Буырқантып шабытымның шарасын,
Семсерше кіл сілтеп сөздің сарасын.
Тоқсан жасқа жеткеніңмен сен маған,
Нөмір сайын жасаратын баласың.
Күллі Аралды жырлауменен өтті ісің,
Сен жәдігер жылнамасың, тектісің.
Ел-жұртымның рухани серігі,
Сен жасай бер,
Сен жырлай бер, күллі Аралды боп құсым!
Толыбай Абылаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
13 қазан 2020 ж. 441 0